• 13-03-2025

Сыртқы істер министрі дипломатиялық корпусқа ауызашар берді

Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдеріне ауызашар берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесуді аша отырып, сыртқы саяси ведомствосының басшысы ой толғауды, бірлікті және игі істерді бейнелейтін қасиетті Рамазан айының рухани маңыздылығын атап өтті.

«Рамазан – ораза айы ғана емес, рухани құндылықтарды нығайту, өзара сыйластық пен ынтымақтастық уақыты. Қазақстан әрқашан бейбітшілікті, тату көршілікті және халықаралық ынтымақтастықты жақтап келеді және бұл қағидаттар өзгермейді», деп мәлімдеді министр өз сөзінде.

М.Нұртілеу жаһандық сын-қатерлерге қарамастан еліміз бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдауға бағытталған сындарлы сыртқы саясатты жүргізуді жалғастырып жатқанын жеткізді. Ол 2024 жылғы еліміздің мұсылман елдермен ынтымақтастығын қорытындылап, 2025 жылға арналған өзара іс-қимылдың басым бағыттарын белгіледі.

Соңғы жылдары Қазақстан сауда-экономикалық серіктестікті, көлік логистикасын және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыта отырып, мұсылман әлемімен байланыстарды айтарлықтай нығайтқаны аталып өтті. Бұл күш-жігер барлық тараптар үшін жаңа перспективалар ашып, елеулі нәтиже беріп келеді.

СІМ басшысы екіжақты және көпжақты байланыстарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін дипломатиялық корпусқа алғысын білдіріп, Қазақстанның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасына қолдау білдіргеніне ерекше назар аударды.

Шетелдік дипломаттар жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Қазақстанмен серіктестікті одан әрі нығайтуға ынталы екендерін жеткізді.