• 03-09-2025

Көмір қымбаттай ма?

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі энергетика бағытындағы көмір құнын мемлекет тарапынан реттеуді ұсынды, деп хабарлайды 24kz.

Себебі, негізгі өндірушілер кейінгі жылдары отын бағасын шамадан тыс арттырып келген. Тіпті компания жұмысына тергеп-тексеру жүргізілді. Ал алдағы жылыту маусымы қарсаңында көмір қымбаттай ма?

***

ҚТЖ көмірді тасымалдау тарифін өсіруі мүмкін

Елде теміржол арқылы көмір тасымалдау тарифі шамамен 5 есе өсуі мүмкін. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Үкіметке хат жолдап, алаңдаушылығын жеткізді. Онда отандық теміржол компаниялары 2026-2030 жылдарға тасымал ақысын арттыратыны көрсетілген. Ұлттық оператор тариф құрудың жаңа әдістемесін әзірлеп жатыр. Оған сай көмір тарифі келесі жылы 3,5 есе, 2030 жылға қарай 4,8 есе өсуі керек. Астық, түсті металл, химия өнімдері, темір, сұйытылған газ тасымалы үшін де еселенген тариф көрсетілген. Осылайша, «Қазақстан темір жолы» тарифті жүк түрлері бойынша саралаудан бас тартпақ. Ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасы: «Бұған жол бермеу керек», - дейді. Олар жыл сайынғы өсімді инфляция көлеміне қарай шектеуді ұсынады.

***

Тарифтің өсуі нарыққа қалай әсер етеді?

Теміржол тарифінің өсуі көмір өндірісіне де әсер етіп жатыр. Энергетика министрлігі бұған дейін 100 млн тонна көмірді тиеу үшін өндірушілер 70 млн теңгесін сарп еткенін айтады. Уақыт өте келе, бұл сома 200 млн теңгеге жетті. Өндірушілер қатты отынды ЖЭО-на жеткізу үшін қомақты несие алуға мәжбүр. Яғни, тасымал шығыны оларға тиімсіз болып барады. Жалпы көмір бағасына тасымалдау ара қашықтығы, теміржол тарифтері, өзге де қызметтер кіреді. Елді мекенде тұйықтардың бар-жоғы, сондай-ақ көмірдің түрі мен сапасы да бағаға әсер етеді. Алыпсатарлардың да үлесі бар. Дегенмен, елде бағаны негізсіз өсірген жеткізушілерге жаза қарастырылған.

Жанат Игісінов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы:

- Жобалап айтқанда, егер 10 мың теңгенің 17%-і арендаға кетеді, сосын теміржолдың тарифтеріне кетеді. ол да қосылады. Сосын барып, тұйыққа келгеннен кейін, тұйықтағы қызмет көрсететін адамдар бар, олардың техникасы бар соған байланысты ол көтеріліп отырады.

***

Көмір халыққа уақытылы жеткізіледі

Энергетика министрі көмір өндіруші кәсіпорындар мен «Қазақстан темір жолының» аймақтарға қажетті отынды жеткізуге әзір екенін мәлімдеді. Елде жыл басынан бері 62 млн тоннаға жуық көмір өндірілді. Оның 2 млн-нан астамы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа, 37 млн тоннадан астамы энергетика кешендеріне, 1,6 млн тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға, қалғаны экспортқа жөнелтілді. Мамандар жылыту маусымында 7,7 млн тонна қатты отын қажет болатынын айтады. Әзірге жылдық жоспардың 29%-і жеткізілді. Ал энергия көздерінің қоймаларында 4,5 млн тонна көмір бар, бұл 9%-ке көп. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов: «Әкімдерді отын қорын ұлғайтуға міндеттеу керек», - деді.

Ерлан Ақкенженов, ҚР энергетика министрі:

- Өткізу орындарындағы көмірдің жалпы қоры 434 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар барлық әкімдіктер қорларды қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілмейтінін атап өткім келеді. Дегенмен, қазір өңірлердің көмірді алдын ала дайындауы бойынша белсенді кезең жүріп жатыр.

***

Көмір бағасы реттелуі мүмкін

Нарықтағы көмірдің 70%-тен астамын «Богатырь көмір» ЖШС-і өндіреді. Кейінгі 5 жылда олар қатты отын құнын бірнеше рет негізсіз өсірген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл сайынғы өсім 5%-тен 21%-ке дейін жеткенін хабарлады. Бұл өз кезегінде энергия өндіруші ұйымдар шығындарының 60%-ін қамтыды. Мамандар көмір бағасының өсуі азық-түлік тауарлары мен коммуналдық қызметтердің өзіндік құнына мультипликативті әсер ететінін айтады. Мемлекет энергетикалық көмір бағасын реттемейді. «Соның салдарынан нарық күрт құбылады», - дейді мамандар. Сол себепті бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі энергетикалық көмірге бағаны мемлекеттік реттеуді енгізуді ұсынды. Құжат Парламент қарауына жөнелтілді. Алайда, көмір қауымдастықтары бағаны реттеуге қарсылық танытып жатыр. Елде энергия қуатын 5 гигаваттқа дейін арттыру жоспары бар. Оның 15-16 млн тоннасын «Богатырь көмір» жабуы керек. Демек, өндірісті жаңғырту маңызды. «Бағаны реттеу салаға инвестиция тартуға кедергі келтіруі мүмкін», - дейді сарапшылар.

***

Көмір бағасы реттелуі мүмкі

Алдағы жылыту маусымы қарсаңында қатты отын қымбаттамайды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Ол министрліктің жергілікті атқарушы билікпен тиісті жұмыс жүргізетінін айтты. Әлбетте, қатты отынның қандай көлікпен тасымалданатыны маңызды. Құзырлы орган тасымалдаушылармен де келісім жасауға ниетті.