• 16-06-2025

Көкшетаудағы жасөспірімдер әскери дайындығын күшейтті

Көкшетаудағы «Айбын» әскери-патриоттық клубы халықаралық деңгейдегі жастар жиынына дайындықты күшейтті. Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің тәрбиеленушілері жарысқа 5 рет қатысып, соңғы 3 жыл қатарынан жүлделі орындардан көрінді. Клуб саналы, жауапты, әрі өз елінің нағыз патриот азаматтарының жаңа буынын қалыптастырып келеді.

Санаулы секундтарда автоматты бөлшектеп, жинайтын айбындық жас патриоттар эстафетада пневматикалық винтовкадан да, садақпен де атып сынға түсті. Арқан тартысып, білек күшін сынады.

Қуаныш Қалиев, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Айбын» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

Кез келген жарыста тек физикалық дайындық емес, оған қоса психологиялық даярлықтың да маңызы зор. Түстен кейін спорттық алаңға шығып, физикалық дайындыққа кірісеміз, кросс жүгіреміз, турникке тартыламыз. Қыздар фитнес залына кіріп, әрі қарай физикалық жаттығуларды жалғастыра береміз.

Жасөспірімдер бұл жарыста практикалық жаттығулармен қатар түрлі тактикалық және интеллектуалдық тапсырмаларды орындайды. «Smart-сарбаз» жобасы арқылы жас патриоттар өздерінің ғылыми-техникалық білімдерін де жетілдіруде.

Әмір Қажақпаров, «Айбын» әскери-патриоттық клубының командирі:

Қазіргі таңда мен осы «Айбын» әскери-патриоттық клубында жаттығып жүрмін ғой. Оқуымды бітіргеннен кейін өзімді әскери тұрғыдан көре аламын. Осы «Айбын» мені әскери, физикалық, психологиялық тұрғыда және патриоттық тұрғыда жетілдірді.

Бибінұр Әмірханқызы