• 21-11-2025

Оқушылар халықаралық олимпиадалардан мыңнан аса медаль жеңді

Келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздары «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға жіберіледі .

Осылайша дарынды шәкірттер әлемнің озық университеттерінде білім алады. Бүгін Президент жаһандық додаларда топ жарып жүрген оқушыларды Ақордаға жинады. Кездесуде әрдайым қолдайтынын жеткізіп, сый-ақы табыстады.

Білім бәйгесінде бәсіміз жоғары. Биыл отандық оқушылар тарихи жетістік тіркеп, ақылдың аламанында ат оздырды. 30-дан астам халықаралық олимпиадаға қатысып, мыңға жуық медаль жеңді. Оның 200-ден астамы алтын, 300-ден астамы күміс, 500-ге жуығы қола медаль.

Оқушылар мыңнан аса медаль жеңді

Алтын медаль – 200-ден аса

Күміс медаль – 300-ден аса

Қола медаль – 500-ге жуық

Ақылымен әлемді мойындатқан алғыр шәкірттердің бір парасы бүгін Ақордаға жиналды. Президент озық ойлы 24 оқушымен кездесті. Сөз басында Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды жеңістерімен құттықтап, бұл жетістікті жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында осындай биікке шығып жатсыздар. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Шәкіртінің қабілетін ұштап, жеңіс тұғырына шығарған ұстаздар да мемлекеттік марапатқа лайық. Президент мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, ата-аналарға да алғысын айтты. Әрі алғыр жастарды әрдайым қолдайтынын жеткізді. Осы ретте, енді олимпиада жеңімпаздарына Болашақ стипендиясы берілетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдымызда тұрған міндет – осы стипендияға нағыз қабілетті, дарынды балаларды іріктеу. Кездейсоқ адамдарды қосуға болмайды. Сондықтан келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша біз дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсете береміз.

Халықаралық олимпиаданы жеңбек түгілі, оған қатысу да оңай емес. Алдымен, оқушы ұлттық деңгейдегі сайыстарды бағындыру керек. Яғни, мектеп, аудан, қала һәм облыстық кезеңдерден мүдірмей өтіп, республикалық олимпиадаға жолдама алады. Тек соны жеңген соң ғана олимпиадалық құрамға ілігеді. Мұның өзі жаһандық додаға баруға кепілдік бермейді.

Гаждембек Тұрсынов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталық құрылымының директоры:

- Олимпиадалық құрамға енгеннен кейін ғана бұл балалармен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Оқу-жаттығу жиындары Қазақстанда да, шетелде де өткізуге тырысамыз. Себебі шетелге басқа елдердің балалары да кіріседі. Сол жерде бәсекелестігін білу үшні, өзінің деңгейін анықтау үшін үлкен қолғабыс болады. Осы оқу-жаттығу жиындарын жеңгеннен кейін ғана халықаралық деңгейде Қазақстан намысын қорғайтын болады.

Ал біздің оқушылар әлемнің алғырларымен қаншалықты бәсекелесе алады? Негізі халықаралық олимпиадалардың ресми рейтингі жүргізілмейді. Десе де отандық мамандар 110 мемлекеттің көрсеткішін саралап отыр. Оған сенсек, Қазақстан география пәні бойынша әлемде 2-орында тұр. Ал математика мен физика пәндерінен 17 орында. Информатика пәні бойынша 14-орынға жайғасқан.

Отандық оқушылардың көрсеткіші (110 елдің ішінде)

География – 2 орын

Математика – 17 орын

Физика – 17 орын

Информатика – 14 орын

Нұргүл Егенбергенова, Халықаралық ІРНО–2025 физика олимпиадасының қола медаль иегері:

- Физика пәні бойынша Қазақстан ең мықты елдердің бірі. Орталық Азия бойынша ең мықты. Әлі алға қойған мақсаттар бар.

Демек технократ буын өсіп келеді. Президенттің айтуынша, алдағы даму кезеңінің іргетасын инновация мен жоғары технологиялар негізінде қалап жатырмыз. Яғни мұндай мамандарға сұраныс жоғары болады. Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мамандықтарды айта келе, алғашқы атом электр стансасының құрылысы басталғанын тілге тиек етті. АЭС энергетика нысаны ғана емес, ғылыми-техникалық прогрестің жарқын символы болуға тиіс. Осыған орай нысанның атауына қатысты байқау жариялауды ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болады деп санаймын. Осы сайысқа қатысып, шығармашылық қарымдарыңызды көрсетуге шақырамын. Бәлкім, шешім қабылдаған кезде сіздердің де ұсыныстарыңызға сүйенерміз.

Президент озық ойлы оқушыларды марапаттады

Оқушылармен өткен отырыс сертификат табыстау рәсімімен жалғасты. Дарындарға 500 бен 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы берілді. Шетелдік замандастарымен үнемі үзеңгі қағыстырып жүретін олар мұндай демеуге дән риза. Олардың айтуынша, өзге елдер дарындарын бұлай қолдамайды.

Айғаным Балташова, Халықаралық IBO-2025 биология олимпиадасының қола медаль иегері:

- Менің байқағаным бойынша, басқа мемлекеттерде осындай көмек пен қонақжайлық көрсетілмейді. Осы сыйақыны болашақта оқуға жұмсайтын шығармын. Сондықтан да алғысым шексіз.

Биология пәнінен халықаралық олимпиада Филиппинде өтті. Білім бәйгесіне 80-нен астам мемлекеттің дарындары жиналған. Оқушылар биомедицина және микробиология бағыты бойынша 4 практикалық һәм 2 теориялық кезеңде бағын сынады. Нәтижесінде отандық оқушылар жеңіс тұғырына көтерілді. Соның бірі – Батыр Ержанұлы. Ол қанжығасын қола жүлдемен майлады. Бүгінгі кездесуден кейін өзімнің керек екенімді сезіндім дейді ол.

Батыр Ержанұлы, Халықаралық IBO-2025 биология олимпиадасының қола медаль иегері:

- Өзімнің қоғамға керек екенін сезіндім десем болады. Еңбегім, уақытым, дайындыққа кеткен ұйқысыз түндерім босқа кетпеді. Соның жемісін көрдім деуге болады. Мен ғылым жолында жүргім келеді. Нақты айтсам, медицина ғылымына барып, өзімнен мұра қалдырғым келеді.

Ал БАӘ өткен халықаралық химия олимпиадасына 93 мемелекеттен 360 оқушы қатысты. Екі кезеңдік сайысты алғаш рет қатысқан Аңсар күміс жүлдені жеңіп алды.

Аңсар Жақсылық, Халықаралық ІСНО-2025 химия олимпиадасының күміс медаль иегері:

- Негізі керемет сезім болды. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Себебі бірінші рет келіп тұрмын Ақордаға. Күнде Ақордаға келе бермейміз. Бұл маңызды күн, мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта шетелдік университетке түсіп, ғылым, химия саласында оқығым келеді. Біліммен Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді.

Балалар мезіретке мәз-мейрам. Көздерінде от, жүректерінде түк бар. Ең бастысы, Отан үшін аянбай еңбек етуге әзір. Президенттің де жастардан сұрағаны — елге адалдық.