• 31-03-2025

Париж саммиті: «Ресейге санкцияны күшейтеміз!»

Украинаның отызға жуық одақтастарының басшылары бейсенбі күні Париждегі Елисей сарайында Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырған «Еріктілер коалициясының» саммитіне қатысты.

Олар Украинаның «қауіпсіздік кепілдіктерін», оның ішінде Ресеймен болашақтағы бейбітшілік келісімін, Украинаға Еуропаның бітімгершілік күштерін орналастыру жайын талқылады. Макронның айтуынша, саммит үш сағаттан астам уақытқа созылған.

Саммитті Макрон, Зеленский, Стармер үшеуі жүргізген. Олар өз сөздерінде Трамптың бастамасымен АҚШ пен Ресей қатынасы жақсаруға бет алып, соғысты тоқтату жайы талқыланып жатқан өлара шақта «Украина мен Еуропаның даусы жарқын естілуі керек» деп атап өткен.

Зеленский: «АҚШ тарабы ортаға қойған соғысты тоқтату келісіміне біз мақұлдық бердік. Кремль әдеттегідей бас тартты. Негізсіз талаптар қойды. Қара теңізде атысты тоқтату да соған жатады. Олар орынсыз талаптарын өзгеге негізсіз теліп отыр», - деді.

Ол сондай-ақ: «Қазір Ресейге салынған санкцияны алып тастау – дипломатиялық апат болғалы тұр. Санкция Кремльді келісім үстеліне отырғызудың басты құралдарының бірі. Одан басқа қандай амал бар? Ресейдің келісім шартты бұзғаны аздай, санкцияны жеңілдетсе, оны қалпына келтіру қиынның-қиыны болады. Елдің сенімі де жойылады. Соғыс жалғасып жатқандықтан, санкция да жалғасуы керек. Сондықтан одақтастарымнан Кремльге санкцияны күшейтуді талап етемін», - деді.

Макрон өзінің Трамппен телефон арқылы сөйлескенін, оның Ресейдің соғысты тоқтатуға келісім беретінінен үмітті екенін айтқан.

Англия басшысы Стармер: «Украинаға қандай көмек керек болса, біз бәріне дайынбыз», — деген.

Самит соңында Макрон Англия мен Франция әскери өкілдерінен құралған делегацияның алдағы бірнеше күнде Киевке барып, Украинаның болашақ әскерін құрылымдау мен соғыс тоқтағаннан кейін орналастын бітімгершілік күштерінің дайындығын пысықтайтынын жеткізді.

Ол сондай-ақ, Ресейге салынған санкцияны күшейтетіндерін, Еуроодақ Украинаға Үлкен жетілік бөлген қаржыны тезірек бөлуге дайын екенін айтты.

Саммиттен кейін Зеленский жазба жариялап: «Мен жиында соғыстың әлі жалғасып жатқанын айттым. Оған кінәлі орыс тарабы.Олардың майданы өте анық: тынбай соғысу, үздіксіз шабуылдау, созбалаңға салу дипломатиясы», - деді.

Сәрсенбі күні АҚШ мемлекет істер хатшысы Рубио: «Соғысты тоқтату оңай шаруа емес, уақыт қажет етеді», - деген еді.