• 13-03-2025

Автонесие: Шарт пен мөлшерлеме

Бүгінде автокөлік – көптеген отандасы­мыздың сенімді серігі, қажетті құралына айналды. Алайда жаңа немесе сапалы қол­даныста болған көлікті бірден сатып алу көпшілікке қиын. Осы ретте авто­несие тиімді шешім болуы мүм­кін. Елдегі банктер қандай шарттар ұсы­наты­нын, ең тиімді ұсыныс қайсы екенін қарастырайық.

Бізде екінші деңгейлі 21 банктің 10-ы авто­несие береді. Оның ішінде халыққа кеңінен қолжетімді 7 банк белсенді түрде өз қызметін ұсынып отыр. Автонесиені таңдау кезінде ең маңызды көрсеткіштердің бірі – жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (СЖТМ). Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен ережеге сәйкес, мұндай несиеде максималды СЖТМ 35%-дан аспауға тиіс. Осы шек аясында банктердің ұсыныстарын салыстырып көрейік.

Ең төменгі мөлшерлемені қай банк ұсынады? Әуелі көзге ForteBank түсті. Ол ең төменгі максималды мөлшерлемені ұсынып отыр. 25,3%-ға дейін. Бұл банк арқылы жаңа да, қолданыста болған көлік те сатып алуға болады. Бірақ көліктің шыққан жылы 8 жылдан аспауға тиіс. Одан кейінгі орынға Банк ЦентрКредит пен Freedom Bank жайғасқан. Бұл екі банкте максималды СЖТМ 25,6%-ды құрайды. Бірақ Банк ЦентрКредитте мөлшерлеме тек жаңа көліктерге арналған, ал қолданыста болған автомобильге 32,24%-ға дейін көтеріледі. Сонымен қатар бұл банкте 22,4%-дық СЖТМ-мен Skoda маркалы автокө­ліктерге арналған арнайы ұсыныс бар. Алайда Skoda бізде аса танымал емес. Келесі Halyk Bank – жаңа көлік үшін максималды СЖТМ 28,3%, ал қол­данылған көлік үшін 30,1%. Ал Bereke Bank пен Еуразиялық Банк – бұл екі банк максимал­ды рұқсат етілген 35%-дық СЖТМ көрсетіп отыр. Бірақ олардың автонесиелерді жаңа және қол­даныста болған көліктер үшін де қолжетімді.

Несие сомасы мен мерзімі қандай? Елдегі автонесиелердің ең ұзақ мерзімі – 7 жыл. Қарас­тырылған 7 банктің алтауы дәл осындай мерзімге несие береді. Несиеге қолжетімді ең жоғары сома – 18 млн-нан 50 млн теңгеге дейін. Бұл көрсеткіш банктердің ішкі саясаты мен клиенттің төлем қабілетіне байланысты өзгеруі мүмкін.

2024 жылдың ақпан айының басында Қазақ­станда 5,1 млн жеңіл көлік тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6%-ға көп. Алайда елдегі автопарктің едәуір бөлігі ескі. Мысалы, 1,2 млн көлік – 10 жылдан 20 жылға дейін қолданыста жүрген, 2,2 млн көлік – 20 жылдан астам уақыт пайда­ланылып келе жатыр.