• 18-03-2025

Ел мерейі: үш алтын, екі күміс, бір қола

Сербияның Ниш қаласында бокстан әйел­дер арасында әлем чем­­пионаты мәресіне жетті. Сайдың тасындай іріктелген ұлт­­тық құрама боксшылары 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль­мен тарихи нәтиже тіркеп, жалпы есепте 2-сатыға орнықты.

Сербияда өткен жаһан жарысына әлемнің әр қиырынан 51 мемлекет спортшыларын додаға салды. Еліміздің бокс федерациясы 12 салмақта бірдей боксшыларымызды қосып, бабы мен бағын сынады. Бас бапкер Елдос Сайдалин бастаған мамандарға зор сенім артылып еді, үміт ақталды. Әйелдер боксынан әлем чемпио­натында Әнұранымыз соңғы рет 2016 жылы шырқалған. Тоғыз жыл бойы толғағы жеткен жеңісті жігерлі қыздарымыз жұлып алды.

Алдымен ұлттық құраманың капитаны, Париж жазғы Олим­пиадасының қола жүлдегері Назым Абайқызының тарихи жетістігі турасында бірер сөз. Қызайбайдың немересі Сербия рингінде 48 кг салмақта өзінің теңдессіз боксшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Финалдық сында ресейлік Юлия Чум­галаковаға қарсы айқасқа түс­ті. Жас бокс­шы ә дегеннен-ақ әбжілдігін байқатпаққа ұмтылып, тіпті түлкі бұлаңға салып психологиялық қысым көрсеткісі де келді. Оған сына қоятын Назым ба, 17 жасынан ұлттық құрама сапына қабылданып, талай от пен судан өтіп, Олимпиада дуын көрген тәжірибелі боксшы. Жеке бапкері Долкунжан Камековтің құрған стратегиялық жоспарымен жұдырықтасты. Қарсыласын қуамын деп асыққан да жоқ, оңтайлы сәтті күтіп, қарсы шабуылды үдетіп үш раундта да айқын басымдық танытты. Ресей боксшысы Еуропа чемпионатында екі мәрте топ жарды. 2023 жылы өткен әлем чемпионатының іріктеу сынында Алуа Балқыбековаға есе жіберген еді. Енді, міне, тағы бір қазақ қызынан аса алмады.

Назым Қызайбай – ел спор­тының тарихында бокстан үш дүркін әлем чемпио­ны атанған тұңғыш боксшы. Әйелдер боксы­ әлемдік додалардың жылна­ма­сына 2001 жылы енді. Жаз­ғы Олимпия ойындарының бағдар­ламасына алғаш 2012 жылы Лондонда қосылды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпио­натында Назым Қызайбай аса жеңіл сал­мақта әлем чемпионы атанып, алғаш рет әнұранымызды шырқатты. Араға екі жыл салып Астанада жалауы желбіреген дүниежүзілік додада екі дүркін чемпион атанды. Жалпы, ел боксының тарихында әлем чемпионаттарынан екі мәрте алтын медаль иеленген боксшы қадау-қадау ғана. Ерлер арасында Серік Сәпиев 2005, 2007 жылдары әлем чемпионаттарында олжа салса, әйелдер боксында сол биікке Назым ат байлады.

– Былтыр Париж жазғы Олимпиадасынан елге оралған соң Мемлекет басшысының қабылдауында болдық. Сонда Президентке келесі жылы өте­тін әлем чемпионатында топ жарып, үш дүркін чемпион атағын иеленгім келетінін айтқан едім. Тарихи нәтиже тір­кесем деп барымды салдым, Жа­ратқанға шүкіршілік, ел сенімін ақтадым. Біздің жеңісіміз – айрандай ұйыған ұлттық құраманың бірлігіне бұйырған несібе. Өйткені әрбір жекпе-жектен кейін бізге жан-жақты қолдау көрсетілді. Оқу-жаттығу жиы­ны кезінде тек физикалық әзірлікті қайрап қана қоймай, психологиялық ұстанымды да шыңдадық. Дайындық өте жо­ғары деңгейде жүргізілді. Ұлттық құраманың капитаны ретінде қыздарға айтар алғысым шексіз. Сын сәтінде сынып кетпей, бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындады. Жүлдеге ілінбей қалған қыздарымызға да демеу болуымыз керек, олар да барын салды, – деді Назым Қызайбай.

50 кг салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова финалдық жекпе-жекте Қытай бокс­шысы Ху Мэйиден басым түсті. Раунд сайын шиыршық атып, әлем чемпионатының алтын медалін олжалады.

– Бапкерлердің құрған так­тикасынан ауытқымай жұды­рықтастым. Қарсыласым әлем чемпионатының финалына тұңғыш рет шығып отыр. Мен 2022 жылы Түркияда өт­кен әлемдік доданың алтыны үшін өткен айқаста жергілікті боксшыға есе жіберген едім. Сол кезде ел сенімін ақтай алмадым деп қатты өкіндім, сәтсіздік осы жеңіске бастаған екен. Екі жыл бұрын Үндістанда жартылай финалдық сайыста сүрініп, қола медаль бұйырды. Бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерге алғыс айтамын, – деді 28 жастағы А.Балқыбекова.

Үшінші алтын медальды Аида Әбікеева байлады. Финалдық сайыста ол Таиланд елінің боксшысы Тананья Сомунекті сүріндірді. Қарсыласы тәжі­рибелі болғанымен, біздің боксшы қорғанысын шегендеп, шабуылды да үдетіп отыр. Париж жазғы Олимпиадасында қатысқан Сомунек Әбікееваға осымен екінші рет есе жіберді. Былтыр Таиландта өткен Азия чемпионатында да жолдары түйісіп, Аида басым түскен еді.

– Бұл – менің әлем чемпио­натына алғаш ат байлауым. Маған зор сенім артқан бокс федерациясының жетекшілеріне, ұлттық құрама бапкерлеріне алғысым шексіз. Елдегі жан­күйер­лердің де ыстық қолдауын естіп, қанаттандық. Сербияға туған ағам Аслан арнайы келіп, қол­дау көрсетті. Қарағандыдағы қара­ шаңыраққа туыстарымыз жина­лып бәрі де тікелей эфирден ай­қасты тамашалады, – дейді А.Әбікеева.

60 кг салмақтың финалдық айқасында Виктория Графеева ресейлік Нунэ Асатрянға есе жіберсе, +81 кг салмақ дәре­жесінде Елдана Тәліпова қытай­лық Чжан Иляннан өте алмады. Елдананың әлем чемпионатына тұңғыш қатысып тұрып күміс медаль еншілеуі аз табыс емес. Жартылай финалда сүрінген Наталья Бог­да­новаға (70 кг) қола медаль бұйырды.

Ниш рингінде омбылық этностық қазақ Салтанат Меде­нова (81 кг) Ресей құрамасы сапында әлем чем­пионы атанды. Финалда ол тү­рік боксшысынан басым түсті.

Ұлттық құраманың бас бап­кері Елдос Сайдалин шәкірт­тері­нің сенімді ақтағанына алғысын айт­ты.

– Елдің қолдауын сезіндік, сенім артқан барша жанкүйердің үмітін ақтадық. Қыз­дарымыз барын салып айқасты. Дәрі­герлік құрам, бапкерлер бір үйдің баласындай бірлік таныттық. Бұл табысты малданып отыруға болмайды, алдағы уақытта маңызды додаларға әзірлікті бастаймыз, – деді бас бапкер.

Сербия төрінде Әлем чемпионы атанған боксшыға –100 мың, күміс медаль алғанға 50 –мың, қола жүлдегерге 25 мың, ширек финалда сүрінген саңлақтарға 10 мың доллар мөлшерінде сыйақы берілді. Жалпы есепте 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеген Ресей құрамасы көш бастаса, үштікті 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алған Түркия боксшылары түйіндеді. Қытай, Сербия, Солтүстік Корея, Марокко елдерінің құрамасына ­1 алтын медальдан бұйырды.