
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде «Жаһандық студенттік көшбасшылық: дамуы, әсері, әрекеті» атты студент көшбасшылардың халықаралық форумы өтті.
Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің (METU университеті) ректоры, Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Гүлнар Сәрсенбекова форумға студенттік өзін-өзі басқару институттарының көшбасшысы болған, бүгінде жетістікке жеткен жас мамандар, ғалымдар, бизнес өкілдері шақырылғанын жеткізді. Ректордың айтуынша, студенттік көшбасшылық болашаққа ұмтылысты білдіреді. Ал халықаралық кеңістікте сұранысқа ие кәсіби маман болу үшін білімді жетілдірумен қатар рухани құндылықтарды игеру, экологиялық тұрақтылық, «жасыл экономика», жасанды интеллект сияқты басымдыққа ие салаларды игеру қажет. Биыл университеттің белсенді студенттері ұсынысымен «Өзін-өзі басқару жылы» жарияланды. Осы бағытта еңбек адамдарын қолдау және студенттер бастамасына демеу көрсететін жобалар басталған.
Қазіргі таңда аталған оқу орнында Мысыр, Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресей, Марокко, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты 10-нан астам елдің студенттері білім алады. Жылдан-жылға халықаралық ықпалдастық нығайып, білім алмасу жобаларына басымдық беріліп отыр.
Форумға Оңтүстік Калифорния Лос-Анджелес университетінен республикалық «Жас ұлан» балалар және жасөспірімдер ұйымының алғашқы жетекшісі, PhD Назира Бөлтірікова қатысып, көшбасшылық тәжірибесімен бөлісті. «Студент кезімде ертеңгі күн бүгіннен басталатынына мән бермеппін. Оқуымды бітіріп алайын, жұмысқа тұрайын деп көшбасшылықты кейінге қалдыра беретін едім. Қандай ортада жүрсеңіз де, сол ортаны жақсартуға тырысу маңызды екенін кейін түсіндім. Біздің студент кезімізде де өзін-өзі басқару ұйымы болды. Көптеген талқылау нәтижесіз қалатын сияқты көрінетін. Бірақ уақыт өте келе түсінгенім, дәл осы ұйым болашағымызға үлкен әсер етті. Біз университеттің шешіміне ықпал етуді үйрендік. Мәселен, көптеген студенттің әлеуметтік мәселелеріне жаңашылдық әкелдік. Үлкен жетістік осылайша қарапайым әдеттерден басталады», деді ол. Оның айтуынша, озық технологияны игере отырып, өз ортаңды жағымды өзгерістерге бастауда батылдық қажет.
Адам капиталы тақырыбын зерттеп жүрген жас ғалым, PhD Алия Қарақожаева жұмыс өнімділігі, жаһандық бәсекеге қабілетті түлек атрибуттарына тоқталып, өз тәжірибесін айтты. Оның пікірінше, кәсіби жетістіктер іргетасы университетте, өзін-өзі басқару ұйымында қалыптасқан. Ал бәсекеге қабілеттілік тіл табысуға бейім, жаңаша ойлаумен тығыз байланысты.
Сонымен бірге жиында студент Мэти-Корли Исаак Опар (Гана мемлекеті), Глазго университеті «Адам Смит» бизнес мектебінің оқытушысы, PhD Бақыт Төлегенов, Ресей биотехнология университетінің профессоры Татьяна Данильчук, Алматы облысы Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғман, Алматы қаласы Жастар саясаты бөлімінің бастығы Дидар Ділдәбек, тағы да басқалар көшбасшылық туралы ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ форумда студенттер бастамасымен жарық көрген, университет өмірінен ақпарат тарататын «METU life» журналы таныстырылып, білім алушыларды жан-жақты дамыту және құзыреттілігін қалыптастыратын әлеуметтік GPA бағалау құралы таныстырылды. Оған студенттердің барлық жетістігі мен көрсеткіші енгізіліп, жыл соңында үздік студенттер марапатталады.
Ал жиын барысында ашылған кітап алмасу бұрышына ректордан бастап оқытушылар мен студенттер кітап сыйлады. Мұнымен қоса студенттердің ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беретін әмбебап «Home Reading» кітабы үлестірілді. Сондай-ақ «МETU» университетінің 10-нан аса үздік студентіне кәсіпорындар «Жұмысқа шақыру» сертификатын табыстап, үздік студенттерге «Propanel» кәсіпорны шәкіртақы үлестірді. Сонымен қатар форум аясында университеттің студенттік құрылыс жасағы құрылып, қатысушылар арнайы көрмені тамашалады.
АЛМАТЫ