Қазақстан 2028-2029 жылы жоғары табысты елдердің қатарына қосылуы мүмкін
Қазақстан 2028-2029 жылы жоғары табысты елдердің қатарына енуі мүмкін. Еуразиялық даму банкінің сарапшылары ...
Қазақстанда қант диабетімен ауратындар саны жыл сайын артып келеді.
2030 жылға қарай елде 900 мыңдай адам осы дертке шалдығуы мүмкін деген болжам бар. Дәрігерлер қан диабетімен сырқаттанушылықтың артуына алаңдап отыр. Бұл өз кезегінде ұлт денсаулығына қауіп төндірумен қатар ел бюджетіне де теріс әсерін тигізеді дейді мамандар. Оның алдын алу жолдары бар ма? Қант диабетінен қалай сақтануға болады? Тілші материалынан білейік.
Салтанат Мағзұм үш жылдан бері қант диабетімен ауырады. Сырқаты жайлы қаралып жүргенде кездейсоқ білген. Содан бері тұрақты түрде дәрігердің бақылауында. Дәрі-дәрмекті де үзбей алып тұрады. Бірақ қанша емделсе де, "бұл дерт көңіл-күй мен күнделікті жұмысқа кері әсері бар" дейді кейіпкеріміз.
Салтанат Мағзұм, Астана тұрғыны:
- Пандемия кезінде ковидпен ауырдым. Соның кесірі шығар деп ойлаймын. Сол ковидпен ауырғаннан кейін бір жыл өтер өтпес осы қант ауруына ұшырадым. Екі айда бір рет дәрігерге келіп қаралып, өзінің арнайы тапсыратын анализдері бар қан арқылы. Соны тапсырамын. Сол арқылы дәрігер маған дәрінің мөлшерін кейде азайтып кейде көбейтіп отырады.
Қант диабеті сырт көзге бірден білінбейді. Бірақ ауру ағзаға тарап, өмір сапасын өзгертеді. Мәселен, Салтанат Мағзұм соңғы үш жылда көру қабілеті нашарлап, қан қысымы көтерілетінін айтады. Сондай-ақ мұндай диагноз кезінде адам тез шаршап, ашушаң келеді.
Салтанат Мағзұм, Астана тұрғыны:
- Бұл аурудың емі жоқ деді маған дәрігерлер. Тек қана өзіңізді осы дәрі ішу арқылы ұстап жүруіңіз керек деді. Тәтті нәрсе жемеуге тырысамын. Қантты шайға салмауға тырысамын. Кашаларды мүлдем қантсыз жейміз, майсыз жеуге тырысамын. 9-столды ұстанамын. Диеталық стол.
Елордадағы екінші емханада мыңнан астам адам диабетпен есепте тұр. Бастапқы кезеңде олардың әрқайсысына қызмет көрсетуге мемлекет ай сайын 10 мың теңге бөледі. Ал ауруы асқынған науқастарды қолдауға 150 мыңға дейін жұмсалады. "Өкінішке қарай, емделушілер саны көбейіп келеді",- дейді дәрігерлер.
Жаңагүл Бекбергенова, Астана қаласының № 2 қалалық емханасының эндокринолог-дәрігері:
- Қазіргі уақытта қант диабеті ауруы көбейіп жатыр. Біздің емханада үш пайыздай науқастар бар, қант диабетімен екінші тип. Бірақ бізде скрининг өткізіледі. Былтыр бізде где-то 50 науқаста ғана белгілі қант диабеті екені. Ал скринингтен басқа 150 науқас өзі келіп, қант диабеті пайда болғанын біз таптық.
Қазақстанда ресми түрде жарты миллионнан астам адам қант диабетімен есепте тұр. Бірақ шын мәнінде олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Ақхалаттылар күніне 100-ден астам, ал жылына 36 мың адамды осындай диагнозбен тіркеуге қояды. Мамандардың айтуынша, қант диабетіне шалдыққандардың дені 45 жастан асқан, тұқым қуалайтын аурулары бар әйелдер. Бірақ мұндай статистикаға ерлердің медициналық көмекке көп жүгінбеуі де ықпал етеді. Айта кету керек, қазір қант диабеті балалар арасында да тарап кетті.
Елена Ушанская, диетолог:
- Жасыратыны жоқ, аналар балаларды кішкентай кезінен тәтті тағамдарға үйрете бастайды. Қажет болмаса да, олар айранға қант қосып береді, ботқа, сусындарға және басқа да тағамдардың көбіне қант қосады. Салдарынан қазіргі жасөспірімдерде көмірсуларға тәуелділік бар.
Қант диабеті емі жоқ сырқат. Ал дәрі-дәрмектер оның симптомдарын жеңілдетіп, салдарымен күреседі дейді мамандар. Қазақстанда бұл бағытта әлемде қолданылатын барлық препарат бар. Сырқатты ерте анықтау үшін тегін скринингтер жүргізіледі. Есепте тұрғандарға тегін дәрілер беріледі.
Жанай Ақанов, "Қант диабетін зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғам" ҚҚ президенті:
- 2020 жылы біз Қазақстан үшін қант диабетінің салдарын зерттегенде, ол жылына 1 миллиард долларлық шығын әкелетінін анықтадық. Бұл тікелей және жанама бюджет шығындары. Шын мәнінде бұл көрсеткіш біздің бюджетіміз үшін өте қомақты қаражат. Сол кезде қант диабетімен 300 мың науқас ауыратын. Қазір екі есе көп, сәйкесінше шығындар да артты. Қант диабеті — емі жағынан қымбат ауру, бүгінде ол жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологияға қарағанда шығыны көп сырқатқа жатады.
Жанай Ақановтың айтуынша, елге аурудың алдын алу және диагностика әдістерін жақсартумен айналысатын ғылыми орталықтар мен зерттеу институттары қажет. Бірақ қазақстандықтар да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Егер артық салмақ болса,жаттығулар жасап, белсенділікті арттырып, тамақ рационын қайта қараған абзал. Күнделікті ішетін астың жартысы көкөніс пен жеміс-жидек, төрттен бір бөлігі ақуыз, қалғанын көмірсулармен толтыруға кеңес береді. Диетологтар дұрыс тамақтану қант диабетінің алдын алуға көмектеседі деген пікірде.
Ғазиза Мұхамеджанова, Айсұлу Махмұтова