• 13-03-2025

Әлемде жасанды ұрықтандыру арқылы дүниеге келген балалардың саны артқан

Бұл әдіс арқылы кейінгі 40 жыл ішінде миллионнан астам нәресте өмір есігін ашқан, деп хабарлайды 24kz.

Жалпы ЭКО әдісі арқылы сәтті нәтижелерге жеткен елдердің ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Израиль көш бастап тұр.

Ал кейбір әлем елдері халық санын арттыру мақсатында жасанды ұрықтандыруға қолдау көрсетіп келеді.

Жасанды ұрықтандыру жолымен ең алғашқы сәби 1978 жылы Англияда өмірге келді. Луиза Браун атты нәрестені дүниеге физиолог, биолог Роберт Эдвард алып келді. Ғалым әйелге осы жетістік үшін 2010 жылы көзі тірісінде Нобель сыйлығы берілді. Себебі оның тапқан ЭКО әдісі арқылы 32 жыл ішінде бірнеше миллион адам сәби сүйеді. Әрі барлығының денсаулығы осындай жолмен ұрпақ жалғастыруға еш кедергі жоқтығын көрсетті. Ал 2023 жылы дәл осы елде үш адамның ДНҚ-сы бар бала дүниеге келді. Бұл әлемдік медицина үшін үлкен жаңалық болды. Жаңа әдісті бірінші болып Англияның солтүстігіндегі «Ньюкасл» клиникасының дәрігерлері сынап көрді. Нәтижесі сәтті болып, Ұлыбритания парламенті үш адамның ДНҚ үлгілерін пайдалану арқылы жасанды ұрықтандыру жүргізуге заң жүзінде рұқсат берді.

Оңтүстік Кореяда жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінетіндер қатары екі есе артты

Қолдан ұрықтандыру әдісімен дүниеге келген балалар саны Оңтүстік Кореяда да жыл санап артып келеді. Статистикаға сүйенсек, кейінгі 10 жылда сәби сүю үшін осындай қадамға барғандардың қарасы 2 есе өскен. Халық санының азаюына алаңдаған Үкімет бала сүйе алмай жүрген жұптар үшін экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасының құнын өтейді. Жалпы әлем бойынша Оңтүстік Кореяда бала туу көрсеткіші өте төмен. 2012 жылы 485 мың сәби дүниеге келсе, 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 есе азайған. Сондықтан қоғамда тұрмысқа шықпаған әйелдердің де ана болу құқығы бар екені жиі айтылып жүр. Өйткені бұл елде некесіз бала босануды ұятқа балайды.

Жасанды ұрықтандыру Израиль медицинасында кеңінен қолданылады

Таяу Шығыстағы шағын мемлекет бұл салада жетекші орынға ие. Себебі елде демографиялық саясатқа ерекше мән берілген. Бедеулік мәселесімен күресу үшін Израиль медицинасы түрлі амалдарды іздейді. Израильде қолдан ұрықтандыру ісі бір емхана жүйесі бойынша жұмыс істейді. Барлық маман бір орталыққа шоғырланған. Бұл жұмыс барысын мұқият бақылауға мүмкіндік береді. Салада озық технологиялар кеңінен қолданылады. Мысалы, эмбриоскоп құралымен жасанды интеллекті пайдалана отырып, ең сапалы ұрық таңдалады.

Авторы: Фариза Жанғанаева