• 14-03-2025

Мұраға толы музей

Мұрасы мол Маңғыстаудағы облыстық музей өңірдің өткені мен өрнегін, шеберлігі мен шежіресін, жәдігері мен жауһарын жиған қазыналы сандық сынды. Ішіне кірген адам оңайлықпен қайта шығып кете алмай, тұнып тұрған табиғи ерекшелікке тәнті бола тамсанып, ұлттық құндылықтың қойнауына сүңги жөнелетін «Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 1975 жылы ашылған.

Биыл жартығасырлық мерейтойына музей атын жамылған мекеме қалпында емес, музей қандай болуы керек екенін, музей жұмысы қалай жүруі керектігін дәлелдей жетті. Өлкенің ғана емес, ұлттың мұрасын түгендеп, төріне тұ­тас­тыра жинады, алыс-жақыннан келген қонақтарға ұялмай айтар, қысылмай көрсетер өткені бар халық екенімізді дәлелдеп келеді. Музейді ұзақ жыл басқарып, талай нәтижелі іске қол жеткізген тәжірибелі, іскер басшы, бүгінде сала ардагері Т.Қалмырзаеваның басшылығымен киіз үй ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп, қазақ мәртебесін аспандатты. Өңірдің тарихы, өнді­рісі, шаруашылығы, байлығы, қол­өнері, айтулы азаматтары туралы қанықтырар қасиетті орынға айналды. 2019 жылы Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орай жазушының есімі беріліп, Ақтау қаласының 19 «а» шағын ауда­нынан арнайы музей ғимараты ашылды. Маңғыстау облысының музейлері дегенде, құрамында 1932 жылы құрылған Тарас Шевченко мемориалдық музейі, 1984 жылы ашылған Этнографиялық музей, 1991 жылы ашылған М.Сеңгір­бек­ұлына арналған музей үйі кіретін Түпқараған аудандық филиалы «Мұражай кешені», 1992 жылы ашылған Жаңаөзен қалалық, 1993 жылы ашылған Бейнеу аудандық, сондай-ақ 1997 жылы ашылған Маңғыстау аудандық филиалдар бар. Қорында өлкеміздің арғы-бер­гі тарихынан сыр шертетін 80 мыңға жуық жәдігер сақталған музей­лерде өлкенің археологиясы мен этнографиясын, тарихы мен табиғатын насихаттайтын экспозициялар және қор сақтайтын бөлімдер мен экскурсия-көпшілік жұмыс бөлімі бар. Музей жұмысы негізінен 5 ғылыми зерттеу бағы­тында жүргізіледі.

ва

Мысалы, Маңғыстаудағы Ал­тын­қазған діни-ғұрыптық жерлеу кешенінен табылған күміспен әшекейленіп, алтынмен шайылған жылқы әбзелдері – музей баға­сын арттыратын, ғылыми бағытта жүргізген жұмысының нәтижесі. Бұл жиынтықтың табылуы еліміз тарихшыларын ғана емес, әлем археологтерін де елең еткіз­ген болатын. Бағалы металдан жа­салған экспонат көшпелілер тари­хындағы ғұндар кезеңінің соңғы III–VI ғасырларына жатады.

«Әлемдік маңызға ие жиынтық – дала мәдениетінің ғұндар ке­зеңіндегі салт-дәстүрдің жар­қын көрінісі. Жиынтықтың негізгі бөлі­гін құрайтын жүген ғұндар сти­лі немесе полихромдық стиль­­­­­де безендірілген. Ат әб­зе­лі жиын­­­­­­тығы ата-бабаларымыз – ғұн тай­­­паларының металл өң­деп, игер­генін, ерекше талғам, эс­тетика­лық мәдениетінің болғанын, ше­бер­лердің зергерлік өнердің шыңы­на жеткенін дәлелдейтін бірден-бір экспонат екені даусыз. Маңғыстаудың аспан астындағы мұражай елі екенін тағы бір айқындайтын құнды экспонат 2014 және 2017 жылдары археологтер А.Астафьев пен Е.Богдановтың жүргіз­ген қазба жұмысы кезін­де табыл­ған болатын», дейді тари­хи-өлке­тану музейі тарих бөлі­мі­нің меңгерушісі Бақытжан Құдайбергенұлы.

Маңғыстау тарихи-сәу­лет ес­керткіштерінің, тарихи-мәде­ни нысандардың молдығы­на қара­мастан, өлкенің археология­лық зерттелу тарихы олқы соғып тұр. Бұл туралы газетімізде «Маңғыс­тауға археолог мамандар керек» деп мәселе де көтерген едік. Алай­да музей мамандарының айтуын­ша, кейінгі бес-он жылдықта ар­хеологтер мен тарихшылар Маң­ғыстау облысы аумағындағы а­р­хеологиялық ескерткіштерге заманауи археологиялық зерттеу әдістерін қолдана отырып, бұрын ғалымдар арасында ғана айтылып келген батыл тұжырымдар мен болжамдарды жариялай бастаған.

ва

Маңғыстау өңірінің климаттық жүйесінің ерекшелігі тарихы бір­неше ғасырларға созыла­тын, архео­логиялық қазба нысандарын­дағы аймақты мекен еткен бірнеше этносқа ортақ ескерткіштердің біздің кезімізге міні құрамай жетуі­не әсер етті. Мысалы, тарихы ерте темір дәуірінен бастау алатын тас мүсіндерді айтуға болады.

«Бұл ескерткіштерді зерттеу аса маңызды. Ең алдымен, аталған аумақты қандай тайпалардың ме­кен­дегені, тайпалардың әлеумет­тік жағдайы, рулық бөлінісі, рухани әрі діни танымы, қолөнері туралы деректерді жүйелей отырып, археологиялық сипаттамасын жасап шығаруға мүмкіндік өте жоғары. Сонымен қатар бұл ес­керт­кіштердің оңтүстік аймақ­тар­дан табылған тастардан айыр­машылығын, аталған тас қашау өнері мен тасқа жазу өнерінің батыстан солтүстікке қарай немесе оңтүстіктен батысқа қарай тарал­ғанын анықтауға әбден болады деген ойдамыз.

ва

Таңбалардың таралу аумағы­ның кеңдігі мен жүйелі түрде зерттеулердің жүргізіле бастауы қуантады. Ол – біріншіден, елдің археологиялық картасындағы және Орталық Азиядағы ақпа­рат­­­тық кемшіндіктің орнын тезі­­рек толтыруға көмектеседі, ғалымдарға ежелгі көшпелілер мен Орта ғасыр көшпелілерінің таңбалары мен белгілерінің орналасу ареалы, олардың иелерінің көші-қон векторын нақтылап, қо­ныстану аумақтары туралы сенім­дірек айтуға септігін тигізеді. Екіншіден, пәнаралық зерттеулер әдістемесіне сүйене отырып, таңба ескерткіштерін қолдану клас­­сификациясы, олардың функ­­ционалдық міндеттері мен өзге нысандармен байланысын ашуға байланысты мәселелерді көтеру мүмкіндігін беріп отыр», деп шолу жасайды Әбіш Кекілбайұлы атын­дағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қыз­мет­кері Түгелбай Нұрбек.

Деректерде еліміз аумағындағы Үстірт пен Маңғыстау ареалында орналасқан тас мүсіндерде ер кі­сінің тұлғасы белгілі бір қағи­дамен бейнеленген, яғни адам­ның оң қолы төмен түсіріліп, ал сол қолы шынтағынан бүгіліп, ішін басып тұр. Тас бейненің төменгі жағында: белдігінің сол жағына – қорамсақ, қыны бар семсер алдың­ғы жағына ілінген, қанжар оң жақ­қа бекітілген. Мүсіндерде бір немесе көп өрім ширатылған қалыпта – мойын­ға тағатын алқа бейнеленген. Ол скиф, сақтарда жоғарғы әлеуметтік дәреже мен билік белгісі болған. Мамандар тастардың бел­гілі бір дәрежеде таптық, әлеу­меттік-саяси мәліметтер ұсы­нып отырғандығын, олардың ғылы­ми химия, биологиялық үрдіс­тер­ден жеткілікті хабардар бол­ған­ды­ғын, әйтпесе қатардағы жай қол­ө­нер­ші өлкенің климаты мен ауа райын ескере отырып, мұндай өте ұзақ мерзімге сақ­та­­латын ескерт­кіштерді жасай алмай­тындығын айтады.

ва

«Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі – өлке тарихынан сыр шертетін рухани-мәдени құндылықтарды, өңірдің баға жетпес байлығы – асыл мұралары мен танымал тұлғалары туралы деректерді жинақтап, зерттеп-зерделеп, насихаттайтын бірден-бір тарихи-ғылыми мәдениет ошағы. Жаңа ғимаратымызда 8 көрме залын жасақтау жоспарланған болатын, әзірге Ә.Кекілбайұлы­ның өмірі мен шығармашылы­ғына арналған және «Қазіргі Қазақ­стан», «Маңғыстаудың мұнай өндірісі», «Археология», «Ақтау қаласының тарихы» және «Тарих» көрме залдары жұмыс істеп тұр. Биыл «Табиғат» және «Этнография» залдарын іске қосу межеленіп отыр.

Қазіргі таңда музей қорынан жасақталған барлық санаттағы келушілер үшін қызықты «Ежел­гі тетис құпиясы» атты палеонто­логиялық көрме келушілер тарапынан оң бағаланып жатыр. Осы орайда көрмені тамашалап, экскурсия тыңдауға келгендер мол рухани байлық жинап кете­ріне сенімдімін», деген музей ди­ректоры, тарихшы ғалым Э.Аб­ланова музей мамандарының Наурыз мерекесіне орай өскелең ұрпаққа ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас, арқан тартыс, аударыспақ сынды ойындар ойнатып, ұлттық ойындарды насихаттайтынын айтты.

Сондай-ақ музейде арнайы балалар үшін шақталып жасалған киіз үй қаңқасы бар. Осы макетті пайдаланып, жастар арасында «Киіз үй – ұлттық құндылықтар қазы­насы» атты киіз үй тігуден жарыс өткізеді. 18 мамыр – Ха­лық­­аралық музейлер мереке­сі­не орай жылда «Музей түні» шарасы ұйымдастырылып, түрлі ұлттық ойындар, этнографиялық көрмелер, сайыстар, шеберлер жәрмеңкесі, шеберлік дәрістер өткізілсе, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» РҚБ Маңғыстау облысы филиалының ұйымдастыруымен музей алаңында жас келіндердің және әжелердің «Әлемнің жары­ғын сыйладым мен саған» атты «Бесікарба» шеруі өтті.

Музей – ұлттың, өңірдің өткені мен бүгінінің шағын жиынтығы. Туристердің әр елдің мәдениеті мен тарихын, дүниетанымын му­зейіне қарап бағалайтыны тегін емес. Сондықтан қазақтай ежел­гі елдің, Маңғыстаудай мың қатпар­лы өңірдің өткенін түгендеп, бүгі­нін баяндап, дерегін жинақтап, жәді­герін жоғалтпаймын, салты мен дәстүрін сақтаймын, дә­лелдеймін деп ауыр да қиын жауап­кершілікті мойнына алған музейдің әлі де жасанып, жаңғыра түскенін қалаймыз және ол уақыт­пен бірге алға озып, жасампаздана түседі деп сенеміз.

Маңғыстау облысы