• 19-03-2025

Бауырластардың әдеби байланысы нығаяды

Күні кеше Алматыда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Түбі бір түркі әдебиеті» атты дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Минходжиддин Хожиматов, екі елдің танымал қаламгерлері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – әдеби байланысты нығайту және әдебиеттің оқырмандарға ықпалы. Қазақ пен өзбек халқының әдебиеті мен мәдениеті терең тарихи және рухани байланысқа ие екені бар­шаға мәлім. Бұл жақындықтың қайнар бастауы ортақ түркілікте жатқаны белгілі. Қазіргі уақытта да бұл үрдіс жалғасып жатыр. Қазақ пен өзбек әдебиетінің жаңа буын өкілдері шығармаларын бір-біріне аударып, әдеби байланыстарды нығайтып келеді.

Өзбекстаннан келген делегация Ұлттық кітапхананы аралады. Сирек кітаптар мен қолжазба­лар қызметінде арнайы көрме ұйым­дастырылып, қонақтар қорда сақ­талған бірегей мұралармен танысты. Олардың қатарында XVIII ғасырдағы Құран, Қожа Ахмет Ясауидің «Рисала» (XVI ғ.), «Диуани Хикмет» (XIX ғ.), «Хикмет Хазретиі» (XVIII ғ.), сондай-ақ оның ата-тегі туралы тарихи шежіре «Насабнама» (XVII ғ.) және шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтері» бар. Сонымен қатар шығыс әдебиетінің жауһарлары – Низами Гәнжауидің «Хамса» (XV ғ.), Әлішер Науаидің «Диуаны» (XVII ғ.), Әбілқасым Фирдоусидің «Шаһнамасы» (XVIII ғ.) да ерекше назарға ілікті.
Іс-шара аясында Өзбекстанның әдебиеті мен мәдениетіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Өзбекстан Респуб­ликасынан келген делегация құрамы мен қазақ қаламгерлері қазақтың бас ақыны Абайдың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқ­­та­рын қойды. Сондай-ақ академик, классик жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне барып, тарихи жәдігерлермен танысты.

Айта кетейік, бұған дейін Түр­кістанда Қазақстан мен Өзбек­стан­ның белсенді жастарының қаты­суымен «Достық көпірі» форумы өткен болатын. Форумда жұмысшы мамандықтарды насихаттау және еңбек нарығына жасанды интеллектінің әсері секілді мәселелер талқыланды.