• 26-03-2025

"Есікті жұлып, терезені сындырған": Көкшетауда ер адам мектепке баса көктеп кіріп, бассыздық жасаған

Көкшетауда ер адам мектептің бас корпусындағы терезені шағып, ішіне кірмек болды. Аталған жайтқа қатысты полиция пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

HALYQSTAN Telegram-каналында Көкшетаудағы мектеп-гимназия ауласында қолы қан күйде жүгіріп жүрген ер адамның видеосы тарады.

Жазбада ол мектептің бас корпусындағы терезені сындырып, ішке кірмек болған. Ол терезені сындырған кезде, қолын кесіп алған. Бұдан соң ол, дереккөздің дерегінше, бас корпусқа бағыт алып, жабық тұрған есікті жұлып алған. Артынша турникеттен секіріп өтіп, ғимаратқа кірген. Күзетші жедел әрекет ету тобын шақырған. Мектептегілер зардап шекпеген. Оқу орнының әкімшілігі полицияға арыз жазған.

NUR.KZ тілшісі аталған жайтқа қатысты облыс полициясынан пікір сұрады. Бізге ер адам табылғанын және ұсталғанын мәлімдеді.

"Полиция департаменті видеоға ер адам анықталып, полиция қызметкерлері оны ұстағанын хабарлайды. Медициналық тексеріске сай, ұсталған адам есірткіге мас күйінде болған.

Оқу орнына келтірген шығын көлемі анықталып жатыр. Құқық бұзушы ҚР ҚК 440-1 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды", — деп хабарлайды Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ескерту: видеода адам шошырлық сахналар және бейәдеп сөздер бар! Психикасы әлсіз, жүкті және 18 жасқа толмағандарға көруді ұсынбаймыз.