• 21-11-2025

Шымкентте халықаралық технологиялар форумы басталды

Шымкентте халықаралық технологиялар форумы басталды .

Жиынға орталық Азия елдерінен ІТ саласының үздік мамандары, инвесторлар мен стартап жобалардың жетекшілері қатысып жатыр. Технологиялар мен инновацияларды дамытуға арналған ауқымды шара тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды қолдауға бағытталған.

Шымкентте жаңа технологияларға негізделген жиырмаға жуық цифрлық жоба енгізілді. Инновацияның игілігі коммуналдық қызмет, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларында тиімділігін көрсете бастады. Халықаралық форумда әлемнің жетекші компаниялары мен креативті индустрия өкілдері ортақ серіктестік орнатпақ.

Мұхит Кемелов, Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:

- Кеше әр түрлі локацияларда бизнеспен кездесу болды. Одан бөлек университеттермен кездесті. Бұл іс-шарада негізгі күтілетін 5 стартапқа ментор тағайындалады. Қазір қай стартаптарды таңдайтынын көреміз.

Тәлімгерлерге өңірлік технопарк атынан қос жоба таныстырылды. Соның бірі жасанды интеллект арқылы медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған. Озық ойлы жастар халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасып, жаһандық даму туралы ақпарат алмасты.

Тимур Қозыкеев "SHYMKENT HUB" өңірлік технопаркінің директоры:

- Қазірі таңда негізі жасанды интеллектіні қолдануымыз елдің дамуына немесе әлемдік нарықта бәсекелестікке тойтарыс беруге көмектеседі. Мұндай форумдар енді басталып жатыр. Бұл бізге кішігірім серпін береді деп айтсақ болады.

Халықаралық форумда цифрландыру, смарт қала жүйесі, киберқауіпсіздік секілді өзекті тақырыптар да қамтылды. Секциялық отырыстар ұйымдастырылып, ашық форматта іскерлік кездесулер өткізілді.

Абтин Агаголян, «Рikd» компаниясының техникалық директоры:

- Қазақстан болашағын болжай білетін ел. Мұндай форумдар өңірдің технологиялық дамуына жол ашады. Біз бұған дейін бірнеше компаниямен жұмыс істегенбіз. Соған қарап-ақ технологиялық жаңа шешімдерге әрдайым ашық екендіктеріңізді көрсетеді.

Панельдік отырыстарда цифрлық қаржы, өнеркәсіптік технологиялар, маркетингті дамыту үшін ақылды жүйенің артықшылықтарын қолдану жайы талқыланды. Сонымен қатар, жаңа идеяларға инвесторларды тарту туралы сөз болды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов