• 14-03-2025

Ешқашан ескірмейтін шығарма

Көп ішінде жүріп, жалқының күйін кешкеннен асқан қасірет бар ма? Төңірегің түгел болса да, өз ішіңде жанған әлдебір алау жүрегіңе жүк артып қойғандай беймәлім сезім тұла бойыңдағы тыныштық күзетшісінің мазасын қашырып тұрғандай жаның жабырқайды. Құлазыған көңілдің пернесін әлдебір әуен қалыпқа келтіретіндей көрінеді. Жан тыныштығын әдемі әннен іздейтініміз де содан болса керек.

Қара өлеңнің киесін де, қисынға келер жүйесін де мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың жырларынан тапқанда, бойға шуақ, жанға қуат дарығандай болады. Әйтеуір жаныңды бір беймәлім сезім билеп алатыны бар. Ақиық ақынның өлеңіне жазылған ән аз емес. Әрине, ойлы мәтінге жазылған секіртпе әуендер де жетіп артылады. Мұндайда өзегіңді өкініш семсері тілгілеп, кәдімгідей шамданасың. Расында сөзіне сазы сай келмейтін ондай шығармалар жаныңды күйзелтсе, «Каспий» тобының шырқауында жүрек төрінен орын алған «Жарығым-ай» сынды ғаламат туындылар ойды онға бөлетіні анық.

«Жарығым-ай,

Тұман торлап жүзіңді қалды ма-ай.

Деуші еді ғой жалғыздың жары Құдай,

Неге таси береді қаным ұдай?!»

деп басталатын өлеңнің алғашқы шумағының өзі адам жанын астаң-кестең күйге түсіретіні, толғандыратыны, тебірентетіні даусыз. Бірдің мұңы – кейде мыңның драмасы. Өйткені кісі баласының көңіліндегі атмосфера күн райы секілді мың рет құбылады емес пе?

Есті шығарманың түп-төркінінде ақынның жан азасы жататыны ақиқат. Ондағы мұң сенің де жаныңды жабырқатпай, күйзелтпей қой­майды. Ақынның ішкі жанайқайындай сезілетін шығарманың әуенмен сәйкес шығуы алабұртқан көңіл мен сан тарапты шарлаған сананы сілкіп-сілкіп тастайтыны бекер болмаса керек.

Сөз бен саздағы үйлесім кісі баласының ішкі әлеміндегі алай-дүлейді сыртқа шығаратын ария ма деп те ойлайтынымыз бар. Мыңнан жалғыз қалғандағы бүкіл эмоцияңды осы ән арқылы шығарғандай күй кешіп, біртүрлі жеңілдейтін сияқтысың. Аспанда ұшқан құстай, бойыңды бір еркіндік жайлап алады. Поэзия тіліндегі адам мұңын сезінген композитор ғана дәл осындай ән жаза алса керек. Қалай десек те, бұл туынды ешқашан ескірмейтін ән екені даусыз.

«Жалт етеді бір үміт тайып беріп,

Жалынамын жанымды жайып көріп.

Қаным сыймай барады арнасына,

Қосылғандай Ілеге Жайық келіп»,

деп жалғасатын әннің келесі шумағы да адам баласын тұңғиық ойға батыратыны, өз тереңіне барынша жетелей түсетіні анық. Расында да жылт еткен үміт шоғы кейде жазда жауған қар секілді лезде еріп кететіні бар. Мұндайда көз ұшында жар­қыраған әлдебір жарық сәуленің ғайып болғанын көргеннен асқан қасірет жоқ па деп топшылайсың.

Ақиқатында жалғыздың жары Құдай деген пәлсапаға бәріміз сенеміз. Адам жанына батқан кез келген трагедия өз ішінде ғана лаулай түседі. Өн бойыңды аяздай қарыған түрлі ойдың салмағын әлдекімдер жеңілдете алмақ емес. Оған иланудың өзі қиын шығар. Мұндайда алпыс екі тамырда тулаған қан расында да арнасына сыймайтындай, тасып тұратындай көрінетіні анық қой. Ал әндегі «Қаным сыймай барады арнасына, қосылғандай Ілеге Жайық келіп» деген тармақтар кісі ішіндегі ерсілі-қарсылы ойлардың қақтығысын сөзбен салынған сурет секілді көрсетіп тұрғанына ешкім таласа алмайды. Шеберлік дегеніміз де осы ғой.

«Қорқып тұрам орнымнан, қорқып жатып,

Толқын кетіп барады, толқынды атып.

Бәрі келіп тоғысып,

Жүрегімнің,

Жағалауын тебеді солқылдатып»,

деген шумақ та адам баласын толғандырмай қоймайтыны сөзсіз. Кеудеміздегі жұды­рықтай ет әркімнің көрсеткен сесінен қай­мықпаса да, сан тараулы тағдырдың тосын сыйынан қаймығатыны рас. Адам жүрегін түрлі ой ара-тұра соққының астына алатыны да шындық.

Жағалауда жалғыз қалғандай ой мен сезім бәріміздің санамызды шарлайтын сәт жоқ емес. Расында да ойлы адамға жалғанның қызығының мәні жоқ. Түгел тіршіліктің түпкі мәні – жан тыныштығы. Көз ұшындағы жарықтың жоғалмауы үшін бәріміз жанталасамыз. Мұндайда тағы да «Жалғыздың жары Құдай» деген ақын сөзіне иланамыз. Олай етпеске шара жоқ.

Қалай десек те, ақын жүрегіндегі сәуледен жаралған «Жарығым-ай» өлеңі поэзия ретінде де, ән тұрғысынан да кісі жүрегінің емшісі. Есті шығарма ешқашан ескірмейді. Ретроға айналса да, ойлы тыңдарманмен бірге жасайды. Оған ешкімнің таласы жоқ. Көңіл сәулесі де, көз ұшындағы жарық та ешқашан сөнбеуі үшін жазылған өлең қазағымен мың жасайтынына ешқандай күмән жоқ.