• 21-11-2025

ШЫҰ даму банкін құру туралы шешім қабылданды

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының даму банкін құру туралы шешім қабылданды. Бұл бірлестік аясындағы инвестицияны жүйелеп, экономиканы өркендетуге мүмкіндік береді. Құжатқа Тяньцзиньде өткен отырыста қол қойылды. Кеңеске Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Қазақстанда Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Ал Қытай тарапы халықаралық ай станциясы жобасына қатысуға шақырады. Саясаткерлер жаһандық тұрақтылық мәселесіне де айрықша назар аударды.

Қытай гуманоидтық робот индустриясында әлемдегі жетекші елдердің бірі. ШЫҰ саммитінде қонақтарды саладағы жетістіктерімен таныстырды. Мысалы, мына робот қатысушылардың көңілін көтереді. Ақылды машинаны қызықтап ғана қоймай, оны пайдаға жаратуға да болады. Нейрожеліге қосылған СЯОХЭ саммит туралы кез келген ақпаратты тауып беруге әзір. Керек десеңіз, робот балмұздақ беріп, тәтті ұсынады. Биыл жиынның тақырыбы орнықты дамуға арналады. Ал өркениетті жоғары технологияларсыз елестету қиын. Демек бұл жерде де үйлесімділік бар.

Жиынды тұтас жаһан кірпік қақпай бақылап отыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан аса журналист келген. Баспасөз орталығында ақпарат аламаны қызса, көршілес ғимаратта саяси қарбалас қайнады. Әдетте, мұндай отырыстағы ресми рәсімдер әліпби ретімен жүреді. Бірақ, кейде бұл ереже қонақтардың беделіне қарай өзгеруі мүмкін. Қытайдағы жиында Президент маңызды мейман ретінде қатысушылардың ортасынан табылды.

Ордалы отырыс та көп ұзамай басталды. Алдымен алаң иесі Си Цзиньпин сөз алды. «Қазір жаһан жайсыз. Қақтығыс пен соқтығыс көп. Осы ретте, ұйым өкілдері әлемдік тәртіпті қорғауы тиіс», — деді Қытай Төрағасы. Бірақ БҰҰ-ның орталық рөлі сақталу керегін де естен шығармады. Бұл саясатты Қазақстан қолдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан ШЫҰ-ның теңгерімді көпполярлі әлемдік тәртіп орнату, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау және егеменді даму құқығын мойындау, сондай-ақ әділ халықаралық сауда мен өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық секілді басты мақсаттарын толық қолдайды. Ұйымның басым міндеттері жаңа технологиялық дәуірде халықтарымыздың әл-ауқатын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуді көздейді.

Қауіпсіздік соғыстың алдын алумен шектелмейді. Президент үш зұлымдықты атап, бірлесе күресуге шақырды. Олар терроризм, сепаратизм және діни экстремизм. Айтпақшы, Қазақстан бірлестікті былтыр басқарғаны баршаға аян. Сол жылы дәл осы қауіпсіздік жайы жақсарды дейді қытайлық сарапшылар.

Чэнь Юйжун, Қытайдағы ШЫҰ Зерттеулер орталығының бірінші бас хатшысы:

- Өткен жылы Қазақстан төрағалықты абыроймен атқарып шықты. Қауіпсіздік пен цифрлық салада нақты қадамдар жасалып, көлік дәліздері мен қаржы ынтымақтастығы алға басты. Бұл Қытайдағы саммитке жақсы негіз болып отыр. Енді жасыл энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект саласында жаңа жобаларға көшуге болады.

ШЫҰ Даму банкі құрылады

Құрылған сәттен ұйымға мүше мемлекеттердің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда былтыр 650 млрд доллардан асты. Ал Қазақстанмен тауар айналымы 70 млрд долларға жуықтаған. Қаржы қомақты, десе де экономикалық әлеует әлі де мол. Осы ретте мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын.

Банк инвестицияларды біріздендірсе, кеңес бір орталыққа шоғырланады. Сарапшылардың айтуынша, бұл ұсыныстан ұтарымыз көп. Алдымен, алыс-берісті ұлғайту мүмкіндігі туады. Экономист Бауыржан Ысқақов нарықты бағындыру үшін импорттың орнын экспортпен толтыру керек дейді.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

- Соңғы бес жылдың өзінде ШЫҰ арасындағы сауда көлемі 56 пайызға артқан екен. Бұл өте жақсы көрсеткіш негізінен. ШЫҰ арқылы біз басқа мемлекетке жол ашып отырмыз. Сонымен қатар кәсіпорындардың дамуына мүмкіндік береді, халықаралық дәрежеге көтеріледі.

Қ. Тоқаев: «Трансалтай диалогына» үміт артамыз

Экономиканың өзегі — көлік-транзит. Мысалы, «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы 150-ден астам елдің қолдауына ие болды. Нәтижесінде ортақ табыс 1,5 трлн долларға жетуі мүмкін. Қазақстан да құр қол емес. Елімізден Шығыс пен Батыс арасын жалғап отыр. Бірақ тоқмейілсуге болмайды. Осы ретте Президент «ТрансАлтай диалогы» деп аталатын жаңа бастамаға қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «ТрансАлтай диалогы» бастамасының жүзеге асырылуына үлкен үміт артамыз. Аталған жобаға Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия елдері қосылып, Еуразиядағы «Алтай» аймағының жер көлемі, халық саны, экономикалық қуаты секілді бірегей әлеуетін тиімді пайдалана алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдер жасанды интеллект бойынша әлемде көш бастай алатынын мәлімдеді. 2033 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 5 трлн долларға жетіп, әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін ұлғаяды. Демек бұл табыстың жаңа көзіне айналуы мүмкін.

ЖИ бойынша жаһандық ұйым құрылуы мүмкін

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Басқа стратегиялық бағыттарға қарағанда аталған саланың дамуы өте жылдам. Жасанды интеллектіні қарқынды дамытуда ШЫҰ әлемде көш бастай алады деп есептеймін. Сондықтан Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық бойынша жаһандық ұйым құру туралы ұсынысын толық қолдаймыз. Мұндай өте маңызды іске қомақты үлес қосуға дайынбыз.

Президент Қазақстанда Су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Жиын қорытындысы бойынша 20 құжатқа қол қойылды. Келісімдерді үш бағытқа бөлуге болады. Алғашқысы, онжылдыққа арналған даму стратегиясы. Бұл құжат арқылы келешек бағдарланды. Екіншісі — даму банкінің құрылуы мен экономикалық өсімге ашылған мүмкіндік. Бұл тұрғыда лидерлер — Дүниежүзілік сауда ұйымын қолдау жөнінде құжатқа қол қойғанын да айта кету керек.

Шэнь Шивэй, сарапшы:

- Отырыс өте нәтижелі аяқталды. Менің ойымша, басқосудағы Қазақстанның алатын орны ерекше. Географиялық жағынан сіздер Еуразияның ортасында орналасқансыздар. Мен Шығыс пен Батысты байланыстыратын көлік дер едім. Бүгінгі келісімдердің басым бөлігі Астанадағы отырыста қабылданған шешімдердің жалғасы болып отыр. Қазақстан қазір технологиялық трансформациядан өтіп жатыр және аймақта жетекші рөл атқарып отыр.

Жаһандық басқару бастамасы ұсынылды

Таңертең өткен кеңесте ұйымға мүше елдер маңызды мәселелерді өзара талқылап, тиісті құжаттарға қол қойып алды. Енді кезек форматына келді. Бұл жиынның ерекшелігі — бірлестікке серіктес елдердің де басшылары қатыса алады. Мына тұрған «Мэйцзян» конференц-орталығында 20-дан аса елдің лидері отыр. Жарты әлемнің тағдыры осы жерде талқыланып жатыр деуге болады. Мұндай ауқымды басқосу ШЫҰ тарихында бұрын соңды болмаған.

Бұл құрам кешеден бері тұтас жаһанның назарында. Үндістанның премьер-министрі де Тяньцзиньге келді. Мұнда жеті жылдан бері алғаш рет табан тіреп отыр. Оған қоса, жақында ғана қақтығысқан Пәкістан басшысымен бір үстел басында отыруға келісті. Иран Президенті мен Ресей басшысының да мәлімдемелері көпті елеңдетті. НАТО құрамындағы Түркияның да бұл алаңнан табылуы сирек құбылыс.

Әлемнің ала-құла күйін алысқа бармай-ақ, осы отырыстың басты кейіпкерлеріне қарап айтуға болады. Сол үшін Қытай Төрағасы жаһандық басқару бастамасын ұсынды. Басқа елдерді қақтығыстан бас тарту қағидатын ұстануға және үшінші тарапқа қарсы бағытталмауға шақырды.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

- Мен жаһандық басқару бастамасын ұсынып, барлық елдермен бірге анағұрлым әділ әрі тең құқылы жүйе құруға және адамзаттың ортақ тағдыры бар қауымдастығын қалыптастыруға жұмыс істегім келеді. Ұйымға мүше мемлекеттер халықаралық әділеттілікті қорғап, көпполярлы әлемнің қалыптасуына ықпал етуі тиіс.

Қ. Тоқаев: БҰҰ қауіпсіздік кеңесін реформалайтын уақыт келді

Бұл ұсыныс көптің қолдауын тапты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйым әлемді қорғап, қақтығыстарды шешуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек деді. Сөзін жалғай келе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажет екенін тағы бір мәрте мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- БҰҰ-ны, ең алдымен, оның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын уақыт келді. Бұл міндетті орындаудың қиын екенін жақсы түсінеміз. Алайда басқа жол жоқ. Егер бүгінгі басшылар бұл істі атқарудан бас тартса, мемлекеттер БҰҰ-ға сенімін біржолата жоғалтуы мүмкін.

Бұл сөзге Антонио Гуттериш келісетін сыңайлы. Келіспеске амал жоқ. Президенттің көптен бері көтеріп жүрген бастамасын көпшілік қолдап отыр. Тұрақсыздық тезінен жапа шеккен елдің бірі — Үндістан. Сол үшін Нарендра Моди де мемлекет басшысының мәлімдемесін қуаттады.

Нарендра Моди, Үндістан премьер-министрі:

- Біз бірауыздан БҰҰ-ны реформалауға шақырамыз. Бұл ұмтылысты бұрыңғы ескірген шеңберге сыйдыру – келер буынға жасалған қастандық. Біз ұрпағымыздың түрлі-түсті арманын ескі қара-ақ экраннан көрсете алмаймыз. Экранды ауыстыруға тура келеді.

ШЫҰ форматы былтыр Астанадан бастау алған еді. Міне, Қытайда жалғасып тауып отыр. Осының арқасында ұйымға деген қызығушылықтың жоғары екеніне куә болдық. Бірлестік — өміршең ғана емес, әлемдік саясаттағы негізгі алаңның біріне айналуға әлеуетті. Айтпақшы, төрағалық бауырлас Қырғыз Республикасына өтті.

Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Бақытбек Нұртаев, 24kz