Алматы әуежайында туристерге ерекше құрмет көрсетілуде
2025 жылдың 21-23 наурыз аралығында Алматы қаласында Наурыз мерекесіне орай "Тәтті кәде-сый" атты ерекше акция ...
Алматы әкімі Ерболат Досаев сарапшылармен, Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық кеңес пен Ұлттық құрылтай мүшелерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Басқосуда 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы жариялаған негізгі бастамаларды тиімді жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Ерболат Досаевтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы жан-жақты, ол экономика мен әлеуметтік саясатты, сондай-ақ қазақстандық қоғамның рухани дамуын қамтитын маңызды салаларды қозғайды.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 40 жылдығына орай ел дамуының төрт стратегиялық бағытын айқындады. Олар: цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, энергетика, агроөнеркәсіптік секторды қолдау және адами капиталдың сапасын арттыру. Жиынға қатысушылар бұл басымдықтардың Алматыда қалай жүзеге асатынын талқылады.
Ерболат Досаев қала экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз ету, әлеуметтік өзгерістердің берік негізін қалыптастыру, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және заманауи инфрақұрылымды дамыту үшін қолға алынып жатқан жүйелі шаралар туралы айтты.
Оның айтуынша, Алматы елдің экономикалық орталығы. Қала ұлттық экономиканың 20%-дан астамын қалыптастырып, Қазақстанның барлық кірісінің төрттен бірін қамтамасыз етеді.
«Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі ретінде ел Президенті тарапынан ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы қаланы жетекші мегаполис ретінде дамыту бойынша ауқымды міндеттер қойды», деді Ерболат Досаев.
Қалалық әкімдік алдына қойылған негізгі міндеттің бірі – IT секторы мен креативті индустрияны дамыту. Бүгінде Алматы елдегі IT қызметтерінің 52%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр, бұл жаңа экономиканың басты қозғаушы күшіне айналып келеді.
Әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты негізгі екпін денсаулық сақтау саласына қойылды. 2025 жылы бұл салаға бөлінетін қаржы 26%-ға артып, 70,5 млрд теңгеге жетеді. Жоспарға сәйкес, 28 жаңа медициналық нысан, оның ішінде ауруханалар, перинаталдық орталықтар және емханалар салынады. Сондай-ақ, мамыр айында Орталық Азиядағы жетекші медициналық зерттеу алаңы – Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығы ашылады.
Қоғамдық кеңес отырысында сарапшылар Мемлекет басшысы жариялаған негізгі бастамаларды қолдайтындықтарын білдірді.
«Ұлттық құрылтай ел алдына ғылым мен технология саласында биік мақсаттар қойды. Бұл тұрғыда Алматы – Қазақстанның ірі білім және ғылым орталығы ретінде ерекше рөл атқарады. Қалада 50-ден астам жоғары оқу орны, жетекші зерттеу институттары мен зертханалар шоғырланған. Бірақ осы әлеуетті сақтап қана қоймай, ғылым мен бизнестің интеграциясын күшейту керек. Ғалымдардың зерттеулері нақты секторда қолданылуға тиіс. Бұл бағытта ғылыми-зерттеу кластерлерін құру – маңызды қадам», деді Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Ұлттық құрылтай мүшесі, «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев Ұлттық құрылтайды тек пікірталас алаңы ғана емес, Қазақстанның саяси жаңғыруының құралы екенін атап өтті.
«Алматы елдегі ең ірі мегаполис ретінде тарихи тұрғыдан қоғамдық белсенділік пен азаматтық бастамалардың орталығы. Біздің міндет – осы әлеуетті сақтап қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін жасау. Мемлекеттік басқарудың ашықтығы, қоғамдық бақылауды күшейту және саяси мәдениетті арттыру – бұл мәселелер ұлттық деңгейде де, Алматы үшін де өзекті. Қала жаңа демократиялық басқару стандарттарын енгізудің үлгі алаңына айнала алады», деді Андрей Чеботарев.
Жиында экология мәселесі де қозғалды. Сарапшылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Алматы – біздің ортақ үйіміз» кең ауқымды экологиялық науқаны маңызды рөл атқарады.
«Президент экологияны қорғауды негізгі басымдықтың бірі ретінде белгіледі, ал Алматы осы бағытта нақты қадамдар жасауда. «Алматы – біздің ортақ үйіміз» бағдарламасы аясында соңғы екі жылда 400 мыңнан астам ағаш отырғызылды, коммуналдық инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Биылдың өзінде қоқыс тасымалдаушы көліктер паркі 60%-ға жаңғыртылды. Сонымен қатар, қоқысты бөлек жинау жүйесі енгізіліп жатыр, бұл экологиялық жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастыру үшін маңызды қадам. Бұл шаралар нәтижесін бере бастады, ал жүйелі жалғасы қаланың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», деді Алматы Қоғамдық кеңесінің төрайымы, «Ақпараттық-ресурстық орталық» қорының директоры Алтынай Көбеева.
Жиынды қорытындылаған Ерболат Досаев қойылған міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін мемлекеттік құрылымдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтық қоғамның белсенді өзара іс-қимылы қажет екенін атады.