
Цифрлық технологиялардың дамуымен онлайн рәсімдерге кеңінен жол ашылуы, әсіресе тіршілігі қарбалас қалалық тұрғындар үшін көп жеңілдік беріп отыр. Мәселен, бұрын көлік сатып алу үшін адам банктен бастап бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын. Енді бұдан былай бір жерден көлікті сатып алып, оны онлайн тіркеп, мемлекеттік нөмір алудың мүмкіндігі туды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл – Еуразиялық банк пен Allur автокөлік компаниясы бірігіп іске қосқан Eurasian Drive жобасының арқасында қол жеткізіліп отырған жеңілдік. Бүгін Астанада өткен жиында компания өкілдері журналистерге жаңа жобаның ерекшеліктері мен артықшылықтарын таныстырды. Олардың айтуынша, автосалоннан көлік таңдалған сәттен бастап барлық рәсім орта есеппен бір сағат ішінде бітеді. Бұған дейін онлайн тіркеу тек қолдан көлік сатып алғанда ғана мүмкін болса, жаңа көлік алушылар бастапқы тіркеу үшін құжаттардың қағаз нұсқасын мамандандырылған ХҚО-на өздері тапсыруға тиіс болатын. Мемлекеттік қызметтермен интеграцияланған жобаның арқасында автонесиеге көлік сатып алу уақытын барынша қысқартуға, клиенттің банкпен, дилермен және мемлекеттік өкілдермен өзара іс-қимылын жеңілдетуге мүмкіндік берген алғашқы «тура цифрлық үдеріс» өмірге келіп болып отыр.
«Серіктестерімізбен бірге біз автокөлік сатып алу үдерісін «үшеуі біреуінде» форматына дейін жеңілдеттік: автосалонда көлікті таңдау, несие рәсімдеу және техникалық паспорт алу ешқандай қағазбастылық пен бюрократиясыз онлайн жүзеге асады. Негізі мұның бәрі жарты сағат ішінде бітетін шаруа, бірақ біз артығымен бір сағат деп алып отырмыз. Бұл – нарық көшбасшысы ретінде біз үшін цифрлық қызметтерді дамытудың заңды қадамы және саланың ыңғайлылық, жылдамдық пен қауіпсіздік бойынша жаңа стандарты. Eurasian Drive мемлекеттік талаптардың барлығына сай келеді және толық ашықтықты қамтамасыз етеді», дейді Еуразиялық банктің басқарма төрағасы Ләззат Сатиева.
Автокөлікті рәсімдеу процедурасы бірнеше автоматтандырылған кезеңнен тұрады. Автосалоннан көлік таңдалғаннан кейін, менеджер жүйеге клиенттің деректерін (ЖСН мен телефон нөмірі) енгізеді, сонымен қатар көлік параметрлері мен бастапқы жарна мөлшері көрсетіледі. Қаржыландыру мақұлданған соң, клиент, банк және автосалон арасындағы барлық құжат пен шарттар ЭЦҚ көмегімен онлайн түрде рәсімделеді. Ал бастапқы жарнаны банк картасы арқылы немесе автосалон кассасында төлеуге болады.
Мәміле расталғаннан кейін жүйеде цифрлық құжаттар топтамасы автоматты түрде қалыптасып, көлікті тіркеу үдерісі басталады. Осы кезеңде клиент жүйе арқылы тіркеу нөмірін (VIP нөмірді қоса алғанда) таңдап, мемлекеттік баж салығын төлеп, тұлғасын растайды және ІІМ-ге өтініш береді, сондай-ақ көлікке банк кепілдігін рәсімдейді. Техпаспорт бірден цифрлық құжаттар бөлімінде көрінеді. Мемлекеттік нөмірлер мен құжаттардың түпнұсқасын мамандандырылған ХҚО-нан кезексіз, өзіне ыңғайлы уақытта алуға болады.
«Жаңа автокөліктерді сатып алу кезінде алғашқы онлайн тіркеу қызметінің іске қосылуы – ыңғайлы әрі заманауи клиенттік тәжірибеге жасалған маңызды қадам. Біз бұл жобада толық техникалық интеграцияны қамтамасыз етіп, отандастарымыз үшін алғашқы толыққанды цифрлық автонесиенің бір бөлшегі болғанымызды мақтан тұтамыз. Осы ерекше жобаны жүзеге асыру үшін бізге серіктес болып, технологиялық қолдау көрсеткен Еуразиялық банкке алғыс айтамыз», деп ойымен бөлісті «Allur КТ» АҚ бөлшек сауда бағыты басқарушы директоры Мұхамед Әлімханов.
Компания өкілдері толыққанды цифрлық автонесие Allur автосалондарында қазірдің өзінде қолжетімді екенін айтты.