• 15-06-2025

Астанада «Хабар Summer» жазғы фестивалі өтті

Елордада «Хабар» Агенттігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Хабар Summer» жазғы фестивалі өтті. Негізгі мақсат – теледидарды студия қабырғасынан шығарып, шынайы көрерменмен бетпе-бет жүздестіру.

Шара таңертең «Оян» бағдарламасының ашық аспан астындағы арнайы шығарылымымен басталды. Жүргізушілер студиядан шығып, көрерменмен саябақта жүздесті.

Қала тұрғындары кәсіби йога жаттықтырушыларымен тыныс алу жаттығуын жасап, медицина, психология саласының мамандарынан пайдалы кеңестер алды.

Ержан Мырзабаев, кәсіби отбасылық психолог:

- Көрермен көп жағдайда теледидардың арғы жағында көріп үйреніп қалған. Адамдармен бетпе-бет оффлайн түрде кездесу өте маңызды. Біз қазір мынау онлайн мен оффлайнның интеграциясына көбірек назар аударуымыз керек. Қазір бізге жанды әңгіме жетпей жатыр. Тікелей адамдармен қарым-қатынас құрай алу, суретке түсе алу, сөйлесе алу. Тірідей ол адамдарды көру. Ешқандай суфлерсіз, сценарийсіз деген сияқты шынайылық қазіргі таңда жоғары бағаланады.

Ал караоке аймағында қазақтың танымал әндері шырқалып, флешмоб ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік шараға белсене атсалысып, өз әсерлерін бөлісті.

Зүлфия Ибраева, қала тұрғыны:

- Балаларға өте көңілді. Астана халқына да жақсы болды деп ойлаймын. «Хабар» арнасына тілейтінім, біріншіден, жұмыстарыңыз берекелі болсын! Әрқашанда осылай биіктен көрініп, «Хабар» арнасын жүргізе беріңіздер.

Сахна төрінде отандық әртістер өнер көрсетті. «Khabar Summer» балаларға да ерекше мереке сыйлады. Бүлдіршіндер беттерін арнайы бояумен әрлеп, ойын ойнап, көңіл көтерді. Ал жас таланттардан құралған би ансамбльдері шеберліктерімен көрерменді тәнті етті.

Қарлығаш Сейілханова, «Самғау» би ансамблінің жетекшісі:

- Менің қыздарым екі бимен шықты. Бүгін осы программаны, мерекені хип-хоп биімен ашты және вакинг биімен жабамыз. Шараға 10 деген баға беремін. Бүгін ауа райы да өте тамаша болып тұр.

Зарина Жахина, қала тұрғыны:

- Әр жастағы балалар билеп жатқанда олардың өте талантты екенін көресің. Шынымен, ол көңіл күйді көтереді және де қуаныш сыйлайды. Өз елімізде балалар еркін түрде осылай билеп, таланттарын көрсетіп, дамытып жатқандарына жақсы мүмкіндік.

«Khabar Summer» фестивалі көк жәшіктің ар жағынан күнде сәлем беріп, жаңалық жаршысы саналатын ақпарат кеңістігі мен көременнің арасындағы көпір іспеттес. «Мұндай формат арқылы арна жобалары кеңінен таныстырылып, қоғаммен байланыс нығаяды», – дейді шара ұйымдастырушылары.

Лаура Ишанғалиева, «Хабар» Агенттігі» АҚ маркетинг және PR бөлімінің басшысы:

- Бұл негізінде ашық аспан астында өтетін отбасылық іс-шара. «Хабармен» «Оян» бағдарламасынан бастаймыз. Ол: йога, концерт, караоке және жақсы көңіл күй. Негізінде осы іс-шара біздің көрерменге жақын болу үшін және оларға жақсы көңіл күй беру үшін арналған.

Аида Ахметжар, «Хабар» Агенттігі» АҚ Хабар телеарнасы, «Оян» бағдарламасының продюсері:

- Басты мақсаты – «Оянның» көрерменімен жүзбе-жүз жүздесіп, «Хабар» телеарнасындағы ауқымды жобаларды таныстыру. Өнер болады, ән болады, би болады. Жалпы осындай іс-шаралар «Хабардың» жобаларын дамыту, барынша көрсету мақсатында жасалып отыр.

Кешкісін көпшілік назарына отбасылық «Келінжан» кинокомедиясының ашық аспан астындағы көрсетілімі ұсынылды. Қала тұрғындары жайлы пуфиктерге жайғасып, сүйікті кейіпкерлерімен бірге күліп, жылы эмоциялармен бөлісті.

Озған Тобақабылов, қала тұрғыны:

- Шыны керек, кинотеатрға барып немесе телефоннан көргеннен сыртта көріп отыру өте бір ерекше деп ойлаймын. Келінжан фильмі – Қазақстандағы комедия жанрындағы өзіндік ойып алар орны бар кинолардың бірі. Сериал артынан киноға айналғаннан кейін бұл бір өте керемет туынды. Мұнда қазақтың салт-дәстүрі, қарым-қатынас туралы айтылған.

Сағыныш Әбікей, «Хабар» Агенттігі» АҚ тележүргізушісі:

- Бұл таза ауаға шығып, кешкі серуенде жүрген көрермен үшін ерекше формат деп ойлаймын. «Келінжан», білесіздер, ауқымы өте кең, бірнеше маусымнан құралған, күзде де алтыншы маусымы түсіріліп жатқан мега тележоба. Үлкен телесериал. Көрерменнің көзайымына айналған сериалдардың бірегейі десек болады. Сондықтан да осы «Келінжан» фильмін ұсынып отырмыз.

«Хабар Summer» фестивалі көрерменге теледидар бұл тек экрандағы сурет қана емес, оны жасайтын және тамашалайтын адамдардың арасындағы байланыс екенін еске салды. Осындай тікелей жүздесу барысында шынайы эмоция мен рухани жақындық пайда болатыны анық байқалды.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Таир Мерекенов, Бағдат Қайыркен