• 21-11-2025

Республика күні қарсаңында бірқатар сала қызметкерлері марапатталды

Республика күні қарсаңында еліміздің дамуына үлес қосқан мәдениет және ақпарат саласындағы 158 азамат мемлекеттік наградаларға ие болды.

Марапатталғандардың қатарында Хабар Агенттігінің ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар бар. Тікелей репортаждың тарланы, «Хабар аға» атанып кеткен белгілі журналист бүгін «Құрмет» орденіне ие болды. Бұдан бөлек Хабар Агенттігінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Арыстанбек Кенже мен Хабар телеарнасы ақпараттық-сараптамалық қызметінің бас редакторы Ақбөпе Бәкірова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист:

- Осындай күндерде марапат беріледі деп жатыр, оған қуанып жатырмыз. Кешегі күндерде ізіміз қалған, үніміз қалған бізді ардагер деп сыйлап, құрметтеп жатқанына мен дән риза боп келіп отырмын бүгін.

Арыстанбек Кенже, «Хабар» Агенттігі» АҚ Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі:

- Елдің, Үкіметтің назарын халықтың қарапайым проблемаларын шешуге атсалысып келе жатырмыз. Енді бүгін мерейтой қарсаңында осындай марапатқа ұсынып жатыр екен. Бұл тек менің емес, менің жетекшілік ететін Атыраудағы тілшілер қосынының жетістігі.

Ақбөпе Бәкірова, «Хабар» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық қызметінің бас редакторы:

- Республика күніне орай біріліп жатқан марапаттар Хабардың 30 жылдығымен де сәйкес келуі біз үшін ерекше нышан деп түсінеміз. Өмірдегінің ең маңыздысы – өзіңе қуаныш беретін кәсіпті табу. Сол кәсіптен ләззат алып жұмыс істесең, сол кезде өміріңнің мәнін түсінесің.