IV Ұлттық құрылтай. Көшпелі студия қонағы – депутат Еділ Жаңбыршин
Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз! ...
0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз !
Бурабайда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті. Құрылтай мүшелері көтерген мәселелер мен айтқан ұсыныстар пысықталды. Әрі алдағы кезеңде атқарылатын іс-шаралар жоспарына енгізілді.
Ұлттық құндылық, елдік мүдде қаузалатын алаңда бүгін қарбалас. Сан түрлі саланың өкілдері еліміздің әр аймағынан жиналып жатыр. Құрылтай мүшелері алдымен өткенді екшеп, болашаққа бағдар жасады.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Ұлттық құрылтай ашық диалог алаңына айналудың, қоғамдық пікірлерді алға жылжытудың негізгі тірегіне, сонымен қатар, облыс орталықтары ғана емес, алыс өңірлерден келген мәдениетке, ғылымға, шаруадан болсын, еңбек адамының көзқарасының тоғысқаны, нақты стратегиялық тұжырымдар алаңы деп білемін.
Бұған дейін Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42, Түркістанда — 106 ұсыныс түскен. Атырауда өткен басқосуда 149 бастама көтеріліп, 9 заң қабылданды. Оның ішінде әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі, вейп саудасына тыйым салу, вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат бар. Бурабай төрінде қаузалған мәселелер мен бастамалар да аяқсыз қалмайды дейді белсенділер.
Бүгін 4 бағыт, 4 тақырып бойынша шағын отырыс өтті. Мәдениет пен руханият, азаматтық қоғам, білім және ғылым, әлеуметтік экономикалық даму мәселелері талқыланды. Сарапшылардан салмақты ой түсті. IV Ұлттық Құрылтай хатшысы Аида Балаева өзі модераторлық еткен секция жұмысында 120-дан аса бастама көтерілгенін айтады.
Аида Балаева, IV Ұлттық құрылтай хатшысы:
Көтеріліп жатқан мәселелердің бірі ұлттық құндылығымызды дәріптеу, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондықтан қоғамдық тәртіп мәселелері қарастырылып жатыр. Оның ішінде бала тәрбиесі, кітап саласының дамуы, өнер саласының дамуы.
Еділ Жаңбыршин мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жөнінде ұсыныс айтты.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Өздеріңіз білесіздер, мәжіліске келген кейбір әріптестеріміз, министрліктегі. Мемлекеттік тілге мемлекеттік тілде жауап бере алмайды. Мемлекеттік қызметші болса да. Сондықтан бірінші мемлекеттік қызметте тест тапсырады ғой. Бірақ, балл есепке алынбайды. Соның нәтижесін есепке алынатын етуіміз керек.
Ал технологияның қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен, қауіп қатері де жоқ емес. Жасанды интеллектің ықпалы күн санап артып келеді. Бұл мәселе де құрылтай мүшелерінің назарынан тыс қалмады.
Мереке Құлкенов, ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағысы, Ұлттық құрылтай мүшесі:Сол жасанды интеллект біздің мәдениетке қалай келеді? Қандай форматта келеді? Біздің мәдениетіміз осыдан зиян көріп қалмай ма? деген ойлар айтылуы керек деп ойлаймын.
Қоғам пікірін жан жақты қамтып, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Ұлттық құрылтайдың құрамы жылда жаңарып отырады. Қатарға енді қосылғандардың бірі Раиса Сайран Қадыр. Ұлттық мүдде жолында әріптестік орнатып, тың идеяларымен бөлісуге дайын.
Раиса Сайран Қадыр, баспагер, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Олардың идеяларын тыңдау ең бірінші маңызды жұмыс болып тұр. Өзімнің идеяларым бар. Креативті индустрия, мәдениет саласы, әдебиет саласы, сонымен қатар, Қазақстанның әлемдегі күшін арттыру.
Ал заңгер Айман Омарова абақтыдағы әйелдерге рақымшылық жасау туралы ұсынысын бүгін де ортаға салды. Жүкті әйелдер мен көпбалалы аналар, алғаш сотталғандар мен жасы 60 тан асқандарға амнистия жасалуы тиіс деп есептейді.
Айман Омарова, заңгер, Ұлттық құрылтай мүшесі:
Бюджеттен соншама ақша бөлінеді. Олар отыр. Жайғаштыда 100 адам артық отыр. Егер қазіргі таңда амнистия жасасақ та ол дұрыс деп санаймын.
Инклюзивті қоғам құру мәселесі де өзекті.
Осылайша, белсенділер негізгі басқосу алдында бірқатар мәселені пысықтап алды. Ертең Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтеді. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады.
Айя Мүтәлі