Балық шаруашылығына инвестиция тарту мүмкіндіктері молаяды
Елде кәсіпкерлік талаптарын бұзған балық шаруашылығымен айналысушылардың тізімі жасалып, 5 жылға су қоймасын ...
Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі логистикалық компаниясы Қазақстанның «Құрық» портына ауқымды инвестиция салады, деп хабарлайды 24kz.
Келісім құны 30 млн долларға тең. Бұл қаржы еліміздің батыс қақпасындағы жаңа астық терминалы құрылысын жүргізуге жұмсалады. Тиісті жобаға қаңтар айында Мемлекет басшысының Абу-Дабиге жасаған сапары кезінде қол қойылды. Араб компаниясы қазақ теңіз порттарының мүмкіндігін кеңейтуге және ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті.
Абу-Даби әмірлігі ірі кеме айлақтарымен әйгілі. Теңіз бойы жағалай бірнеше порт және терминал жұмыс істейді. Елдің негізгі алыс-берісін әрі азық-түлік қауіпсіздігін осы логистикалық орталықтар қамтамасыз етіп отыр.
Абдулазиз Заид әл Шамси, «Ad Ports Group» компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша атқарушы директоры:
- Біздің компания Араб әмірліктері үкіметіне қарасты логистикалық кәсіпорын. Абу-Дабиде Халифа атындағы заманауи портымыз бар. 2012 жылы ашылған. Қазір аймақтық деңгейде көшбасшы. Заманауи кеме паркімен әйгілі. Қазір бізде TOP үштікке кіретін су көліктеріміз бар. Ғаламдық серіктестермен жұмыс істейміз. Аталған порт индустриалды аймақпен тікелей байланыстырылған.
Қазақстанмен ынтымақтастық бір емес, бірнеше бағытта жолға қойылған. «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан теміржолы», «Қазтеңізтрансфлот» және Құрық портын басқарушы компаниялармен сенімді серіктестік орнаған.
3 жыл бұрын бірлескен компания жұмысын бастап, Каспий арқылы ірі танкерлермен мұнай тасымалы қолға алынды. Былтыр Еуропа бағытында еліміздің «Taraz» және «Liwa» кемелерімен 874 мың тонна қазақ қара алтыны экспортқа жөнелтілді.
Абдулазиз Заид әл Шамси, «Ad Ports Group» компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша атқарушы директоры:
- Қазақстан логистика және тауар тасымалдау саласын күшейту бағытында маңызды қадамдар жасады. Қазір инвестициялық ынтымақтастықтың арқасында аймақтағы сауданың ауқымы көбейіп жатыр. Сіздің елдің стратегиялық тұрғыда орналасуы өте маңызды дер едім. Әлемдік саудада шешуші рөл ойнайтын әлеуетке ие. Жергілікті серіктестерімізбен порттарды дамыту мен логистиканы ілгерілету мақсатында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделіміз. Қазақстанға алғашқы инвестициямызды 2023 жылы бағыттадық. Ол кезде Каспий теңізі арқылы мұнай тасымалдайтын ірі кемелерді іске қосып, су айдынына жіберген едік.
Жыл басында Абу-Дабидің мемлекеттік компаниясы Қазақстанның Құрық портына 30 миллион доллар инвестиция құятынын растап, арнайы келісімге қол қойды. Бұл қаржы жаңа астық терминалын салуға жұмсалмақ. Құрылыс екі кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқысы келер жылы аяқталады. Оның қорытындысында терминалдың тауар тасымалдау қуаттылығы 570 мың, кейін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізіледі. Жоба қазақстандық тараппен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 50 млн долларға пара-пар.
Абдулазиз Заид әл Шамси, «Ad Ports Group» компаниясының Орталық Азия және Шығыс Еуропа бойынша атқарушы директоры:
- «Саржа» жергілікті «Semurg Invest» компаниясымен бірлесіп қолға алынған жоба. Біздің жоспарымыз бойынша астық терминалы сыйымдылығы 1,5 млн тоннаға жетеді. Қазір ол құрылыс кезеңінде. Келер жылдың алғашқы жартысында іске қосылады деген үміттемін. Терминал теміржол желісімен байланысады. Қазақстанның барлық аймағынан жеткізілетін өнімді қабылдап, алып кемелерге тиейді. Сосын Каспий теңізі арқылы кәрі құрлық елдеріне экспортталады.
Қазақстан Орталық дәліз аталып кеткен жобаның зор әлеуетін ескеріп, Ақтауды ірі логистикалық хабқа айналдыруға кірісіп кетті. Осы ретте араб компаниясымен тиімді ынтымақтастық орнап, халықаралық тауар тасымалын әртараптандыруға нық қадам жасалды. Қос тараптың айтуынша, келешекте еліміздің негізгі экспорттық өнімдері мұнай мен бидайды миллиондаған тонна көлемде теңіз арқылы Еуропа асыруға кең мүмкіндік ашылады.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Араб компаниясы әмірлікке мұхитқа шығар тікелей дәліз ашып қана қоймай, бюджетке транзиттен түсер пайданы көбейтіп келеді. 11 теңіз порты мен әлем бойынша ондаған терминалға иелік етеді. Кезекте тағы бірқатары жүзеге асырылып жатыр. Логистика саласында мұндай бірлескен жобалар Қазақстан ғана емес, Грузиямен де қолға алынған. Себебі Транскаспий халықаралық бағыты немесе Орталық дәліздің маңызы қазір артып отыр. Ол Шығыс пен Батысты байланыстыратын негізгі логистикалық желіге айналды. Каспий айдыны арқылы Қазақстан, Әзербайжан, Грузия аумағын қамтып өтеді.
Авторы: Рауан Мыңбай