
Кеңес билігінің «бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген ұстанымы миллиондаған тұтқынның тағдырын тас-талқан етті. Содан да болар , Екінші дүниежүзілік соғыста сарбаздар ақтық демі біткенше жаумен жағаласып өлуге мәжбүр еді.
«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің 1944 жылдың 14 қараша күнгі №226 санында «Қазақстандық дивизия жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруда» деген мақала жарияланыпты. Онда жау қоршауында қалып, арыстандай арпалысып, ерлік көрсеткен қазақ жауынгері Тоқтыбаев туралы әңгімеленеді.
«Қазақ халқының адал ұлы, батыр коммунист, пулеметші Тоқтыбаев жаумен ерлікпен шайқасты. Ол жауға қарсы екі күн ұдайымен ұрыс салды. Оның серігі үшінші күні жараланып қалды. Жалғыз қалған Тоқтыбаевты жау пулеметшілері тірідей қолға түсірмек болып әрекеттенді. Советтің батыр жауынгері басқыншыларға қарсы аянбай ұрысып, оқты бората берді. Немістер оған «орыс, қолға түс!» деп айғайлап айнала қоршап алды. Дәл осы кезде батыр пулеметшіге көмекке келген совет автоматшылары немістерге оқты жаудырып қоя берді.
Әне-міне дегенше қолма-қол ұрыс басталды. Тоқтыбаев өзінің қол пулеметінің құндағымен ұрып бірнеше немістің көзін жойды. Қажырлы ұрыстың нәтижесінде ержүрек совет жауынгері Тоқтыбаев пен оның серіктері жауды жеңіп шықты. Тоқтыбаев осындай тамаша ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алуға ұсынылды».
Екі-үш күн бойы жаумен жалғыз алысқан арыстан жүректі ұлға қапелімде көмек келмесе, жаудың қолына түсері анық еді. Жау қолына түссе, сөзсіз «сатқын» саналып, бүкіл ерлігі құмға сіңген судай жоқ болар еді. Тіпті елде қалған ағайыны да «сатқынның туысы» саналып көз түрткі болар еді.
Осыдан 81 жыл бұрын газетке жарияланған мақаланы оқып отырып, атақ пен сатқындықтың арасы бір-ақ тұтам екенін терең түйсініп, қолма-қол ұрыста жау әскерін пулеметінің құндағымен ұрып сұлатқан батыр Тоқтыбаевтың бағы бар екенін байқайсыз.