• 21-11-2025

Оралда Конституция күніне арналған салтанатты шара өтті

Еліміздің басты мерекелерінің бірі — Конституция күні Орал өңірінде де түрлі мазмұнды шаралармен айшықталды.

Бүгін «Атамекен» өнер ордасына жиналған өңір жұртшылығын облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, Ата Заңымыздың азаматтық қоғамның дамуында алар орнына тоқталды. Еселі еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мерекелік медальдармен марапатталды.

Конституция — ел азаматтарының еркіндігі мен құқығына, сот пен заң алдындағы теңдігіне кепілдік береді. Ата Заңның арқасында саяси тұрақтылық сақталып, қоғамдық келісім нығайып келеді. «Отыз жылдық тарихы бар Ата Заңымыз – халқымыздың айқын таңдауының жемісі, бірлігіміздің берік діңгегі, әділетті қоғам құру жолындағы басты құжаты», — дейді Атамекен өнер ордасына жиналған жұртшылықты құттықтаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Бүгін біз Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан қастерлі құндылықтарымызды бағалай отырып, келер ұрпаққа мызғымас мемлекет, кемел ел қалдыруға міндеттіміз. «Бақ пен тақ таласқанға емес, ынтымағы жарасқанға келеді» демекші, ауызбіршіліктің арқасында әрқайсымыз заңға құрметпен қарап, ортақ Отанымыздың дамуына үлес қоссақ, еліміз одан әрі гүлдене береді. Баршаңызды Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейтойымен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақ-береке, әр отбасына амандық тілеймін!

Салтанатты шарада еселі еңбегімен ел дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер «ҚР Конституциясына 30 жыл!» мерекелік медалімен марапатталды.

Бақытжан Исхожин, еңбек ардагері:

- Конституция азаматтардың теңдігіне кепіл болатын басты заң. Еліміздің даму бағдарын айқындайды, болашаққа бағыттайды. Барша қазақстандықтарға өркендеу тілеймін, еліміз аман болсын!

Салтанатты шара соңында облыс өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов, 24KZ