• 29-04-2025

Үржарда үш күнде рекордтық деңгейдегі қар жауған

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Абай облысындағы Үржар ауданында жауған қар еліміз бойынша рекордтық көрсеткішке жеткен. Екі-үш күнде түскен ақ ұлпаның қалыңдығы кей жерде 1,5 метр. Енді елдімекендерді су баса ма, деп ел-жұрт алаң. Қар астында қалған ауылдарға тілшіміз Ержан Жақып арнайы барып, жағдайды көзбен көріп қайтты.

Ержан Жақып, тілші:

Мынау таулы аймақта орналасқан Қазымбет ауылының орталық көшесі. Елдімекен қарға көміліп жатыр. Бір жылдық мөлшері бір күнде жауып тастаған. Енді күрт ерісе тасқын бола ма деп тұрғындар алаңдап отыр.

Қазымбет ауылынында тұратын Тілеубек ақсақал 25 жылдан бері көктемде осынша қардың түскенін алғаш көруім дейді. Қазір үй мен қора-қопсының арасына ғана жол салып алған. Қалың қарды күрегенмен шығаратын да жер жоқ.

Тілеубек Қабиев Қазымбет ауылының тұрғыны:

Үймен бірдей болды. 25 жыл болды бірінші рет көріп тұрмын қардың осылай жауғанын. Көктем айында. Тасқын болмасын деп отырмыз.

150 түтіні бар ауылда үйлердің төбесі ғана көрінеді. Малды түгел қорада жайлап отыр. Енді көктемде түскен ақ ұлпа күрт ерімесе екен дейді тұрғындар.

Нұрмұхамет Ақтанбердинов, Қазымбет ауылының тұрғыны:

Қиын жағдай болды. Жарық ол болған жоқ. Күн жылыса мен ойлаймын су тасқыны болады. Осынша қар қайда кетеді.

Үржар ауданында үш күнде үдете жауған қардың кесірінен электр желілері үзіліп, 13 елдімекен жарықсыз қалған. Қазір қалпына келтірілді. 35 елдімекенмен қатынас үзілген. Жергілікті әкімшілік қолдағы техниканы түгел жұмылдырып, ашты. Енді аудан тұрғындары жаппай сенбілікке шығып қар тазалып жатыр.

Ақылбек Башимбаев Үржар ауданының әкімі:

Таулы аймақтарда 1,5 метрге дейін жауды. Жазық жерлерде 70 сантиметрге дейін қар түсті. Қардың қалыңдығын ескерсек, қауіп одан сайын күшейеді. Бірақ көктемгі дайындық жұмыстарын біз атқарғанбыз. Біздің инерттік материалдарымыз дайын. Қосымша техникаларымыз да дайын.

Синоптиктер жақын күндері күрт жылынады деп болжап отыр. Сондықтан елдімекендер ерте қамданып қасат қарды тазалап үлгеруі тиіс. Мамандар ауданда 4 ауылда тасқын болу қаупі бар деп отыр.

Ержан Жақып