• 12-06-2025

Қ. Тоқаев пен Р. Фицо кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді .

Сондай-ақ 22 бірлескен кәсіпорын түрлі секторда қызмет етіп жатыр. Ал екі елдің тауар айналымы былтыр 140 миллион долларға жетті. Енді тараптар осы серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті. Бұл туралы кеңейтілген құрамдағы келіссөзде айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық әріптестікке баса назар аудару қажет деп санайды. Сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, аса маңызды шикізат материалдары сынды салаларда мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Словакия Еуропа Одағына мүше мемлекеттердің ішінде айтарлықтай белсенді әрі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі. Бұл жетістік Сіздің Үкімет басшысы ретіндегі көреген көшбасшылығыңызды көрсетеді. Словакияның аймақтық және халықаралық істерге қатысты айқын ұстанымы Сіздің сындарлы жаһандық дамуға бейіл екеніңізді дәлелдейді. Мен саяси диалогтың беки түскенін, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуын, сондай-ақ көп жақты форматтағы ықпалдастықтың тиімді іске асырылуын жоғары бағалаймын.

Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі 1944-1945 жылдары Словакияны азат етуге қосқан өлшеусіз үлесі үшін қазақ халқына шынайы ризашылығын білдірді. Кеңес әскері сапында Қазақстанның миллионға жуық сарбазы қан майданда шайқасты. Олардың ішінде 60 мыңға тарта жауынгер Словакияны жаудан қорғау үшін жанын пида еткен. Роберт Фицо сол сұрапыл уақытта Словакияға жасаған жақсылықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз деді. Байланысты бектіте түсетін жаңа бастамаларды бастауға бейіл екенін жеткізді.

Роберт Фицо, Словакия премьер-министрі:

- Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет.