• 21-03-2025

Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған қырғыз әншісіне айыппұл салынды

Белгілі қырғыз әншісі Қайрат Прімбердиев Кенесары ханның өлімі үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрап, кейін бұған қатысты іс қозғалды. Сот шешімімен әншіге айыппұл салынды.

Қайрат Прімбердиев Instagram желісіндегі парақшасында соттың аяқталғанын хабарлады. Оның айтуынша, сот шешімімен оған "Нәсілдік, ұлтаралық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыру" бабы бойынша 100 мың сом (шамамен 588 000 теңге – ред. ескерт.) айыппұл салынған.

Прімбердиев сот шешімі күшіне енгенін, "ел бюджетіне ақша құйғанына" риза екенін жеткізген.

24KG басылымының хабарлауынша, Бішкектің Первомай аудандық соты әншіні кінәлі деп танығанын растады. Сондай-ақ оған 1000 есептік көрсеткіш көлемінде, яғни мемлекет пайдасына 100 мың сом айыппұл төлеу жазасы тағайындалғаны белгілі болды.

24.СМИ мәліметінше, Қайрат Прімбердиев 1985 жылы Ош облысында дүниеге келген. Қайрат Прімбердиевтің музыкалық білімі жоқ, ол білімін өзі жетілдірген. Бала кезінде қырғыз халық эпосы үйірмесіне қатысып, комузда ойнауды үйренген. Әнші "Дауыс" жобасына қатысып, танымал болды.

Еске сала кетейік, биыл ақпанда ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен Прімбердиевті Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері ұстаған.

2025 жылдың қаңтарында әнші Қайрат Прімбердиев сұқбат барысында қырғыз ханы басын кескен Кенесары Қасымов үшін өз атынан кешірім сұраған.