
Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві «Қазақ дала мәдениетіндегі әйелдердің мәртебесі» атты дөңгелек үстел мәслихатын өткізді.
«Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві мамандары тарапынан 2022–2024 жылдары шетел архивтерінен – 73 кино, 41 – фоно, 944 бірлік фотоқұжат әкелінген. Құжаттардың дені Мәскеу маңындағы Краснодар архиві, Армения, Беларусь, Моңғолиядан жеткен. Германияның Гамбург қаласындағы кітапханада сақталған фотограф С.Дудиннің «Семей экспедициясына» қатысты суреттері көрменің мазмұнын аша түсті.
Фотоқұжаттар сол кезеңдегі қазақ даласындағы тұрмыс-тіршілікті, әйелдер өмірінен мол мағлұмат береді. Директор Ілияс Ысқақовтың айтуынша, фотоматериалдар архив қорын толықтырып қана қоймай, жаңа зерттеулерге жол ашады. «XIX–ХХ ғасырлардағы құжаттарға сүйене отырып, қазақ қоғамында, әйелдердің алатын орны ерекше екенін және де ата-бабаларымыз қыз балаға құрметпен қарағанын көрмедегі әрбір фотоқұжат айғақтайды. Қазақ әйелдері бала тәрбиесімен қатар шаруашылыққа да ие болған. Әр суреттің мазмұнына қарап, әйелдің қазақ тұрмысындағы жауапкершілігі жоғары болғанын көреміз. Олар ерлермен тең атқа қонып, көшпелі өмірдің сын-сағатында мойымай, ерлікпен пара-пар іс атқарған», дейді Ілияс Башарұлы. Атап өткендей, архив мамандары шетел архивтерімен жұмысты жалғастыра отырып, ел тарихына қатысты қорлармен айналысып жатыр. Соңғы уақыттың өзінде Германия, Моңғолия елдерінің әрқайсысынан 100 шақты материал әкелінген.
«Архив құжаттарынсыз гу- манитарлық немесе жаратылыстану-ғылыми білімді тарихи тұрғыдан шынайы бағалай алмаймыз. Аудиовизуалды мұрамызды сақтау арқылы ғана ата-бабаларымыздан қалған мұраны, мәдени кодымызды сақтаймыз. Қазақтың мәдени коды ұлттың генотүрін анықтайтын құрылым іспетті әрі рухани мұра, салт-дәстүр, тіл, отбасы, шаруашылық жүйесі сияқты маңызды тармақтардан тұрады. Көшпелілер өркениетінің табиғатты пайдалануда мыңжылдық тарихы бар. Көшпелі халықтар әлемі «terra incognita» болып табылады» дейді архив директорының орынбасары Сәуле Сатаева. Сондықтан Ұлы далада болған ежелгі өркениеттерден қалған бай мұраны қастерлеу, архив құжаттары арқылы ғылыми мәнін ашып, зерттеушілерді, ғалымдарды, педагогтер мен киноқұжатшыларды жақындастыра отырып, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерделеуге және дәріптеуге бірлесе кіріскеніміз абзал.
Көрмеге қойылған фотоқұжаттардың дені ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ақтөбе облысы Темір уезі, Павлодар облысы, Семей, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі әйелдердің тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Фотоқұжаттар қазақ әйелінің қашанда бет-жүзі жарқын, ажары ашық жүргенін, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне сай орамал салу, тақия, бөрік кию, әшекей тағу дәстүрі қалыптасқанын, киім киісі, жүріс-тұрысы мен тұрмыстық, салттық бұйымдарды қолданудың әдебі мен ережесін сақтау арқылы көшпелі тұрмыстың өркениеттік қалпын сақтап отырғанын айғақтайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Лейла Ахметова атап өткендей, қазақ әйелдерінің тұрмыстағы бет-бейнесі көбіне тарих тасасында қалып келді. Ұлт басынан өткен нәубет жылдарда ер адамдардың жүгін тең көтерген әйелдер бала өсіріп, отбасындағы ауыр тағдырды мойнымен көтере білді. Ендігі кезекте мұндай көрмелерді еліміздің барлық өңірінде өткізуді дәстүрге айналдырған абзал. «Көрмеге қойылған әрбір фотоқұжаттан бір әйел ғана емес, тұтас ұлттың сол кезеңде бастан кешкен тағдыр-талайына қанықтық. Ел басына төнген нәубет жылдары қазақ әйелінің ұлтты сақтап қалған ерлік істерін әрқашан дәріптеп отыруға тиіспіз», дейді тарихшы.
Іс-шара аясында 1927 жылғы «Советский Казахстан» киножурналы көрсетілді. Фильмге сол замандағы қазақ әйелдерінің келбеті мен ұжымдастыру кезеңіндегі тұрмыс-тіршілігі, қазақ ауылындағы социалистік қайта құру арқау болған. Дөңгелек үстелге қатысқан Ақмарал Ысқақ, Гүлнар Елеуқұлова, Евгения Өтешева, Гауhар Бисенғалиева, Динара Асанова, Джулия Ғани, Назым Адамбай сынды белгілі ғалымдар, кинематографистер, суретшілер, музей мамандары көрме, фильм туралы пікірлерін білдіріп, өз еңбектеріне арқау әйел тағдыры, болмысына қатысты зерттеулерімен бөлісті.
АЛМАТЫ