• 26-03-2025

Экрем Имамоглу ресми түрде Түркия президенттігіне кандидат атанды

Жексенбі күні Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясының (РХП) праймеризіне 15 миллион адам қатысып, қызметінен шеттетілген және қамауға алынған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглуға қолдау көрсетті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Sözcü басылымына сілтеме жасап.

Имамоглу жақтастары жексенбі күнгі праймеризде дауыс беріп, оны Түркияның ең көне саяси партиясы – Республикалық халық партиясының (Cumhuriyet Halk Partisi) атынан президенттікке ресми кандидат етіп сайлады. Бұл туралы дауыс беру ұйымдастырушылары мәлімдеді.

"23 наурызда болашақ президентіміз Экрем Имамоглуға партиямыздың 1,653 миллион мүшесі дауыс берді. Бұл қазіргі биліктің төңкеріс жасау әрекетіне берілген ең батыл жауап. Сондай-ақ біз барлық азаматтарды біздің дауыс беру жәшіктерімізге келіп, өз таңдауын жасауға шақырдық. Олар тарапынан 13,21 миллион дауыс жиналды. Жалпы алғанда, 14,85 миллионнан астам адам Экрем Имамоглуға қолдау білдірді", – деді партия төрағасы Өзгүр Өзел.

Ол Ердоғанды кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдауға және Имамоглуға қарсылас ретінде шығуға шақырды. Праймериз нәтижелері жарияланғаннан кейін Экрем Имамоглу Силиври түрмесінен өзінің алғашқы жазбасын жариялады.

"Мен сіздермен мені ерекше қуантқан жаңалықтарды бөліскім келеді. Біздің Республикалық халық партиясының президенттікке алдын ала сайлауына рекордтық деңгейде азаматтар қатысты. 15 миллион отандасымыз дауыс берді. Бұл елде биліктің қысымынан, күйреген экономикадан, біліксіздіктен және заңсыздықтан зардап шегіп отырған ондаған миллион адам сайлау жәшіктеріне келді", – деп жазды ол.

Бұл уақытта Ыстамбұл мен Түркияның басқа қалаларында Экрем Имамоглуның қамауға алынуына қарсы бесінші күн қатарынан наразылық шерулері жалғасып жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, бүгін түнде Ыстамбұлда қамауға алынған мэрді қолдау үшін жарты миллионға дейін азамат жиналған. Полициямен қақтығыстар орын алды.

Саяси дағдарыстың экономикаға әсері

Саяси дағдарыс Түркия экономикасына теріс әсерін тигізуде. Соңғы үш күнде Ыстамбұл қор биржасының BIST 100 индексі 16 пайыздан астам құлдырады. Түркия үкіметі ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін миллиардтаған доллар жұмсауға мәжбүр болғанын кейбір жергілікті БАҚ хабарлады.

"Біз нарықтардың тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырамыз. Жалған ақпаратқа сенбеңіздер", – деп мәлімдеді Түркияның қаржы министрі Мехмет Шимшек.

Еске салайық, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу қаржылық қылмыстар бойынша айыпталып, қамауға алынды, бірақ сот оны терроризм бойынша айыптауды жоққа шығарды. 23 наурызда Түркияның Ішкі істер министрлігі оны уақытша түрде Ыстамбұл мэрі қызметінен шеттету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.Ыстамбұл мэрінің қамауға алынуынан кейін Анкараның оппозициялық мэрі Мансур Яваш кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге шақырды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!