
Қазақстан 2024 жылдың 1 наурызынан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшті. Аталмыш өзгерістер халықтың пікірінсіз, еш таңдау құқығынсыз орын алған еді. Сол себепті қоғамның наразылығын тудырды. Тіпті қарсылық білдірген қауым петиция жариялап, бұрынғы уақытты қайтаруды талап еткен. Бұл шудың нүктесін Мемлекет басшысы өзі қойды. Үкіметке жан-жақты зерттеу жүргізуді тапсырды. Нәтиже шықты.
Caravan.kz медиа порталы зерттеу нәтижесін зерделеп, халық ұтты ма, ұтылды ма зерттеп көрді.
Жаңа уақыт белдеуінің жағымды жақтары болғанымен, кейбір аймақтарда қиындықтар туындады. Уақыт белдеуін біріктіру экономикалық тұрғыдан тиімділікті арттырды. Қаржы және бизнес секторларындағы процестерді оңтайландырды. Банктер, мемлекеттік қызметтер мен ірі компаниялар бірыңғай кесте бойынша жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ көлік және логистика саласы үшін де бұл оң өзгеріс әкелді. Пойыздар мен әуе рейстерінің кестесін реттеу оңай болды. Сонымен қатар, бүкіл ел бойынша бірдей уақыт болғандықтан, мемлекеттік қызметтер мен онлайн-кездесулер ұйымдастыру ыңғайлы бола түсті. Кейбір өңірлерде күннің жарығы арқылы электр энергиясын үнемдеуге дейін пайда әкелгенін айта кеткен жөн.
Алайда, бұл өзгерістің жағымсыз тұстары да жоқ емес. Ел тұрғындары әсіресе кері тұстарын жиі байқап, наразылық акциялары күшейе түскен еді. Мысалы Қазақстанның батыс өңірлерінде, әсіресе Атырау, Ақтау және Орал қалаларында, күннің кеш шығуы мен батуы халықты әбігерге салып қойды. Жұмыс уақыты халықтың биологиялық ырғақтарын бұзды. Әсіресе, оқушылар мен ерте жұмысқа шығатын адамдар үшін бұл үлкен қолайсыздық тудырды. Таң атпай тұрып, қараңғыда жолға шығу олардың денсаулығына кері әсер етті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін уақыт белдеуі табиғи циклге сәйкес келмегендіктен, жұмыс істеу тәртібін өзгерту қажеттілігі туындады. Кейбір тұрғындар кешке дейін жарық болатынын оң қабылдаса, басқалары кешкі уақытта демалу қиындағанын айта бастаған еді.
Уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты халық әлеуметтік желіде шағымдарын жеткізе бастады. Ал 2024 жылдың 22 сәуірінде E-petition.kz платформасында бірыңғай уақыт белдеуін жою туралы петиция жарияланды. Ол 47 күн ішінде 50 мыңнан астам қол жинады. Сауда және интеграция министрлігі бұл мәселені қарастырып, арнайы жұмыс тобын құрды. Алайда петицияны қанағаттандырудан бас тартты. Demoscope қоғамдық пікірдің экспресс-мониторинг бюросының зерттеуі көрсеткендей, қазақстандықтардың жартысы бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы екенін білдірген. Яғни қоғам биліктің бұл шешімін әлі де қабылдай алмай жүр. Халықтың келісімінсіз қабылданған бұл өзгеріс көпшіліктің көңілінен шықпады.
Қазақстанның бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіне байланысты үкімет 2024 жылдың ақпан айында ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, уақытты есептеу мәселелерін зерттеуді бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 1 наурызға дейін уақыт белдеуінің азаматтар мен Қазақстан экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуді тапсырғанеді.
Сондай-ақ Астанада қоғам белсенділері уақыт белдеуін қайта қарау мәселесін талқылаған кезде бірқатар статистикалық деректер айтылған еді. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Алматыны қоса алғанда, алты өңірде 85% респондент уақытты ауыстыру кері әсерін тигізгенін айтқан. Орталық облыстарда бұл көрсеткіш 54%-ға жеткен.
Құқық бұзушылықтардың саны да өскен. Құқықтық статистика сайтының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қазан айында алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда:
•ШҚО мен Жетісу облысында тонау 2,5 есе артқан.
•Жамбыл облысында – 1,8 есе, Алматыда – 1,6 есе көбейген.
•Кейбір өңірлерде бұзақылық көбейген.
•Жол-көлік оқиғаларының саны екі есе артқан.
Шығыс Қазақстанда электр қуатының тұтынуы өскен, ата-аналар қас қарайғанда балаларын алып жүруге уақыттары жетпейді, сондай-ақ көлік шығындары артқан.
Жүргізілген сауалнама нәтижесінде құрылыс, өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы, білім және медицина салалары зардап шеккен. Ал энергетика, көңіл көтеру сынды салалар керісінше ұтқан.
Белсенділердің айтуынша, үкімет бұл шешімді қабылдау кезінде халықтың пікірін сұрауға да талпынбаған. Қаулыны әзірлеу, келісу және дайындау барысында кең қоғамдық тыңдаулар мен ашық талқылаулар өткізілген жоқ.
Мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов дөңгелек үстел барысында депутаттардың басым бөлігі үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы шешімін қолдамайтынын айтты.
«Біз бәріміз жақсы білеміз, бұл халқымызға зиян келтіреді. Сондықтан депутаттар бұл мәселе бойынша жұмыс істеуде, біз сауалдар дайындап жатырмыз. Төрт уақыт белдеуі болмайтын шығар, бірақ заң бойынша екі уақыт белдеуі болуы керек. Біздің экономикамыздың үштен бірі тұрақсыз жағдайда, үкімет осы мәселемен айналысуы керек. Бұл жерде ешқандай экономикалық тиімділік жоқ, бұл – халықтың денсаулығына қатысты мәселе», – деп пікір білдірген Лұқбек Тұмашинов.
Уақыттың ауысуын қабылдай алмаған ШҚО-ның бірқатар аудандарының тұрғындары бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге байланысты жұмыс кестесіне түзету енгізуге мәжбүр болған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, өңірлерде мәслихат депутаттары жұмыс кестелерін түзету жолымен жұмыс уақытын оңтайландыру жөніндегі бастаманы қолдаған екен.
Ол бұл шаралар кәсіби және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті жақсартуға, сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.
«Денсаулық сақтау желісі бойынша әр түрлі жас топтары, сондай-ақ қала және ауыл тұрғындары қамтылды. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді және бүкіл еліміз бойынша электр энергиясын тұтынуға салыстыру жүргізілді. Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу және сабаққа келмеу жағдайлары, жарақаттар саны және тәртіп бұзушылықтар қамтылды. Нәтижелер халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің теріс әсерінің жоқтығын көрсетеді», — деп түсіндірді Арман Шаққалиев.
Үкіметтің жауабы
Ақыры үкімет зерттеу жүргізіп, 100 мыңнан астам адамның күнделікті тұрмысын бақылап көруге шешім қабылдаған еді. Кешеі үкімет отырысында соның нәтижесі белгілі болды. Жауапты министрлік біріңғай уақыт белдеуін қолданудың экономикалық тұрғыда зияны жоқ екенін, халықтың денсаулығына залал тигізбегенін мәлімдеді.
Кешенді мониторинг сараптамалық қоғамдастықты, медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен мүдделі тұлғаларды тарта отырып жүргізіліпті.
Талдау нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі көрсеткіштеріне теріс әсер етпейтінін көрсетті. Денсаулыққа, энергияны тұтынуға, еңбек тиімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, ЖКО деңгейіне және қылмысқа әсерін қоса алғанда, 40-тан астам метрика мен көрсеткіштер зерттелді. Кешенді тәсілде деректерді талдау, сауалнамалар мен уақыт ауысуына дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыру қамтылды.
Сонымен қатар министр Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында (Қатонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самар, Күршім) мәслихат депутаттары жұмыс кестесін түзету жөніндегі бастаманы қолдағанын хабарлады. Қазір ол 8:00-ден 17: 30-ға дейін түзетіліп, тұрғындар тарапынан оң бағасын алды.
Мониторинг нәтижелері биылғы наурыз айының басында Мәжілістегі партия фракциясына ұсынылғаны атап өтілді.
«Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке аталған мәселені егжей-тегжейлі қарап, бірлесіп оңтайлы шешім қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Министрдің баяндамасында айтылғандай мониторинг бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері жоқ екенін көрсетті», — деп атап өткен Премьер-министр Олжас Бектенов Парламент Мәжілісімен бірлесіп тиісті жұмысты ұйымдастыруды тапсырды.
Осы зерттеуге бөлінген қаражат та біраз шу болды. Түбіне үңіліп қарасаңыз, үкіметтің амалсыз осындай қадамға барғанын түсінуге болады. Өйткені уақыт белдеуін ауыстыруға қарсылар алқымнан алып барады. Дүрмекке ілескендер де аз емес. Ақыры пәленбай қаражат дәлелдеуді қажет етпейтін, бірақ амалсыз істелген тірлікке жұмсалды. Осыдан кейін қарсы топтың әрекетін халықтың қамын ойлау деп қалай айтасыз.
Айтпақшы, еліміздің шығыс бөлігіндегі бірнеше аудан бұрынғы уақыт белдеуінде жатқанын, яғни табиғи уақыты UTC+6 екенін айта кеткен ләзім. Соған байланысты Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданда жұмыс уақытын таңғы сегізде бастау туралы шешім қабылданыпты. Министрлік егер осы бастама сәтті болып жатса, еліміздің басқа өңірлерінде де қолдануға болатынын айтып отыр.
Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, адаптацияны қабылдайтын уақыт келді.
«Кей азаматтар Алматы мен Стамбулдың кешін салыстырғанын байқадым. Алматы мен Сттамбұл шамамен бір белдеуде жатыр. Тек түрік қаласы экваторға жақындау орналасқан. Және Стамбул бұрынғы Қазақстан секілді дұрыс емес уақыт белдеуін қолданады. Яғни, табиғи уақыт белдеуі арқылы қарасаңыз, Алматы мен Ыстамбұлдағы күннің шығуы, батуы, ұзақтығы арасында аса айырмашылық жоқ. Байқағаным, біріңғай уақыт белдеуіне қарсылардың аргументі негізінен осындай қолдан жасалған, бұрмаланған деректерден құралған. Солар шулап-шулап, халықтың денсаулығына, күнделікті өміріне зиян деген еді. Алайда министрлік бұны жоққа шығарды. Енді уақытты созбай өзгерісті қабылдайтын кез туды», — деп пікір білдірді ол.