• 10-09-2025

Криптоақша айналымға мықтап енді

Нарықтан өз орнын тапты. Ел цифрлық ақшаға тез бейімделіп, қазір тіпті тиын-тебен мен қағаз ақшаның түсін ұмыта бастады.

Криптовалютаның да түр түрі бар. Қолға ұстамайтын, көзге көрінбейтін бұл төлем түрі арқылы үй де, көлік те, тіпті бір стақан кофе де сатып алуыңызға болады. Ең бастысы саусақ қимылдатпай ақ табыс табуға да мүмкіндік бар.

Бүгінде қаржы саласының қазанында қайнаған басты цифрлық ақша – криптовалюта. Бірі оны алтынның баламасы десе, енді бірі: «Болашағы бұлыңғыр», — дейді. Қалай дегенмен цифрлық ақша айналымға еніп үлгерді. Бірақ пікір әралуан.

Қазіргі таңда криптовалютаны 580 миллионға жуық адам қолданады. Бұл тұтас Еуропа халқының санымен шамалас. Қолданушы елдердің көшін Үндістан мен Қытай бастап тұр. Үндістанда 93 миллион адам пайдаланса, Қытайда 59 миллион азамат криптовалютаға көшкен. АҚШ, Вьетнам мен Пәкістанда да цифрлық валюта танымал. Криптовалютаның түрлері де сан алуан. Бастысы инвестиция ретінде табыс әкеледі. Тіпті халықаралық ақша аударымдарын жасағанда, бұл қаржаттан ешкім салық ала алмайды.

Сарапшылар цифрлық валютаның тәуекелі мен қауіптері жайлы айтады. Бірақ әзірге бұл салада шығын көрдім деген пенде жоқ. Тіпті жақында The Wall Street Journal басылымының берген мәліметі бойынша, АҚШ Президенті Дональд Трамптың отбасы бір күнде криптовалюта арқылы 5 млрд доллар табыс тапқан. Бұған дейін ол АҚШ-ты әлемдік криптовалюта астанасына айналдырғысы келетінін де мәлімдеген. Сөйтіп, цифрлық ақшаға біреулер күмәнмен қараса, біреулер ұтымды сәтте байлығын еселеп жатыр.

Эрик Трамп, American Bitcoin компаниясының акционері:

- Біз қазір криптовалютаның нәрестелік кезеңіндеміз. Бүгінде әлемдегі қаржылық төңкерістің куәсі болып отырмыз. Дәстүрлі жүйе өзгеретіні анық. Ол жылдам қарқынмен дамып жатыр. Әртүрлі платформалар шығып жатыр әрі жаңа құн сақтау тетіктері қалыптасып келеді.

Сарапшылар: «Әлемдегі инфляция мен жұмыссыздық криптонарық үшін «жасыл шам» іспетті», — дейді. Сондықтан алдағы уақытта цифрлық активтер қаржы жүйесінің бір бөлігіне айналады деп болжайды.