• 20-06-2025

Қияндағыларға да қолжетімді интернет

Өйткені алдағы уақытта шалғайдағы ауылдар жылдамдығы жоғары интернетке қосылады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ үш мыңнан астам ауылды жылдамдығы жоғары интернетке қосу туралы инвестициялық келісім жасады.

Осы келісімнің нәти­жесінде талшықты-оп­тикалық байланыс желісін салу жобасы жос­пардан бір жыл ерте іске асады. Яғни келесі жылдың со­ңына дейін аяқталады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жер­серіктік байланыс арналарымен қамтылады.

Осылайша, аталған жоба 2027 жылдың соңына қарай еліміздегі ауылдардың 99 па­йызын жыл­дамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­реді. Қысқасы, таяу арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық кіру нүктелері мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеті желіге қол жет­кізбек. Ауылдық елді мекен­дерді талшықты-оп­тикалық (88%) және жер­серіктік арналар (12%) арқылы желіге қосады.

Цифрлық даму, инно­вация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев өз сөзінде жоба аясында өңірлерді дамытуға тең жағдай жасайтын цифрлық іргетас қаланғанын жеткізді.

«Басты міндетіміз – ауылдарды интернетке қосумен қа­тар, елді мекендерді еліміздің цифрлық экожүйесіне енгізу. Бұл – білім алу, медицина, мем­­ле­кеттік қызметтерге тең дәре­­жеде қолжеткізудің негізі. Инфрақұрылым тұрақты және ашық түрде жұмыс істе­генде, шағын бизнес, ауыл мектептері мен жастарға арналған жаңа кә­сіптік бағыттарды дамы­туға жол ашады», деді ол.

Жобаға құйылған инвести­цияның жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асады. Бұл – бюджеттен тыс қаражат. Оны «Қазақтелеком» АҚ ірі телекоммуникациялық инфрақұрылымын пайда­ла­ну­дың арқасында жүзеге асырған.

Ал «Қазақтелеком» АҚ бас­қарма төрағасы Бағдат Мусин ауыл мен қала баласы­ның мүмкін­дігі білім алу, өзін-өзі дамыту мен заманауи технологияны пайдалануда тең дәрежеде болуға тиіс екенін айтты.

«Біз цифрлық теңсіздікті жою­ды шалғайдағы ауылдардан бастадық. Интернетке қол жеткізу – қажеттілік. Оны ел Президенті нақты айтқан болатын», деді Б.Му­син.

Сондай-ақ жоба шеңберінде ауылдағы ұялы байланыс ба­­залық стансаларының инфра­құрылымы күшейтіледі. Бұл ны­сандарға дейін жеткізіп тал­шықты-опти­калық желіні төсеу мобильді интернет пен бай­ла­ныс­тың сапасын едәуір арттыра­ды.

Азат ЕСЕН