Арменияға бидай экспорты артады
Биыл біздің ел Арменияға бидай жөнелте бастады, деп хабарлайды 24KZ. Айдың басында алғашқы мың тоннасы 15 в ...
Қазақстан әлемдік логистикада маңызды ойыншыға айналды. Шығыс пен батыстың арасында алыс-беріс күн санап артып келеді , деп хабарлайды 24kz.
Пайдасын ойлаған кәсіпкер құрлық айналып, мұхит кешіп жүргенде ұтылатынын біледі. Геосаяси жағдай ушыққан заманда қатер де көп.
Ал бейбіт, бақуатты қазақ жері төте жол – Жібек жолы. Айшылық сапарды аптаның айналасында еңсеруге болады. Бұл сөзімізге дәлел де бар. Мәселен бұрын Қытайдан Кәрі құрлыққа 2 ай жүретін жүк қазір екі аптада барады.
Айталық, Қытай шекарасынан шыққан жүкті Еуропаға жеткізу үшін Қазақстанды көктей өтіп, Ақтау портына барады. Әрі қарай Еуропаға жөнелтіледі. Бұған дейін бұл арада елдегі теміржол дәліздерін жалғау үшін мың шақырымдық Жезқазған – Сексеуіл төте жолы салынғаны белгілі. Енді тағы төтелей түсеміз. Яғни, сол Жезқазғанға таяу Қызылжар стансасынан Мойынтыға дейін төте жол салынып жатыр.
Қытай мен Еуропаны, Ресейді, Азия елдерін жалғау үшін тағы бір маңызды теміржол Аягөз – Бақты бағытында теміржол құрылысы да жүріп жатыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Еуразияның кіндік ортасындағы Қазақстан негізгі логистикалық торапқа айналды. Бұл арада құрлықтан бөлек, әуе мен мұхитта жол салып, саудасын қыздырып отырған әлемдік нарықтағы алпауыт Қытайдың үлесі бөлек. Осы мүмкіндікті бізде қалт жібермей Қытай мен Еуропаны жалғадық. Ал транзит дегенде тек осы саладан көл-көсір тауып, күн көріп отырған мемлекеттер бар.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының біз үшін маңызы да осы. Өз тарапымыздан жолды реттеп, жүк көлемін ұлғайтып келеміз. Қазіргі қарқынды ескерсек, жыл соңына дейін 33 млн тоннаға жетуге тиіс. Ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 млн тоннаға жетеді деген жоспар бар. Енді бұл межеге қалай қол жеткіземіз?
Қазір елде теміржол құрылысы қарқынды. Бұлар: «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» «Бақты – Аягөз» және «Алматы айналма теміржолы». Осылардың ішінде екі жоба мерзімінен бұрын аяқталады. Биыл «Достық – Мойынты» мен «Алматы айналма теміржолы» қолданысқа беріледі. Ал келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» арасында пойыз қатынайды.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Алматы қаласының айналма теміржол дәлізі мына көптеген жүктерді, Алматының өзінде қалатын жүктер бар, Алматымен транзит арқылы өтіп кететін жүктер бар. Осы екеуін еш шатастырмай, бір-біріне кесірін тигізбей, екіге бөлуге мүмкіндік береді екен. Ал енді «Достық – Мойынтыға» келетін болсақ, ол жаңа айттым, 800 шақырымнан асады, бұл енді, әрине, жалпы Транскаспий бағытының өткізу қабілетін арттырады. Енді өзіңіз білесіз, бұл екі жобаның да құрылысы аяқталып қалды. Оны бір-екі айда халық игілігіне, эксплуатацияға тапсырамыз. Сол кезде ТМТМ бағыты бойынша «Достық – Мойынтының» өзі жүк тасымалын бес есеге арттыруға мүмкіндік береді.
***
Екі ай жүретін пойыз екі аптада барады
Жаңа жол көлік жүрісін тездетіп, соның арқасында жүкті тез жеткізеді. Бұрын Қытайдан Еуропаға дейін 53 күн жүретін жүк енді 17 күнде барады. Бұл өте маңызды. Себебі кейінгі жылдары отандық теміржолмен тасымалданатын жүк көбейіп келеді. Әсіресе, Қытайдың үлесі басым. Мәселен, кейінгі бес жылда көрші елге жеткізілген жүк көлемі 43% өссе, ал ол жақтан әкелінген жүк 58%-ке артқан. Сондай-ақ шығыс пен батысты жалғаған Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен тасымалданған жүк мөлшері былтыр 20 есе ұлғайды.
Қазір дәліздің бойында 7 терминал жұмыс істеп тұр. Бұлар – Ляньюньган, Сиань, Достық, Хоргос, Құрық, Ақтау және Алматы терминалдары. Жақында тағы 2 терминал ашылады. Яғни, Селятино және Свислочь терминалдары жұмысын бастайды.
Айболат Дәлелхан, қытайтанушы:
- Теміржолдардың барлығы Кеңес Одағы кезінде салынған жолдар. Ал ол кездегі маршруттар қандай мақсатта салынғанын білесіздер. Көбінде солтүстік пен оңтүстікті байланыстырған. Ал бізде қазір енді сауда қарым-қатынастарын көріп отырсыздар, шығыс пен батысқа бағытталып барады. Сондықтан жаңа тармақтарды одан әрі көбейту, қазір салынып жатқан, қазір пайдаланыстағы теміржол құрылыстары жеткіліксіз.
***
Ұлы Жібек жолы: теміржол цифрланады
Иә, елде 16 мың шақырым болат жол бар. Бірақ 57%-і тозып тұр. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, пойыздардың жүрісін тежеп отырған мәселе осы. Мәселені шешу үшін Үкімет ауқымды бағдарламаны бастады. Мұның шеңберінде 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жол жаңадан төселіп, 11 мың шақырымы жөнделеді. Сонымен қатар теміржол саласын цифрландыру қолға алынды. Бұл да қағазбастылықты жойып, жүктерді рәсімдеу мерзімін бірнеше есе қысқартады.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- ҚТЖ компаниясы жүктерді тасымалдаған кезде мысалы, қазақстандық тасымалдаушылар кезінде 7 түрлі инстанцияға жүгінетін. Біреуіне барып жүгін рәсімдейді. Екіншісіне барып тіркейді. Үшіншісіне барып қаражатын төлейді, тағысын тағы. Сондай 7 инстанция болған. Енді қазір ұлттық комапния, ҚТЖ ұлттық компаниясы осы 7 түрді «бір терезе» қағидатымен жаңағы бір порталға жасақтады.
Қазақстан транзиттік әлеуетін барынша пайдаланумен қатар қызмет сапасын да арттырып келеді. Бұл әлеует үш негізгі көрсеткіш бойынша бағаланады. Алғашқысы – жеткізу мерзімі. Яғни, көлік дәлізімен жеткізу уақыты 53 күннен 17 тәулікке дейін қысқарғанын айттық. Екіншісі – құжат рәсімдеу. Цифрлық технологияның арқасында рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін төмендеді. Ал үшіншісі – тариф.
Айта кету керек, 2023 жылдан бері теміржол тарифі өзгерген жоқ. Яғни, бұл тұрғыдан келгенде де отандық транзит нарығы тартымды болып отыр.
Авторы: Нұрқанат Қанапия