• 16-12-2025

Баскөл қуанышы: Туған жердің төрінде жаңарған мәдениет үйі

2025 жылдың 7 қыркүйегінде Павлодар облысы Май ауданы Баскөл ауылында бір ұрпақтың жадында сақталып қалатын күн туды. Жаңарып, қайта қанат жайған ауылдық мәдениет үйінің есігі айқара ашылып, ел-жұрттың қуанышы еселенді. Бұл сәт – тек ғимараттың жаңғыруы ғана емес, ауылдың рухани тынысын қайта тірілткен, тұрғындардың жүрегіне қуаныш ұялатып, келешекке деген сенімін арттырған ерекше белес.

Атам қазақ "Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық" деп бекер айтпаған. Баскөлдің әр тасын, әр соқпағын, әр шаңырағын қадірлейтін ауыл адамдары үшін мәдениет үйінің жаңғыруы – үлкен мереке. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасар өнер мен руханияттың алтын діңгегі, халықтың басын қосып, жүрегін біріктіретін қасиетті орда.

Ауылдың қақ төрінде қайта бой түзеген мәдениет үйі – "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасының жемісі. Соңғы жылдары Баскөлдің еңсесі көтеріліп, жолы жөнделіп, мектебі жаңарып, бүгін, міне, өнердің қарашаңырағы жаңғырды. Іші түгелдей қайта жасақталып, заманауи техникамен жарақтанған, сахнасы жаңа рухпен тыныстаған бұл үй енді ауылдың әрбір қуанышы мен шаттығының куәсі болмақ.

Фото: Май ауданының әкімдігі

Салтанатты шара ауылға арнау жырымен басталып, ақсақалдың батасымен бекіді. Тыл ардагері Жанболат Шахметұлының ақ тілегі көпшіліктің жүрегін елжіретті. Мәдениет ошағының ашылу лентасын жергілікті өнердің айнымас тұлғасы, сазгер Азамат Абдрахманов пен жас буынның жарқын өкілі, халықаралық олимпиада жүлдегері Ерсұлтан Қайыркен қиды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының символы, өткен мен болашақтың тоғысқан тұсы іспетті әсер қалдырды.

Фойеде құндылыққа толы көрмелер ұйымдастырылып, қонақтар Ертіс өңірінің қазыналы тарихына көз жүгіртті. Балалардың би дайындығын, қолөнер шеберлерінің бұйымдарын тамашалаған жұрт ауылдың шығармашылық әлеуетіне сүйсінді. Әр бұрыштан өнердің оты маздап, шабыттың лебі есіп тұрды.

Мәдениет үйі
Фото: Май ауданының әкімдігі

Аудан әкімі Қадылжан Сатиев жиналған қауымды құттықтап, мәдениет ошағына үлес қосқан ардагерлер мен еңбек адамдарына алғыс білдірді.

"Бүгін – баршамыз үшін тарихи сәт. Көптен күткен мәдениет ошағы – Баскөл ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, қайтадан халық игілігіне есігін айқара ашты. Мәдениет – ұлттың жаны, елдіктің рухани тірегі. Жаңарған мәдениет үйі ауылдың өнері мен шығармашылығының жүрегіне айналып, жастардың арманын қанаттандыратын қасиетті орда боларына сенемін", — деді аудан әкімі Қадылжан Сатиев.

Мәдениет үйі
Фото: Май ауданының әкімдігі

Сондай-ақ әкім мәдениет үйінің қайта жаңғыруы ауылдың әлеуметтік-рухани өміріне серпін беріп, тұрғындардың бірлігін нығайта түсетінін атап өтті. Оның құттықтау сөзі залдағылардың ыстық ықыласына бөленіп, шынайы қошеметке ұласты.

Кештің шырайын ашқан мерекелік концерт ауылдың өнерге бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Сахнаға шыққан "Әсем" вокал тобы, "Шаңырақ сазы" фольклорлық ансамблі, "Шұғыла" би ұжымы және жас дарындар өз өнерімен көрерменнің көңілін тербетті. Ән мен күй, би мен жыр тоғысқан сәтте Баскөлдің аспаны шаттық үніне толды. Әсіресе, ауылдың өз таланттарының өнер көрсетуі елдің рухын көтеріп, жүректерге мақтаныш сезімін ұялатты.

Мәдениет үйі
Фото: Май ауданының әкімдігі

Бұл күн – Баскөл жұртының ынтымағы мен берекесінің айғағы. Мәдениет үйінің қайта ашылуы – тек бүгінгі күннің қуанышы емес, келешек ұрпақтың өнерін өрге сүйрейтін, салт-дәстүрін дәріптейтін, ұлттық құндылығын асқақтататын үлкен мектеп. Туған жердің әрбір игілігі – елдің ортақ бақыты. Бүгінгі Баскөлдің тойы – ертеңгі ұрпаққа үлгі боларлық жарқын оқиға.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз