
Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі №3 балалар кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен «17 наурыз – мәдениет және ұлттық салт-дәстүр » күніне орай танымдық, этнографиялық сабақ өтті.
Онда елорданың №14 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып оқушылары қатысып, кітапханашылар дайындаған «Сен салт-дәстүрді білесің бе?» атты танымдық сұрақ-жауап сабағына қатысып, халқымыздың салт-дәстүрлерімен танысты.
Атап айтар болсақ, жас өрендер халқымыздың тұрмыстық құнды мұралары: жаңа туған сәбиге ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, атқа мінгізу, тоқым қағу қатарлы салт-дәстүріміздің маңыздылығымен танысып, ежелден келе жатқан көшпелі қоғамның ғұрыптық салты: «сүйінші сұрау», «базарлық беру», «шашу шашу», «ерулік», «қалау», «құтты болсын айту» сияқты этнографиялық ұғымдардың тереңіне үңілді.
Сонымен қатар жеткіншектер бұрынғылардың «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» дегеніндей, халқымыздың генетикалық-туыстық қатынасы хақында жүйелі түсінікке қанығып, көшпелі бабаларымыздың берекелі азығы саналатын ұлттық тағамдар: құрт, ірімшік, қымыз, жент, бауырсақ, т.б. туралы мәліметке сусындады.
Сабақ барысында мектеп оқушылары өзара ұлттық ойындар ойнап, наурыз жұмбақ шешіп сайысты. Соңында жас қонақтар отандық һәм халықаралық ән байқауларының жүлдегері, болашағынан зор үміт күттіретін дарынды әнші Әйгерім Манапова шырқаған әндерді тыңдап, оқушы қыздардың «Қамажай» биіне тәнті болды.