• 21-11-2025

Елордада «Турин кебіні» мен «Қасиетті кітаптар» халықаралық көрмесі ашылды

Бүгін елордада «Турин кебіні» мен «Қасиетті кітаптар » халықаралық көрмесінің ашылу салтанатты өтті,деп хабарлайды 24kz.

Шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, діни бірлестік басшылары мен мәдениет және ғылым саласының көрнекті өкілдері қатысты. Көрмеде әлемдік діндердің қасиетті қолжазбалары қойылып, христиан әлеміндегі бағалы жәдігерлердің бірі Турин жамылғысының көшірмесі ел тұрғындарының назарына алғаш рет ұсынылды.

«Турин кебіні» мен «Қасиетті кітаптар» көрмесі рухани көшбасшылардың, дәстүрлі дін өкілдерінің басын біріктірген мәдени басқосу алаңына айналды. Шарада келушілер назарына бұған дейін бірнеше елде таныстырылған Турин жамылғысы ұсынылып, 30-ға жуық тарихи жәдігер қойылды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Бүгінгі «Турин кебіні» мен «Қасиетті кітаптар» көрмесінің ашылуы алда болатын VIII дәстүрлі дін көшбасшылары съезінің маңызды бастамасы. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дін қай заманда болмасын тәрбиелік қызмет атқарғанын, Құран, Інжіл, Тәурат және басқа да қасиетті кітаптардың адамгершілікке, жанашырлыққа және мейірімділік үндейтінін жеткізді. Сондай-ақ осынау айтулы шараға, бүгінгі көрме ұйымдастырушыларына Мемлекет басшысы өз алғысын білдірді.

Асылбек Орынбасар, араб калиграфы:

- Мұндай іс-шара тек біздің арамыздағы, әртүрлі діндер, мәдениеттер арасындағы диалогты, қарым-қатынасты, беріктіктік, ұйымшылдықты нығайта түседі. Осы іс-шараны тек өзімізде өткізбей, көршілес елдерде, басқа да аймақтарға өнеге, үлгі ретінде көрсетуіміз керек.

Көрмеде кебіннің дәлме-дәл көшірмесін тамашалауға болады. Ғалымдардың пайымдауынша, «Турин кебіні» Иса Пайғамбардың денесі оралған жамылғы болуы мүмкін. Десе де, әзірге бұл тек болжам ғана. Кебіннің нақты иесін әлі күнге дейін дөп басып ешкім айта алмайды.

Томаш Пэта, Астана қаласының митрополиті:

- Бұл көрме азаматтардың діни таңдауына шектеу қоймайтын, Қазақстанның еркін мемлекет екенін, дінаралық ынтымақтастыққа ашық ел екенін көрсетеді. Сондықтан бұл көрмелер рухани және материалдық құндылықтардың іргетасы қалай қаланғанын аңғартады. Келушілер мол мұрамен танысып, үлкен рухани азық алады деп ойлаймын.

«Қасиетті кітаптар» көрмесіне келушілер 50-ге тарта сирек кездесетін қолжазбаға куә болды. Олардың қатарында VII, XIX ғасырдағы Құран қолжазбасы, Талмуд, Тора, буддистік Трипитака мен Кенесары ханның Құран кітабы да бар.

Ермек Мұқатай, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб-муфти:

- Бұның бәрі, әлбетте, сол діннің, сол халықтың үлкен өркениеті ғой, мәдениеті. Оны зерттеу, ары қарай жалғастыру, болашақ ұрпаққа қалдыру да өте маңызды және бұл жерде ерекше айтып өтетін нәрсе – қолжазбалар. Қолжазбалар арқылы өзіміздің тарихымызды, өткен бабаларымыздың қаншалықты білімге құштар болғанын, олардың сіңірген еңбегін көре аламыз.

Халықаралық көрме Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қазақстандағы Православие шіркеуі сынды еліміздегі түрлі діни мекемелердің қолдауымен ұйымдастырылды. Рухани құнды жәдігерлер Ұлттық музейде 25 қыркүйекке дейін тұрады.

Авторлары: Назым Қайрат, Мерей Талап, 24 КЗ