• 22-03-2025

Мәшһүр Жүсіп жазбасындағы Наурызнама

Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған,

сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама.

Мәшһүр Жүсіп КӨПЕЙҰЛЫ

Қазақ зиялыларының шығармаларына көз жүгіртсек, ертеде Наурыз сегіз күн тойланған екен. Оны «Наурызнама» деп атаған. Бұған Мәшһүр Жүсіптің: «Жиырма тоғыз жасымда Бұқари шәріпте Ғабдолла ханның Наурызнама тойының ішінде сегіз күн болдым» деген сөздері дәлел болмақ. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақта тойлау да дәстүрге айналған. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Наурызнаманың негізгі көркі жастар, ұйымдастырушысы ауқатты адамдар, берекесі ауыл ақсақалдары, ырзығы ақ дастарқан болған. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Наурыз күнi думан-тойды аталарымыз Наурызнама атаған.

Абай Құнанбайұлы: «Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурызнама қыламыз деп, той, тамаша қылады екен. Сол күні «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады...» деп жазады.

Ертедегi дәстүр бойынша Наурызнаманың сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Мұнда атжарыс пен күрес ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестіріледі.

Мәшһүр Жүсіп шығармасына тағы бір көз жүгіртсек: «Дәл сегізінші күн мазаршәриф делінеді. Қожа Бәһуалдин әулиенің басындағы көлшікке қант төгіп, суды қант татытып жұрт жабыла ішіп, той тарқар болады», деп жазады. Қарт-қарияларға арналған «бел көтерерде» тіске жұмсақ, тілге майда тағамнан дәм тартылады. Бұл «наурыз көжеге» жалғасады. Наурыз көже — бұл тек нау­рыз тойына ғана тән, барша жиналған жұртқа арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, тұз, тары, құрт, т.б сол секілді тағамнан басқа қазы, шұжық қосылып, сый ретінде қонақтарға ұсынылады.

Мәшһүр Жүсіптің «Наурызнама» еңбегінде мереке Баянаула төңірегінде де тойланғаны жазылған. Үйсін Төле билердің заманында наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен. Едіге би Баянауланың бауырында жүз кісі болып, Қызылтаудағы Сәті тасында отырған Мырзағұл баласы Сәті мырзаға барып, наурызды қылдырамын деп атқа мінген екен дейді. Сәті мырза үйде жоқ екен. Қансонар болған соң, бүркіт алып, аң аулауға шығып кеткен екен. Баяу деген бәйбішесі: «Мырзаңыз ас-суды алып кеткен жоқ» деп, ас та төк, шаш та төк наурызнама қылыпты. Баяу бәйбіше Едігеге «сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі наурызнама қылдыра келдіңіз. Ұдайы сегіз күн қылмаған соң, мұны қылуға не сәндігі бар?» деп сегіз күн күтіп сыйлап, бір күннен бір күнін асыра беріпті.

Сәті мырза алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, наурызнаманың үстіне келіп қалыпты. Қара түлкі алғанына бір қуанып, «нау­рызнама қылдырамын» деп Едігенің келгеніне екі қуанып: «Бұл нау­­­рызнама Баяудікі болды. Мен ұрғашының наурызнамасына ортақтаспаймын!», деп басы Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісіне: біріне – түйе, біріне – ат, жүз кісіден бір кісіні құр қоймай, ең аяғы атшыларға дейін бір-бір матадан үлестіріп: «Міне, менің наурызым!» деп сый қылыпты.

Наурыз жайын ұқтыратын кітаптың аты «Салдама» дейді екен. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Әумин!», деп отыратын болған. Мал со­йып, наурызнама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» деп басын сақтап қояды. Байлардың бәйбішелері ірімшік пен майдан жасап, қарын-қарын жент сақтайды. Қыстың күні: «Бұл жентіңізді қашан бастайсыз, бізге қашан татырасыз?» деушіге: «Шырақтарым, әлі Самарқанның көк тасы жібігенде, бұл жент те өзі балқып, босайды. Сонда бастаймын! Осы күнде қайыршықтай қап-қатты пышақ өте ме!» дейді екен. Мәшһүр Жүсіп: «Міне, мен осы жентті жасатып, дәл наурыз деген күн бастатып көрген кісімін. Айтқаны – айтқандай!» деп жазады.

Сөзімді Мәшһүр Жүсіптің төмендегі тұжырымымен қорытындылағанды жөн көрдік: «Елді, жұртты оңға бастаймын! Ілгері басуына, мал басы өсуіне тілеулес боламын!», деушілер осы наурызды құрметтеп: «Ұлыстың ұлы күні» атандырып, той-тамаша қылдыруға тырысуы керек».

Әсет Пазылов,

Мәшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Жаңажол ауылы