• 14-03-2025

"Ислам – тазалықтың діні": Тоқаев Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді, деп хабарлайды Ақорда.

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған жандарға арналған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.

"Қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз. Ең алдымен, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Сондай-ақ бүгін баршаңызды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтаймын! Халқымыз үшін қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз. Осындай берекелі сәтте Көкше жерінде арнайы бас қостық. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткіздік. Мазмұнды әрі мағыналы жиын болды. Көптеген салмақты ұсыныс айтылды. Қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілді", — деді ол.

Тоқаев берген ауызашар жиыны
Тоқаев берген ауызашар жиыны. Фото: Aqorda

Сонымен бірге Тоқаев ұлттық болмысты сақтаудың маңызына тоқталып, жастарды жаңашылдыққа ұмтылуға шақырды.

"Рамазан айы – "Айлардың сұлтаны". Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуымыз керек. Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан, бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын!

Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздық діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді. Жұртымыз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Әсіресе, жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Олар жасампаздық жолымен жүруі қажет. Аға буын өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруы керек. Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылғаны абзал. Сонда біз үйренетін әрі үйрететін ұлт боламыз. Қастерлі дініміз де, қазыналы дәстүріміз де осы қасиеттерді дәріптейді", — деді президент.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру қажет екенін айтты.

"Ислам – тазалықтың діні. Өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымы қоғамда терең орнығуы керек. Былтырдан бері елімізде "Таза Қазақстан" акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. "Таза Қазақстан" жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде Таза Қазақстанның тағы бір сипаты азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан-дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді", — деді мемлекет басшысы.