• 15-03-2025

Баланы имандылыққа кім баулиды?

Рамазан айы туғалы тілектес, ниет­­тес ағайын ауызашарға ша­қырады. Кезекті дастарқан ауда­н орталығындағы мешіттің асханасында жайылған. Ауызашарға жиналған жұрттың дені егде адамдар.

Жастар да бар. Бірақ сол жастар егде адамдардан да мосқал кө­рінеді. Қауға сақалды. Ал төртінші, бесінші сынып оқушылары шамасындағы жеткіншектер тіптен көп. Төрт дастарқан толы. Мұндай көрініске көз үйренбегендіктен алғашқыда таңырқай қарағанбыз. Мән-жайды сұрау ыңғайсыз көрінген. Қапелімде көрші отырған, жергі­лікті жұрттың жайын жақсы білетін ақсақал құтқарды.

– Осы балалар мешітке үйір. Тіпті жұма намазына сабақтан сұранып шығады екен, – дейді ақсақал, – менің де осылар шамалас немерем бар. Әне біреуі немереммен бірге оқиды. Осы бала немеремді «мешітке кел­сейші» деп шақыратын көрінеді. Солай сабақтасып, қарасы көбейе түседі де. Енді өзіңіз ойлап қараңызшы, осы балаларға қазір білім алған дұрыс емес пе? ІТ-технологияны меңгеріп, әлемнің дамыған еліндегі алғыр жастар сияқты мықты мамандық меңгерсе ше? Қоғам өсіп, жетіліп, көсегеміз көгермей ме? Ал жастардың жүрегінде иманы болса, ешкімнің ала жібін аттамаса, адал жүріп-тұрса болды емес пе?

Ақсақалдың әңгімесі мамыражай отыр­ған ағайын арасына қозғау салды. Бірінен соң бірі осы тақырыпты қаузап, пікірлерін білдіріп жатыр.

– Бұларды қойшы, – деді тағы бір ақсақал, – анау отырған тепсе темір үзе­тін жас жігіттер уақытының көбін осы ме­шіттің ішінде өткізеді. Әрине, жаратқанға құл­шылық етпе, намаз оқыма демейміз, ол әркімнің өз шаруа­сы, бірақ бесігімізді түзеу үшін әркім тырбанып еңбек етулері керек емес пе?

Дәм қайырардың алдында бастапқы лепес қайта тұтанған.

– Таяуда әлеуметтік желіден тыңдадым, оқушы балаларға ораза ұстауға бола ма деген тақырыпты таратып айтып жатыр екен. Білім саласы басшыларының айтуларына қарағанда, денсаулығына кінәрат келмесе, қарсылық жоқ екен. Дені сау болсын делік, ал жан саулығы ше?

Көптің көкірегінде жүрген алуан түрлі күрделі ойдың көлеңкесі бізді де тұмшалай бастады. Шынында да, баланы имандылыққа кім баулиды?

КӨКШЕТАУ