• 11-12-2025

Жыл сайын жарты миллион азамат жұмыс берушілердің қаржысы есебінен оқиды

Еліміздегі барлық сала цифрланып келе жатқан қазіргі жағдайда мамандарды қайта даярлау ерекше маңызды болып отыр. Әсіресе, жұмыс берушілер жұмыскерлерінің біліктілігін арттыру үшін бұл үдеріске белсенді атсалыса бастады, өйткені олар білікті кадрларды қажет етеді, деп жазады Egemen.kz.


Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша өткен жылы қайта даярланған немесе біліктілігін арттырған қызметкерлер саны 577,9 мың адамды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 2%-ға аз.

Аймақтық көрсеткіштерге сүйенсек, қайта даярлау курстарынан өткен азаматтардың көпшілігі өнеркәсіп дамыған өңірлерде тұрады. Өткен жылы жұмыс беруші есебінен қайта даярланған мамандардың ең көп саны Павлодар облысында тіркелді – 84,1 мың адам. Одан кейінгі орында Маңғыстау (77,6 мың) және Қарағанды (64,5 мың) облыстары тұр. Ал ең төменгі көрсеткіштер экономикасы әлсіз аймақтар – Жетісу, Жамбыл және Алматы облыстарында байқалды.

Қай саланың басшылары өз қызметкерлерін жиі оқытады?

Өткен жылы қайта даярлау немесе біліктілікті арттыру курстарынан өткен әр бес қызметкердің үшеуі өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеген. Өнеркәсіп саласындағы мұндай қызметкерлердің жалпы саны 379,1 мың адамды құрады. Олардың жартысына жуығы – 176,5 мың адам – мұнай өндіруші компанияларда, кен орындары мен басқа да тау-кен кәсіпорындарында жұмыс істеген. Ал 148 мыңнан астам қызметкер қайта даярлау мүмкіндігін өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында алған.

Өткен жылы логистика саласында да біліктілікті арттыру белсенді жүрді (60 мың адам), бұл салаға цифрландыру айтарлықтай әсер етті. Ал медицина саласында қызметкерлерді оқытудағы жоғары көрсеткіштердің артында мемлекет тұр. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің кәсіби өсуі мен біліктілігін арттыруын қолдайды. Өткен жылы жұмыс беруші есебінен қосымша оқу 46,4 мың дәрігер мен әлеуметтік қызметкерлерге берілді. Ал қызмет көрсету, өнер және жылжымайтын мүлік салаларында біліктілігін арттыратын қызметкерлер саны аз болған.

Басшылар маманды қайта даярлауға қанша қаражат жұмсайды? Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, өткен жылы кәсіпорындардың есебінен оқу орындары көрсеткен қызметтердің көлемі 166,3 млрд теңгені құрады. Оның төрттен бірі, яғни, 46,4 млрд теңге – жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдарға кеткен.

2025 жылдың үш тоқсанында кәсіпорындар білім беру қызметтері үшін 100,6 млрд теңге төлеген. Оның 14,1 млрд теңгесі тек жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін ұйымдарға кеткен. Қалғанының басым бөлігі, яғни, 55,6 млрд теңге – әртүрлі білім беру ұйымдарында оқытуға жұмсалған.