• 14-03-2025

Наурызнама онкүндігінде 1500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр

Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі дәстүрге сай бүгін Көрісу күнінен басталды, деп хабарлайды 24kz.

Осыған байланысты әз-Наурызды атап өтуге дайындық қазірден бастап қарқынды жүріп жатыр. «Биыл Жыл басы ерекше аталып өтпек», - дейді ұйымдастырушылар. Халықтың дәстүрін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған мың жарымнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бір жасыңызбен! Амал мерекесі құтты болсын! Бүгінгі мереке күні осылай әріптестерімізбен құшақ жая амандасуды әдетке айналдырдық. Иә, Маңғыстауда Амал мерекесі деп аталса, Атырау мен Ақтөбеде және Оралда көбіне Көрісу айты немесе Көрісу күні дейді. Қалай атаса да, мерейі үстем бұл мейрамның мән-мағынасы ортақ әрі тереңде жатыр. Ең бастысы, бүгінде бүкіл ел болып тойлаймыз.

Айтулы күн әр адам баласын бір-біріне мейіріммен, кешіріммен және қайырыммен қарауға үндейді. Байырғы халық бұл күні қыстан аман шыққанына қуанған. Мәз-мейрам болған. Үйлерді аралап: «мал-жан аман ба?» деп хал-жағдай сұрасқан. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – Наурызнама онкүндігі енгізіліп, еліміздің барлық облысында атап өтілетін жалпыға бірдей мереке мәртебесіне ие болды.

Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Наурызға бір апта қалған кезде әртүрлі жаңағы Көрісу күні, басқа да 7 күніміз бар. Осының барлығын біртіндеп дәріптеп келе жатыр. Біз өзіміз ұлықтап келе жатырмыз. Қазақтың, жалпы түркі әлемінің мейрамы деп есептеймін. Өзім тарихшы ретінде осы туралы оқығанмын. Сонда ойлайтынмын, біз қашан Наурызды лайықты түрде тойлаймыз деп.

«Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни, еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы. Оны сақтау – бізге ата-бабадан қалған мұра. Жұртшылық бүгінгі дата туралы біле ме?

Блиц 1:

- Көрісу күнін білесіз бе?

- Жоқ, білмеймін.

Блиц 2:

- Бұрыннан білесіз бе, әлде жақында ғана естідіңіз бе?

- Бұрыннан бала кезімізден бар. Таңертең тұрып, көрші үйлерге барып, кемінде үш үймен көрісу дейтін бар.

- Өзіңіз қай жақтың тумасы боласыз?

-Атырау.

- Атырауда қалай айтады? Амал мерекесі дей ме? Әлде Көрісу күні?

- Көрісу.

Блиц 3:

- Көрісу күні туралы білесіз бе?

- Әрине. Бұл Наурыздың бастауы. Көбіне еліміздің батысында тойланады. Бірақ қазір бүкіл еліміз бойынша тойлану дәстүрі еніп жатыр. Көріскенде «Бір жасыңызбен» деп көрісіп жатады. Көбінесе жастар үлкендерге көрісіп барып жатады. Осы игі дәстүр жалғасын таба берсін.

Былтыр Наурызнама шеңберінде елде 800-ден астам іс-шара, оның ішінде көрмелер, фестивальдер, әдеби-музыкалық кештер, қайырымдылық науқандар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Ал биыл тұңғыш рет бейнелеу өнерінің мамандары мен қылқалам шеберлерінің арасында байқау өткізіледі. Қазіргі таңда 150-ге жуық суретшінің еңбегі қабылданды. Нәтижесі 21 наурызда белгілі болады.

Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитетінің басқармасы басшысы:

- Көрісу күні аясында ең басты ірі қалаларындағы мәдени ұйымдарында Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық музей мен орталық мемлекеттік музейдің қабырғасында қазір үлкен ауқымды құндылықтар тақырыбына арналған халықаралық форум өтейін деп жатыр. Бұл форумның аясында түркітілдес мемлекеттердің өкілдері үлкен ғалымдар бас қосады. Бұл іс-шараның мақсатының өзі Наурыз мерекесінің түркі дүниесіне ортақ екендігін көрсететін дүниелерді ғылыми тұрғыда дәлелдеп, соны ұрпаққа паш ету болып табылады.

Наурызнама онкүндігі ішінде Астанада «Қамажай» флешмобы, Ақтөбеде «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» атты мерекелік шеру, Ақмола облысында қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен «Наурыз – Арбат» жобасы, Көкшетауда мыңнан астам әйел қатысатын «Кимешектер шеруі» өтеді. Тағы Маңғыстау өңірінде 5 мың адам бір мезетте ұлттық киіммен көшеге шығып, Гиннесс рекордтар кітабына енуді көздеп отыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Мұрат Әріпханов, Артур Горшняков