
Түркияда елдің негізгі оппозициялық саясаткерлерінің бірі – Стамбул мэрі Экрем Имамоғлының тұтқындалуына қарсы топтың наразылығы күшейе түсті. Шерушілерді тарату үшін полиция су атқыштар мен бұрыш газын қолданды, жүздеген адам ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Түркияда Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлының ұсталуына байланысты шерулер кезінде 323 адам ұсталды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрі Али Ерликая X әлеуметтік желісінде хабарлады.
"Қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірген кез келген әрекет тоқтатылады", — деді министр.
Ол сондай-ақ Сарачхане ауданында шабуылдан кейін бір полиция қызметкері жараланғанын хабарлады.
"Кешкі уақытта Сарачханедегі (Стамбұл аудандарының бірі – ред. ескертпесі) шеру кезінде әлдекім полиция қызметкерлеріміздің біріне қышқылды сұйықтық лақтырды", — деп жазды шенеунік.
Ерликая наразылық акциясын ұйымдастырушыларды өз әрекетінің құқықтық салдары болатынын ескеруге шақырды.
РБК-ның түркиялық БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлауынша, 23 наурызда Стамбұл прокуратурасы мэрді қамауға алу туралы өтініш берді.
Кейбір мәліметтер бойынша, 23 наурызға қараған түні қала көшелеріне 550 мыңға жуық адам шықты. Шерушілерді тарату үшін полиция су атқыштар мен бұрыш газын қолданған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Түркияның Радио және телевизия жоғарғы кеңесі жетекші телеарналарға митингілер өтетін жерлерден, сондай-ақ Имамоғлыға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалатын Стамбұлдағы Әділет сарайынан тікелей хабар таратуды тоқтатуды бұйырды.
TRT Haber, NTV, CNN Turk және т.б. БАҚ тікелей хабар таратуын тоқтатты. Алайда болған оқиғалар туралы жаңалықтар фотосуретпен шығып жатыр, ал Halk TV сияқты кейбір жеке телеарналар наразылық шараларын тікелей эфирде көрсетуді тоқтатпаған.
Сонымен қатар, Politico-ның хабарлауынша, Х әлеуметтік желісі бірқатар түрік оппозиция белсенділерінің аккаунттарын бұғаттап тастаған. Желі тек Түркияда шектелген, басқа елдерде ол қолжетімді.