• 29-04-2026

Семей қаласының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев қала кәсіпкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Семей қаласының әкімдігі.

Жиынға қала прокуроры Дәулет Кенжебеков, полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, төтенше жағдайлар басқармасы, сондай-ақ Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Кездесу барысында салық мөлшерлемесінің төмендеуі, кәсіпкерлік нысандар орналасқан аумақтардың тазалығы, абаттандыру және күтіп-ұстау, жаңа жылдық безендіру мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасымен және қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен 2026 жылға арналған жеңілдетілген декларация негізіндегі салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға төмендетілген еді. Басқосу кезінде қала әкімі кәсіпкерлерге қала дамуына қосып отырған үлестері үшін алғысын білдірді.

Фото: Семей қаласының әкімдігі

"Ең алдымен, әрқайсыңызға белсенді жұмыстарыңыз, бастамаларыңыз және қаламыздың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Экономиканың өркендеуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен тұрғындардың өмір сүру сапасының артуы – сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Қала аумағын абаттандыру қағидаларына сәйкес, өз кәсіпорындарыңыздың айналасындағы тазалықты қамтамасыз етуді сұраймын", – деді Әділет Қожанбаев.

Сонымен қатар жаңажылдық мерекелер қарсаңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ мерекелік безендірулер 16 желтоқсаннан кейін орнатылатыны айтылды.

Брифинг
Фото: Семей қаласының әкімдігі

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз