• 17-06-2025

Ортақ үй образы

Арқаға бет бұрған ұлы көш ­ширек ғасыр ішінде тамса­на айтатын арман қала тұр­ғызды. Қазір Астана – елі­міз­дің бет-бейнесі, халық­ара­лық арена­­­да­ғ­ы айнасы. Болашаққа ұмтылған бас қаланың инфрақұрылымы қарқынды дамып, заманауи ғимараттар мен көгалдандырылған аймақтар көбейді. Десе де, кез келген қала өзінің ажарынан бұрын таза­лығымен баурап алатынын ұмытуға болмайды. Бұл – тек атқарушы билікке ғана емес, әрбір қала тұрғынына қатысты ортақ жауапкершілік. Сондықтан елорда тазалығы – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қа­шанда ерекше мән беріп келе­ді. «Шын мәнінде, елімізді көгал­дандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кете­тін бір реттік науқан емес. Атал­ған жұмыс тұрақты түрде жүр­гізіледі. Туған жерімізді таза ұс­тауымыз керек. Бұл – жалпы­ұлттық мәселе», деді Президент.

Мемлекет басшысы үнемі назарда ұстап отырған мәселеге тікелей қатысы бар кәсіпорынның бірі – «Астана тазалық» компаниясы. Еліміздегі ең ірі ком­муналдық мекемелердің бірі саналатын бұл ұжымда 2 мың­ға жуық қызметкер жұмыс істей­ді. Олардың қатарында жұ­­мыс­шылар, арнайы техника жүр­гізушілері, инженерлік-тех­­ни­­калық қызметкерлер бар. Кәсіпорын 500-ден астам арнайы техникамен жабдықталған, тәулік бойы тоқтаусыз қаланы тазалау жұмысын атқарады. 2008 жылы құрылған «Астана тазалық» ЖШС бас қаланың Есіл, Алматы, Сарайшық, Сарыарқа, Байқоңыр, Нұра секілді алты ауданында санитарлық тазарту, ме­ханикаландырылған жинау, су тас­қынының алдын алу жұмыс­тарын жүзеге асырып келеді.

Негізгі міндетіміз – қаланы таза ұстау. Көше, жол, алаң, тротуар және қоғамдық орындарды қолмен, механикаландырылған әдіспен тазалау жұмыстарында қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа әдістерді кәсіпорын кеңінен қолданып жүр. Диспет­черлік GPS бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді. Көшелерді тазалау цикліне тұрақты бақылау орнатылған. Сонымен қатар «Астана тазалық» елордадағы таза­лық деңгейін арттыру, қор­шаған ортаны қорғау мақсатын­дағы экологиялық іс-шараларға белсене қатысады. Биыл сәуір айы­нан басталған «Таза Қазақ­стан. Астана – тазалық пен тәр­тіп­тің үлгісі» ауқымды акция ая­сында елорда тұрғындары жалпы­қалалық сенбіліктерге қатысып, абат қаланың ажарлануына үлесін қосты. Осының нәтижесінде көше қоқыстан тазарып, осы күндері Астанада бір миллионнан астам жасыл желек егу жұмысы кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – көпшілік арасында тазалық мәдениетін дәріптеу. Шынында да, біз тек ағаш отыр­ғызып жатқан жоқпыз, бола­шаққа деген үміттің тамырын жайып жатырмыз. Қаланы көгал­­­дандырып қана қоймай, эко­логиялық мәдениеттің не­гізін қалап, болашақ ұрпаққа табиғатқа құрметпен қарауды дәріптеп отырмыз.

Елордада «Таза Астана» әлеу­меттік жобасы іске қосылды. Кейін екінші кезеңде ортақ аумақтар­­­ды тазалау, санитарлық тазалау­дың жүйелі тәсілдерін тұрақты негіз­де анықтайтын бірыңғай платформа құрылады. Экоакция шең­­­берінде қалада нөсер, арық кәріз желілерін санитарлық тазалау, көшелерді, тротуарларды, аулаішілік аумақтарды, қоғам­дық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіліп жатыр. Сон­дай-ақ­ ағаштарды күтіп-баптау, көшет егу жөнінде маусым­дық агро­техникалық жұмыс, сау­да­ объектілеріне іргелес аумақ­тар­ды жинау, көгалдар мен гүл­­зар­ларды орнату бойынша іс-ша­ра­лар, рұқсат етілмеген полигон­дарды жою жүріп жатыр. Бұл жерде атқарылған істерді неге тізбектеп отырмыз? Оның себебі, жобаны іске асыру барысында тұрғындардың қалаға деген көзқарасын тұтынушының көзімен емес, қала ортасын орынды пайдаланушы бағытында дамыту мәселесін алға шығаруды мақсат еттік. Әңгіменің тоқетері, жұрт болып жұмыла атқарған іс-шара шын мәнінде елдік сипат алып үлгерді деп айтуға әлі ерте. Сондықтан да бүгін қала тазалығы төңірегіндегі ойларымызды басқа қырынан қарастырғанды жөн көрдік.

Аса өзекті мәселе – ел арасында әлі де көше тазалаушы ма­ман­дығына дұрыс көзқарас қалып­таспай отырғаны жанға батады. Олай дейтініміз, қала тазалығына қатысты мәселенің дені осы көзқарастан туындап жатқандай көрінеді. Күн сайын таңертең біз таза көшемен мектепке, жұмыс­қа немесе базарға асығамыз. Асфальт үстінде қоқыс жоқ, жа­пы­рақ­­тар жиналған, жол таза. Бұл – көзге көрінбей еңбек етіп жүр­ген көше тазалаушылардың ерен еңбегі. Олар күннің суығына, жауын-шашынға, аптап ыстыққа қарамастан таң қараңғысынан жұмысқа шығады. Бірақ қала таза­лығының алдыңғы шебінде жүр­ген мамандық иелерін тұр­ғын­дар жете құрметтеп жүр ме?

пр

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы маман­дық­тары жылы» деп жариялады. Бір сөзбен айтқанда, қоғам­да еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағала­нуға тиіс. Сондықтан да басқа қа­рапайым еңбек адамымен бір­ге көше тазалаушының жұ­­мы­­­сы да лайықты бағала­нып, дә­ріп­телуі ләзім. Жұмыс­шы ма­ман­дықтар жылы коммунал­дық, эко­логиялық қызметкерлердің де мәр­тебесін арттыруға бағыт­тал­ған. Меніңше, қоқыс тазалаушы – қоғамдағы ең абыройлы әрі құр­метке лайық мамандықтың бірі.

Әлемнің көптеген елінде коммуналдық қызметкерлерге ерекше әлеуметтік артықшылық­ қарастырылған. Олар тек жалақы немесе тұрғын үймен ғана емес, медициналық көмек, ба­ла­ла­рының білім алу мүмкіндігі, психо­логиялық көмек, қоғамдық көлік жеңілдіктері, зейнетақы жүйесі сияқты көптеген маңызды әлеу­меттік қызметтермен қам­тыл­ған. Мысалы, Германияда ком­муналдық қызметкерлер­дің көп­шілігі муниципалдық тұр­ғын үй бағдарламаларына ­қа­ты­са алады. Үздіксіз жұмыс істе­гендеріне пәтерді жеңілдік­пен жалға алу немесе сатып алу мүм­кіндігі беріледі. Францияда коммуналдық қызметкерлерге арнайы жұмыс орнына байланысты жеңілдетілген пәтерлер мен тұрғын үй субсидиялары бар. Швецияда коммуналдық жұ­мысшыларға қоғамдық тұр­ғын үй кезегі ұсынылады, бас­қа­ша кестелесек, еңбек еткен өтіліне қарай жеңілдікпен немесе жәрдемақымен пәтер алу мүмкіндігі бар. Қытайда да, әсіресе ірі қалаларда коммуналдық қыз­меткерлерге арналған тұрғын үйлер кешені бар. Ұзақ мерзім еңбек еткен қызметкерлерге пәтер сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі. Сондықтан да біздің елімізде, әсіресе, ірі мегаполистерде жұмыс істейтін көше тазалаушы мамандық ие­лерін ынталандыру мәселесіне көңіл бөлетін кез келді. Әсіресе еңбек өтілі 10 жылдан асқан жұ­мыс­шыларға жеңілдікпен пәтер беру механизмдерін қарас­тырғанымыз абзал. Мұның өзі кадр­лардың тұрақтануына, жұ­мыс сапасының артуына, жұ­мысшы мамандығының мәрте­бесін көтеруге үлкен серпін беретіні сөзсіз.

Жақында бір кітаптан Жер шарында бір мезгілде 60 миллиард адам қатар өмір сүре алады деген пікірді оқыдым. «Ойпырмай, қазірдің өзінде 8 миллиард әзер сыйып жүрген жоқпыз ба?» деп ойладым сонда. Әрі қарай тосын философияға кезіктім. Қазіргі ғылыми теория бойынша бұл Жердің адамдардан алатын жылуы мен Жердің адамдарға беретін жылуының тепе-теңдігіне байланысты екен. Осы үйлесім сақталған кезде Жердегі адам саны қазіргісінен 5-6 есе көп болса да еш қауіп жоқ көрінеді. Қа­рап отырсаңыз, барлығы адам­дардың мейіріміне байланысты. Шынында да, көше тазалаушыларды қаланың тұрғындарға жылуын қамтамасыз етушілер деп айтар едік. Айтары жоқ, көше­ні тазалау – тек жұмыс емес. Ол – қоғамға деген шынайы қам­қорлық. Сондықтан келесі жолы қоқыс тазалап жүрген адамды көрсеңіз, жай ғана алғыс айтып көріңіз. Меніңше, әлгі тепе-теңдік теориясы осы жерден бастап іске қосылары даусыз.

Қоқысты көшеге тастамау, шемішке шақпау, сағыз жапсырмау, қоғамдық орынды бүлдірмеу – бәрі адам мәдениетінің өлшемі. Мұндай әдеттер балалық шақтан бастап қалыптасуға тиіс. Кейбір елдерде, мысалы, Жапония мен Син­гапурда, тұрғындар тазалық­ты күнделікті өмір салты ретінде қабылдайды. Біздің ортақ үй образы деп отырғанымыз осы. Бұл мемлекеттерде балалар мектеп жасынан бастап, өз ортасын таза ұстауға үйренеді. Бізде, өкінішке қарай, көп жағдайда «тазалықты сақтау – тек коммуналдық қыз­меттің жұмысы» деген сыңаржақ түсінік қалыптасқан.

Тазалық мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Ең алдымен, отбасынан бастау керек. Әр ата-ана баласына қоқысты жерге тас­тамауды, тазалықты сақтауды үйреткені жөн. Бұл – баланың азамат болып қалыптасуына әсер ететін маңызды фактор. Сон­дай-ақ білім мекемелерінде эко­логиялық мәдениет пен жауап­кершілік жөнінде сабақтар мен іс-шаралар өткізу қажет. «Таза сынып», «Жас эколог» сияқты жобалар осыған ықпал етеді. Кез келген өркениетті қоғам жеке адамның жауапкершілігінен бас­талады. «Бір адамның мәдениеті – тұтас қала мәдениеті» деген сөздің мәні тереңде жатыр.

Мәдениет қашанда әрекет­пен өлшенеді. Адамның мәде­ниеттілігі оның сөйлеген сөзімен емес, күнделікті өмірде жасаған әрекетімен анықталады. Көше шетінде тұрған қоқыс жәшігіне бір қағазды апарып тастау – бір адамның ісі ғана. Бірақ осындай әрекетті мыңдаған адам қайта­лағанда, бүкіл қаланың бейнесі өзгереді. Бұл – қарапайым, бірақ өте маңызды заңдылық. «Жаман әдет – жұқпалы, жақсы әдет – үлгі» деген қасиетті қағида бар.

Меніңше, қала мәдениеті деген – ұжымдық сана мен жауап­кершілік. Бүгінде көптеген да­мы­ған елдің қалаларында таза­лық пен тәртіп жоғары дең­гей­де. Оның басты себебі – тұр­­ғындардың жоғары мә­дениеті мен заңға бағынуы. Олар қал­дықтарды сұрыптап тас­тайды; қоғамдық орындарды бүл­дірмейді; қоғамдық көлік пен инфрақұрылымға құрметпен қарайды; қала ортақ үй екенін терең түсінеді. Біз де осындай мәдениетті қоғам құруды ең алдымен әрқайсымыз өзімізден бастағанымыз жөн.

Еліміз қалаларының таза­лығы туралы арнайы заң қабыл­дау орынды әрі маңызды бас­тама болар еді. Қазір көптеген елде тазалық, экология, тұрмыс­тық қалдықтарды басқару туралы нақты заңдар бар, олар қала­лардың өмір сүруге жайлы болуына, экологиялық ахуалдың жақсаруына едәуір әсер етеді. Неліктен елімізге мұндай заң қажет? Ең алдымен, мұндай құжат қалалардың ластануына байланысты керек болып отыр. Ірі қалаларда, мысалы Алматы мен Астанада, тұрмыстық қалдықтар мен ауаның ластануы – өзекті мәселе. Тиісті заң болмаса, бұл жағдай ушығуы мүмкін. Заң ар­қы­лы қоғамдық орындарда таза­лық сақтау ережелері мен айып­пұлдар нақты белгіленсе, адам­дар тәртіпке көбірек мән береді.

Тазалық мәселесінің түп-тамыры тереңде жатыр. Олай дейтінім, туризм мен халықаралық имидж сияқты ұлтымыз үшін маңы­зы зор мәселе де ең алдымен, та­за­лыққа келіп тіреледі. Мем­ле­кеттің жасыл экономика, тұ­рақ­ты даму жөніндегі өте маңыз­ды саясатының астарында да тазалықты сақтау канондары алдыңғы планға шықпай қой­майды. Шынында да, қалдық­тарды дұрыс басқару жасыл эко­но­микаға көшу мен тұрақты даму мақсатының бір бөлігі екенін ешкім жоққа шығара ­алмайды.

Мұндай заң қабылдаған мемлекеттер бұл салада әлдеқайда алға кетіп қалған. Мысалы, Син­гапур – әлемдегі ең таза елдер­дің бірі. Онда қоғамдық орындарды ластағандарға өте қатаң айыппұлдар қарастырылған. Мысалы, көшеге қоқыс тас­та­ғаны үшін 1000 доллар айып­пұл, қайталаған жағ­дай­да қо­ғам­дық жұмысқа жегіледі. Жапония­да қалдық­тар­ды сұ­рыптап тас­тау заң­мен мін­дет­телген. Әр аймақ­тың өз ережесі бар, заң бұзған­дар айыппұл төлеуге мәжбүр. Германия елінде де қалдықтарды бөлек жинау (плас­тик, қағаз, органикалық, т.б.) заңмен реттеледі. Заң сақтал­маса, тұрғындарға немесе ком­панияларға айыппұл салынады. Сондай-ақ Канаданың да көптеген провинцияларында көше тазалығы мен қалдықтарды басқару туралы нақты заңдар бар. Айталық, Ванкуверде «Zero Waste 2040» жоспары жұмыс істейді.

Сондықтан елімізде «Қала тазалығы» туралы заң жобасын әзірлейтін уақыт келді. Тиісті министрлік бастама көтерсе, бұл іске өз үлесімізді қосуға әрқашан дайынбыз. Аталған заңның басты мақсаты еліміздегі қалалар мен елді мекендерде сани­тарлық тазалықты қамтама­сыз ету, экологиялық мәдениетті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту болуға тиіс. Заң жобасына қоқыс тастау, қоғамдық орындарды ластауға нақты айыппұлдар жүйесін енгі­зу, мектеп, ЖОО, БАҚ арқы­лы экологиялық білім беруді кү­шей­ту, қалаларда қалдықтарды сұрып­тау инфрақұрылымын да­мы­ту туралы арнаулы баптар енгі­зілуі қажет.

Қоғамдық орындарда таза­лық­ты сақтау – тек әдеп немесе мә­дениеттің белгісі емес, әрбі­рі­міздің қоғамға деген жауап­кер­­шілігіміздің көрінісі. Қоқысты арнайы орынға тастау, темекі тұқылы мен сағызды, бөтелке мен тағам қалдығын жерге тас­тамау ережелерін заң жүзінде міндеттеу арқылы ғана қоғамдық ортадағы тазалықты шын мәнін­де қамтамасыз ете аламыз. Бұл талап­тар бұзылса, айыппұл салу тәр­тібі енгізілсе, тазалық мәсе­лесі бұрынғыдан әлдеқайда жақ­саратынына сенім мол. Мұн­дай заңдардың орындалуын ішкі істер органдары, экологтер мен жергілікті әкімдіктер қатаң бақылауға алуы керек. Сонымен қатар жекеменшік, көпқабатты үйлердің аумағын таза ұстау мәселесі де нақты белгіленуге тиіс: үй иелері мен коммуналдық қызметтер міндеттерін жауапкершілікпен орындауы керек. Халық арасында тазалыққа шақыратын, экологиялық тәртіпті насихаттай­тын науқандарды БАҚ пен әлеу­меттік желілер арқылы белсенді жүргізу ісімізге рух беріп, жалпы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға жол ашар еді.

Елордамыздағы экологиялық талаптар қарқынды құрылыстың тасасында қалып жатқаны да шын­дық. Қаладағы шаң мен лас­тану деңгейінің жыл сайын артуы – жай ғана сыртқы келбет мәселесі емес, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін күрделі проблема. Құрылыс алаң­дарында санитарлық норма­лардың, мысалы қоршау орнату, құрылыс техникасының доңғалағын жуу, жолға су себу сияқты қарапайым талаптардың ескерілмеуі – заңның әлсіздігі мен бақылау жүйесінің тиімсіздігін әшкерелейді.

Қала тазалығын тек техника­ның күшімен емес, тиімді заң­дар мен ортақ қоғамдық жауап­кершілік арқылы ғана қамта­масыз ете аламыз. Сол себеп­ті экологиялық тәртіпті нақты­лайтын, тазалықты сақтау міндет­терін бекітетін арнайы заң қабылдау – бүгінгі күннің басты талабы.

Әр қалада өзіндік жүйе мен тәсілдер бар, бірақ олардың бә­рін біріктіретін ортақ қасиет – тәртіп, жауапкершілік, қорша­ған ортаға деген құрмет. Еліміз, соның ішінде Астана қаласы да осындай деңгейге жетсін десек, әлемдік тәжірибені зерттеп, бейімдеу – өте маңызды.

Замир САҒЫНОВ,

«Астана тазалық» ЖШС-ның бас директоры