Ұлттық құрылтайға қатысушылар еліміздің әр өңірінен келді
Ұлттық құрылтайдың жұмысы елдің тарихи жадын жаңғыртуға, ұлттық құнды лықтарды ұлықтауға және жаңа са ...
Елде шетелдік студенттер көбейіп келеді. Кейінгі екі жылдың өзінде олардың саны 17%-ке артқан, деп хабарлайды 24kz.
Әсіресе, медицина, IT, инженерия салалары бойынша білім алып жатқандар көп.
Динара Орынтай, тілші:
- Жоғары оқу орнына түсу әрбір студент үшін маңызды кезең. Ал өзге мемлекетте білім алу – жаңа өмірлік тәжірибе. Қазіргі таңда елімізде жылдан жылға шетелден келген студенттер саны артып келеді. Олар Қазақстандағы студенттік өмірге қалай бейімделеді?
Билал Макбул – Үндістаннан келген студент. Қазір Астана медицина университетінде оқиды. Бала күнінен дәрігер болуды армандапты. Жолы болып, Қазақстанға оқуға түскен. Жалпы біздің елге шетелден келетін студенттердің ішінде үндістандықтар көш бастап тұр. Бір ғана Астана медицина университетінде 729 шетелдік білім алады. Оның 500-ден астамы Үндістан азаматтары.
Билал Макбул, жалпы медицина факультетінің 4-курс студенті:
- Үндістандағы халық санының көптігіне байланысты университеттер барлық студенттерді қабылдай алмайды. Сол себепті жастар қолжетімді әрі сапалы білім алудың мүмкіндіктерін іздейді. Қазақстан сол бағыттағы ең жақсы таңдаудың бірі. Себебі мұнда әлемнің көптеген елдерінде мойындалған медициналық диплом беріледі. Мен әрқашан көпұлтты ортада білім алуды армандадым. Қазақстан маған осы мүмкіндікті ұсынды.
Биыл елде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жүр. Олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ке өскен. Олардың ішінде Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея сияқты дамыған елдерден де студенттер бар.
Гүлзат Көбенова, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы:
- Бүгінгі күні елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студенттер білім алуда. Өздеріңіз білесіздер, бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындары білімді мемлекеттік тілде де, орыс тілінде де, шет тілдерінде де ұсынады. Сол себептен, бүгінгі күні жылдан жылға қызығушылық өсіп келе жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде бізде шетелдік студенттердің қызығушылығының және санын артқанын көріп отырмыз.
Студенттердің айтуынша, Қазақстанда оқу бағасы қолжетімді әрі білім беру жүйесі халықаралық стандарттарға сай. Бұдан бөлек, шетелдік студенттердің бейімделуіне жан-жақты қолдау бар. Олардың оқуы мен тұрмыс жағдайына да қолайлы орта қалыптасқан.
Йеффри Ван Ден Бринк, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар факультетінің студенті:
- Алғашында өз елімде қалып, білімімді жалғастыру мүмкіндігі болды. Осыған қарамастан, Қазақстанда оқуды таңдадым. Еуразияның жүрегінде орналасқан бұл елдің шынайы тынысын сезініп, өмірімен жақын танысу идеясы қызықтырды. Мұнда білімнің қаншалықты халықаралық деңгейде екенін көріп, таңғалдым. Әсіресе, шетелдік оқытушылар мен түрлі елден келген студенттердің көптігі ерекше әсер қалдырды.
Джордж Сиау, Жоғары білім беру мектебінің студенті:
- Мұндағы орта мені шынымен де таңғалдырды. Басында тілдік кедергілерге тап боламын деп ойладым. Алайда, жергілікті халықтың ерекше қонақжайлығы мен мейірімділігі таңғалдырды. Қысқа уақыт ішінде көптеген жаңа достар таптым. Бос уақытымда олармен қызықты уақыт өткіземін.
Елдегі жоғары оқу орындарына шетелдік талапкерлерді тарту мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен жыл сайын 550 грант бөлінеді. Сондай-ақ кейбір жоғары оқу орындарында ай сайынғы шәкіртақы мен медициналық сақтандыруды қамтитын ішкі гранттар мен арнайы конкурстар қарастырылған.
Камилла Абдикадырова, Назарбаев университетінің талапкерлерді қолдау орталығының үйлестірушісі:
- Жалпы шетелдік студенттердің саны жылдан жылға көбейіп келе жатыр. Назарбаев университеті тарапынан шетел азаматтарына «Абай Құнанбайұлы» гранты бөлінген. Егер де конкурстан өтсеңіз, сол грантпен оқисыздар. Яғни, оқу ақысы жабылады және де шәкіртақы беріледі.
Ғылым және жоғарғы білім министрлігі 2029 жылға қарай шетелдік студенттер қатарын 10%-ке дейін арттырмақ. Бұл елдегі жоғары оқу орындарын шетелдік талапкерлер үшін тартымды етіп, білім беру жүйесінің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін қажет.
Авторы: Динара Орынтай