• 22-03-2025

Ән-күйлеріміздің әлемдік аясы кеңейеді

«Алтын қордағы» қазақтың ән-күй, жыр-терме, бесік жырлары мен ертегілері тура жүз жылдан соң, тұңғыш рет әлемдік онлайн платформаға қондырылды. Бұдан былай қазақтың төл өнерін қалта телефонына «Алтын қор», «Spotify», «Apple Music» сынды платформаларды жүктеп алып, тыңдай бересіз. Мысалы, мұнда осыдан жүз жыл бұрын, 1925 жылы Ақан серінің «Балқадишасын» шырқаған Әміренің дауысы бар, 1937 жылы Құрманғазының «Байжұмасын» Оқап Қабиғожиннің орындауында қондырған. Осындай мыңжылдық мұралар топтастырылған «Асыл мұра: 1500 тарихи аудиошығарма» жинағының таныстырылымы салтанатты жағдайда өтіп, оған мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты.

«Алтын қорда» сақталған 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық және халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры, 250 ретро әнді жинастырып, осындай игілікке айналдырған «Қазақстан» республикалық теле­радио­корпорациясының еңбегі атап айтарлық. Аудиожинақтың ерекшелігі – мұндағы 1500 шығар­маның көбі аутентикалық формада, яғни алғашқы орындаушылары жеткізген түпнұсқа есебінде.

Жинақтағы аудиошығармалар «Apple Music», «Spotify», «Yandex Music», «YouTube Music» сияқты 100-ден аса әлемдік жетекші музыка­­лық платформаларға және «Қазақ­стан» телерадиокорпорациясы­ның altynqor.com сайтына жүктелді.

«Асыл мұра» жинағы – әлемдік стримингтік платформаларға бір мезетте жүктелген аудиофайлдар көлемі бойынша отандық музыка тарихындағы ең ірі жоба. Бастама «Ozen» музыкалық лейблімен бірлесе жүзеге асырылыпты.

Жиында жоба жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Асыл мұра» аудиожинағы­ның жарыққа шығуы мен төл мұра­ларымыз әлемдік платформаларда қолжетімді болуы ұлттық мәдениетке жаңаша серпін бере­тінін жеткізді.

«Ғасырлар бойы «Қазақстан» теле­радиокорпорациясының «Ал­тын қорында» ғана сақталып кел­ген 1500 түпнұсқа, ең көне шы­ғар­малардың әлемдік музыка­­лық платформаларда жариялануы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Бурабайда өткен Құрылтайда айтқан Ұлттық цифрлық мұрағат құру бастамасының жүзеге асуына да зор ықпал етпек. Бұл дегеніміз – халқымыздың күй өнерін, сөз өнерінің озығы саналатын – жыр-термелерді, халық және халық композиторларының үздік туын­дыларын, ежелгі мұрамыз – ертегі мен бесік жырын және ескі заманның әуендері – ретро әндерді миллиондаған тыңдаушы қолындағы құрылғы арқылы кез келген уақытта тыңдай алады деген сөз. Бұл – ұлттық өнерімізді жаһандық мәдени кеңістіктің төріне шығаруға бағытталған тағы бір үлкен қадам. Жасанды интеллект дәуірінде мұндай жобалар ұлттық мәдени контентті жүйелеуге қызмет етіп қана қоймай, жас буын өнерпаздарға, келешек ұрпақ­қа сенімді дереккөз болады», деді Е.Қарин.

Жинақтағы «Күйлер» бөлі­міндегі шығармаларды орындау­шылар қатарында Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сейтек, Мәмен сынды халық күй­ші­лері­нің көзін көрген немесе сол көзкөргендердің қолынан тіке­лей күй үйренген күйші-дом­бырашылар Лұқпан Мұхитов, Әбікен Хасенов, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қалам­баев, Ғылман Әлжанов, Фазыл Сұлтанов, Ғылман Қайрошев бар. Жинаққа Құрманғазының күй­лерін өз қолынан үйренген күй анасы Дина Нұрпейісованың автор­лығы және өзінің орындауын­да өткен ғасырдың 50-жылдары таспаланған 12 күй еніп отыр. Сонымен қатар Қазанғаптың көзін көріп, тікелей күй алған күйші Қадырәлі Ержановтың орында­уында бұған дейін ешбір жинаққа енбеген бірнеше күй енгізілді.

XIX-XX ғасырларда өмір сүрген Біржан Сал, Жаяу Мұса, Мұхит, Ақан сері, Балуан Шолақ, Әсет, Естай, Мәди Бәпиұлы, Кенен Әзірбаев, Майра Уәлиқызы сынды халық композиторлары­ның шығар­малары Қосымжан Бабақов, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменовтердің орын­дауында берілді.

«Жыр-термелер» бөлімінде халық жыр-термелерімен қоса, Ер Тарғын, Асан Қайғы, Махамбет Өтемісұлы, Сүйінбай Аронұлы, Майлықожа, Базар жырау, Жамбыл Жабаев, Жиенбай жырау, Балуан Шолақ, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кенен Әзірбаев, Иса Байзақов сынды 100-ден аса автордың шы­ғармалары қамтылған.

Қазақстанның халық әртісі, әнші Қайрат Байбосынов пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева да қуанышы мен ізгі ниетін жеткізді.

«Біздің кезімізде ауылда кішкентай қара радио болатын. Содан Қазақ радиосын тыңдаушы едік. Бойға жиған барымыз да, нәріміз де сол. Бір естіп қалған әнімізді бірнеше айдан соң бір қайталауы мүмкін. Халыққа сол тыңдағандарымызды жеткізумен келемін. Ал мынау деген баға жетпес асыл қазынаның қайта оралғаны ғой. Бұл жинақтың тағы бір құндылығы, мына өнерге қанат қаққан жастарға таптырмас білім құралы бола алады. Нотадан оқыған бөлек те, өнерпаздың да­уыс мақамынан тыңдап, сіңіргеннің ләззатын сөзбен айтып жеткізу қиын», дейді Қайрат Байбосынов.

«Бұл жинақты қазақ руха­нияты­ның энциклопедиясы деп айтсам, қателеспегендей екенмін. Өйткені іздеген адам бәрін табады. Ән, күй, жыр, терме, тіпті ертегі, бесік жыры да қамтылыпты. Кімнің шығармасы, қай жылы таспа­лан­ған, кім орындаған – барлық мәлімет бар. Сондықтан энциклопедия деп айтуға толық негіз бар», деді күйші Айгүл Үлкенбаева.

Жинақ еліміздегі ұлттық кітап­ханалар қорына, Өнер универ­ситеттерінің кітапханаларына таратылады және әуесқой тыңдармандар үшін сатылымға шығарылады. Ал шығармаларды QR-код арқылы тыңдау үшін – күйлер:https://altynqor.band.link/kuiler, «Жыр-термелер: https://altynqor.band.link/zhyrtermeler, халық және халық композиторларының әндері: https://altynqor.band.link/halykanderi, ерте­гілер: https://altynqor.band.link/ertegiler, Бесік жыры: https://altynqor.band.link/besikzhyry және ретро әндер: https://altynqor.band.link/retroander сілтемесінде.