• 21-11-2025

Мемлекет тек шын мұқтаж адамдарға ғана көмек көрсетеді

Бұдан былай мемлекет тек шын мұқтаж адамдарға ғана көмек көрсетеді . Ал несие алған отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен құр қалуы мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осыған қатысты заңды қабылдауға сақадай сай отыр. Ведомство өкілдері мұны қоғамда әлеуметтік масылдық пен алаяқтықтың көбейгенімен түсіндіреді.

Қоғамда масылдық пен алаяқтықты азайту үшін әлеуметтік төлемдердің саны қысқартылып, мөлшері өзгертіледі. Тағы ең төменгі жалақы көлемі келер жылы да қаз қалпында сақталады. Тек 2029 жылы жоғарылауы мүмкін. Сонымен қатар әлеуметтік жәрдемақыдан үмітті отбасылардың табысымен қатар шығыны да есептеледі.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мәселен, үш адамнан тұратын отбасы 3 млн тг көлемінде несие алды делік. 3 млн теңгені бір тоқсанға немесе үш айға бөлсек, кісі басына шаққанда 1 млн теңгеден келеді. 1 млн теңгені отбасы мүшелерінің санына бөлсек, шамамен 300 мың теңгеден шығады. Бұл сома кедейлік шегінен жоғары. Яғни ол отбасы атаулы әлеуметтік көмекті ала алмайды. Меніңше бұл әділ.

Алайда Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «бюджетте қаржы жоқ» дегенді жай ғана сылтау деп атады.

Ринат Зайытов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеу жайында тапсырмасы бар. Қаржы жоқ дегені жалған сылтау деп ойлаймын. Себебі бізде керек емес жаққа да жұмсалып жатқан қаржы бар. Оның барлығын айтып, мына жерде дау көтермей-ақ қояйық.

Жалпы ел қазынасын үнемдеу саясатына қатысты жаңашылдықтардың нәтижесі жыл соңында белгілі болмақ. Осыған қатысты тұрғындардың пікірі қандай?

Естеріңізде болса, биыл сәуір айында декреттік төлем де өзгерді. Осылайша декретке бірнеше миллионмен шығудың жолы кесілді. Министрлік сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтіміне төленетін жәрдемақыларға қатысты ережелерге өзгерістер енгізген болатын.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік және босану бойынша жәрдемақылары мен атаулы әлеуметтік көмек түріндегі әлеуметтік төлемдердің заңсыз тағайындалу фактілерін анықтады. Жалпы 2024-2025 жылдар аралығында агенттіктің өндірісінде 1,2 млрд тг көлеміндегі залал мен 13 сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Жүктілік және босану бойынша заңсыз жәрдемақыларды заңсыз тағайындау деректері бойынша 10 іс тергеліп, олардың заңсыз схемасын ұйымдастырған 15 адам жауапқа тартылды. Жалған жұмыспен қамту арқылы 385 жүкті әйелге шындыққа сай келмейтін мәліметтер негізінде жәрдемақы тағайындалды.

Жуырда Ақтөбе облысында екі бухгалтер 6 жылға сотталды. Олар 2023 пен 2024 жылдар аралығында жергілікті әйелдерді бірқатар жеке кәсіпкерлікке тіркеп, бірнеше млн тг көлемінде төлем алғысы келген.

Инстаграмдағы парақшасында «Декретке миллионмен» курсын ашып, клиенттерге қызметін ұсынған. Қызмет алушылардың ресми жалақысын әдейі көтеріп, жалған көрсеткен. Мемлекетке келген шығын көлемі 98 млн тг. Әйелдің табысы жоғары болса да, енді есептеуге ең төменгі 7 жалақы мөлшеріне дейінгі табыс қана алынады. Ресми табыс бұдан көп болса да, есептеу тек 595 мың теңгемен шектеледі.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрғали Мамурбаев