• 13-06-2025

Павлодар облысында инфрақұрылым мен әлеуметтік салада серпін бар

Павлодар облысында соңғы жылдары инфрақұрылым мен әлеуметтік салада ауқымды өзгерістер болды. Мың шақырымдай жол жөнделіп, 34 әлеуметтік маңызы бар нысан бой көтерді. Жаңа «Достық» шағынауданы құрылды. Өңірге тартылған инвестиция көлемі артып, жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеген. Мемлекет басшысының тапсырмалары өз мерзімінде орындалып жатыр. ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев облыс активімен кездесіп, атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Ол «Ертіс-Баян» өңірінің халқына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен зор ықыласын жеткізді.

Кездесу Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелерді түсіндіруден басталды. Кеңесші мәлімдегендей, Ұлттық құрылтай – елдің идеологиялық бағытын ғана емес, мемлекеттік ұстанымын да айқындайтын маңызды алаң. Павлодар өңірі ұлт руханиятына, ғылым мен мәдениетке елеулі үлес қосқан ұлы тұлғалардың туған жері ретінде ерекше орын алады.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің Кеңесшісі:

- Павлодар облысы, шын мәнісінде, қазақтың қаймағы бұзылмаған, біздің ұлыларымыздың, ұлт мақтаныштарының туған жері. Біздің еліміздің руханиятының дамуына, ғылымның дамуына, мәдениетіміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқан тұлғалардың отаны болып саналатын осы өңірге келіп отырмын.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім еңбек адамының мәртебесін көтеріп, елдің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Қазір облыста кәсіби-техникалық білім беру жүйесі жаңғыртылып жатыр. 42 оқу орны түлектерге тегін білім беріп жатыр. Ірі кәсіпорындар дуалды оқыту жүйесіне белсене атсалысып отыр. Осы үдерістерді Қоғамдық кеңес мүшелері бақылауға алған.

Еркеғали Жанғазы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Павлодар облысына берілген бағаны өздеріңіз естідіңіздер. Қанша жол салынды, қанша инфрақұрылым салынды. Оның бәрі, әрине, ескеріледі, дегенмен ары қарай да дамуға бағытталған іс-шараларды қолдану керек. Инвестиция тарту керек. Экономиканы жөндеу керек.

Кездесу барысында Президент Кеңесшісі білім беру, жұмысқа орналасу және инфрақұрылымды жақсартудың маңызына тоқталды. «Заң мен тәртіп», геосаяси жағдайлар да назардан тыс қалмады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков