
Астанада 14 жасқа толған балалар да ресми жұмыс істей алады . Бұл туралы "Жасыл ел" жобасы жетекшісінің орынбасары Kazinform тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
"Жасыл ел" жобасы елдің барлық өңірінде жұмыс істейді. Жұмыс орындарының санын әр аумақтың әкімдігі белгілейді. Олардың ең ірілерінің бірі — Астана қаласы. Биыл мұнда 5 200-ден астам жасты жұмыспен қамту үшін бос орындар берілді. Қазіргі уақытта 3 мыңнан астам жастар жұмыс істеп жатыр. Жазғы маусым жұмыстары мамыр айынан басталып, тамыздың соңына дейін жалғасады. Елордадағы "Жасыл ел" бағдарламасының ең басты ерекшелігі — біз жұмысқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі жастарды қабылдаймыз. Қазір 3 мыңнан астам "Жасыл ел" сарбаздарының 90 пайыздан астамы — 14 жастан енді асқан балалар. Осылайша жастарымыздың санасында экомәдениетті қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз", — дейді Асылбек Бақытбекұлы.
Маман 14 жасқа толған балалар жұмысқа орналасу үшін не істеуі керегін түсіндірді.
"16 жасқа толмаған жастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 4 сағаттан артық жұмыс істемейді. Оларға жеңіл жұмыс беріледі. 16-дан асқан жастар ата-анасынсыз келіп, өтініш толтыра алады. Ал одан кішілері міндетті түрде ата-анасымен келуі керек. Олар туу туралы куәлік, ата-аналарының құжаттары және сенімхатын алып келуі қажет. Сонымен қатар әлеуметтік осал топқа жататын болса, оны дәлелдейтін анықтаманы да бірге алып келу керек", — дейді "Жасыл ел" жобасы жетекшісінің орынбасары.
"Жасыл ел" жобасы бойынша жұмыс істейтін жастар жалақыдан бөлек түрлі мерекелік іс-шараларға тегін кіре алады екен.
"Қазір оқушыларымыз қала бойынша жұмыс істеп жатыр. Өздері білім алатын оқу орындары мен қаладағы саябақтардағы ағаштарға су құю, көшеттерге күтім жасау сияқты жұмыстармен айналысады. Одан бөлек, жұмыс күндері республика бойынша жүріп жатқан "Таза Қазақстан" акциясына да атсалысып, белсенділік танытады. Әр шараға жүзден астам "Жасыл ел" сарбазын шығарып отырамыз. Олар парктерде жұмысын аяқтаған соң пикниктер ұйымдастырып, әлеуметтік желіге видеолар түсіреді. Біз экобелсенді жастарды тек жұмысқа баулып қана қоймай, елордада болатын мерекелік іс-шараларға қатыстыруға тырысамыз. Ол үшін бізге әкімшіліктен арнайы билеттер беріліп отырады", — дейді маман.
"Жасыл ел" жобасында жұмыс істейтін балалардың жалақысы тікелей өз шоттарына түседі. Бағдарлама бұл үшін де тиімді жағдай жасаған.
"14 жастағы балаларға жалақы беру үшін Қазақстан Республикасында бір ғана банк жұмыс істейді. Біз сол банкпен келісіп, жұмысқа келген балаларға жеке есепшот ашамыз. Жалақы жұмыс істеген оқушының шотына тікелей түседі. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтағы балаларға басымдық береміз. Олардың ата-анасы мемлекеттен көмек алады. Егер осы балалар жұмыс істеп, ол ақша ата-аналардың есепшотына түссе, мемлекеттен қосымша қарастырылған көмекті ала алмай қалады. Осы мәселені болдырмау мақсатында біз 14 жасқа толған балаларға жеке есепшот ашып, жалақыны сонда аударуды жөн көрдік", — дейді Асылбек Бақытбекұлы.
14 жастан асқан оқушылар 1 ай қызмет еткені үшін 65 мың теңге жалақы алады. Ал кәмелет жасқа толып, арнайы мекемеде жұмыс істейтін жастардың жалақысы 200 мың теңгеден асады.
"Астана қаласы бойынша бізбен құрылыс компаниялары тығыз жұмыс істейді. Олар бізден әр маусымда 100-ден аса жасты жұмысқа қабылдайды. Жастар онда көмекші жұмыстармен айналысады. Ол үшін 160–180 мың теңге жалақы алады. Одан бөлек, біз тағы 65 мың теңге ынталандыру сыйақысын беріп, арнайы формамен қамтамасыз етеміз. Бізде ынталандыру сыйақысы — 1 айға 65 мың теңге", — дейді "Жасыл ел" жобасы жетекшісінің орынбасары.
Алайда Асылбек Бақытбекұлы "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша оқушылармен келісімшарт тек 1 айға жасалатынын айтады.
"Жұмысқа сұраныс өте жоғары. Бізге жұмысқа тұру мәселесі бойынша тынымсыз хаттар келеді. Кеңсемізге күнде келетін ата-аналардың да саны көп. Бізде 5 200-ден астам бос орын болса, оған 30 мыңнан астам сұраныс бар. Себебі Астанада 14 жастан асқан оқушылар да, студенттер мен жастар да өте көп", — дейді ол.