• 13-03-2025

Мектептерде буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама енгізіледі

Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық мектептері мен колледждерінде «ДОСБОЛLiKe» антибуллингтік бағдарламасы оқытылады, деп хабарлайды 24KZ. Жоба балалардың әлеуметтік-эмоционалдық жағдайын бақылап , оқушылардың өзара қарым-қатынасын түзеуге бағытталған. Пилоттық жоба қазірдің өзінде оң нәтиже бере бастады.

«ДОСБОЛLiKe» пилоттық жобасы 9 өңірде сынақтан өтіп жатыр. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог қатысып отыр. Бағдарлама енгізілген өңірлерде барлық қатысушыларға оқыту курстары өтеді. Олар буллингтің алдын алу, қақтығыс жағдайларының себептері мен факторларын анықтау, сондай-ақ оларды шешу жолдарын түсіндіруге бағытталған.

Жадыра Көпен, №71 мектеп-лицейінің психологы:

- «ДОСБОЛLiKe» бағдарламасы 2024 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап келе жатыр. Оқушылар бір-бірімен шығармашылық топтар құру арқылы, әртүрлі шығармашылық топ болуы мүмкін, театр болуы мүмкін не болмаса сұхбаттасу арқылы бір бірімен қарым-қатынасты нығайту, бір-бірін тыңдай білу, осы арқылы қоғамдық ортада өзін таба білуге күш салады.

Психологтың айтуынша, балалар қоғамдық ортада өзінің әлеуметтік мәртебесін көтеру. өзін лидер болып көрсету мақсатында буллингке баруы мүмкін. Ал оқушылар бұған қатысты не дейді?

Сауалнама:

- Қазіргі таңда мен нақты айта алмаймын буллинг болып жатқанын. Бірақ жасыра да алмаймын, біздің мектепте де буллингтер болады. Мысалы, «ақша бер» дегендей, кішкентай балалардың тамағын жеп кету, кішкентай балалардың боқтап кетуі үлкендерді. Үлкендердің кішкентайларды сыйламауы. Оның өзін де мен буллингке деп ойлаймын. Буллинг не үшін шығады? Ол адамның өз ойын айта алмағандықтан, өзі істей алмаған затты басқа адамға істетуі.

Нұрсұлтан Жетпіс, оқушы:

- Егер әлің жетіп жатса, буллингке қарсы өзің қорықпау керексің немесе сынып жетекшіңе немесе ата-ана арқылы полиция қызметкерлері арқылы проблеманы шешуге болады. Өйткені буллингке ұшыраған бала психикалық сынған деуге болады. Өз ойын білдіре алмайды. Мектепте жүргеннің өзінде де әркімнен қорқып.

Сәуле Мақсұтбек, оқушы:

- Көбінесе буллинг бізде үндемейтін тұйық балаларға жасалады. Буллингті бастаушы – ол өте шулы немесе ішінде ашылмай қалған бала. «Проблемный» балалар болады. Үндемейтін балаларға тиісетін себебі олар өз-өзіне тұрып бере алмайды, өз ойын дұрыс жеткізе алмайды, сондықтан тұйық балаларға тиіседі деп ойлаймын. Ең бірінші ата-анаға айтылса, ол мәселе мектептің ішінде көтеріліп, буллингтің алдын алуға болады деп ойлаймын.

Әлеуметтік желілерге қол жетуізуге 13 жастан асқан балаларға ғана рұқсат етілетініне қарамастан бүгінде 10 жасқа дейінгі балалардың 60%-інде және 11-12 жастағы балалардың 66%-інде өздерінің жеке аккаунттары бар екені анықталды. «Kazakhstan Kids Online» Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірін зерттеу нәтижесі осындай.

Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Тағы бір өзекті мәселе – балаларды цифрлық кеңістікте қорғау. Бұл бағытта балалар SIM-картасын енгізу ұсынылды. Ол мобильді байланысқа арналған тариф. Оның артықшылығы, ата-ана бақылауын күшейтеді әрі қауіпсіздікті арттырады. Бұл SIM-картаға балаларға келмейтін контенттен қорғайтын фильтр орнатылған. Әрі баланың қайда жүрігенін геолокация арқылы көруге мүмкіндік болады. Бұл халықаралық тәжірибеде бар.

Былтыр психологиялық көмек орталығына балалар мен ата-аналарды қоса алғанда 250 мың адам жүгінген. Ал 111 бірыңғай байланыс орталығына 17 мың бала қоңырау шалған. Бұдан бөлек, оқушылар QR-код арқылы анонимді түрде қолдау ала алады. Бұл жүйе арқылы балалар 25 мың хабарлама жазған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Өрден Жарқын